ОҚЫРМАН ХАТТАРЫ

64

0

КІТАП КӨП ОҚЫЛМАЙДЫ, НЕГЕ?
Мұғалім, оның үстіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы болғасын  балалардың ана тіліне, ұлт әдебиетіне деген  көзқарасына назар аударасың. Бүгінгі  мектеп оқушысына өкпе жоқ. Заманына қарай адамы дегендейін, заманауи техникаларды тез меңгереді, қайда не бар, тауып алады. Алғырлығына кінә таға алмайсың, алайда әдеби кітап оқу турасына  келгенде шәкірттермен арада реніш туындайды. 
Бұдан 15-20 жыл бұрынғы мектеп оқушысы мен бүгінгі шәкіртті салыстыра алмайсыз. Ол кездегі мектеп оқушылары үшін мұғалімнің айтқаны заң болатын. Мұғалім мен оқулыққа ғана бағынатын шәкірттер кітап оқуды, ол туралы қызу пікірталас ұйымдастыруды әдетке айналдырған-ды. Үш айлық жазғы каникулдан оралған сыныптастар өздерінің оқыған кітаптары, ондағы кейіпкерлер мен оқиғалар төңірегінде әңгіме өрбітіп, айтысып жататын. Ол да бір өзіндік қызық кез еді. Белгілі бір оқиғаға құрылған көркем шығарма желісі оқырманын өзіне тартып, оны қиял әлеміне жетелейтін.  Ондағы сан түрлі кейіпкерлер өзінің табиғи болмысымен, қимыл-әрекетімен есте қалып, оқушысына әрқалай әсер беретін. Сол заман оқырманы болған мектеп оқушыларының сөздік қоры мол, айтар ойы тұжырымды болатын. 
Қазіргі заман оқушылары төрт томдық «Абай жолын» бастан аяқ толық оқығаннан қысқаша мазмұнын білгенді қалайды. Яғни, кітапты  оқып отыруға шыдамдары жетпейді. Содан барып, қазақтың сан түрлі астарлы сөзінің, тамаша теңеуінің, көркем әдебиеті мен көне сөздерінің мағынасын  терең ұғына алмайды. Сөздік қоры да жұтаң, сөйлеу мәнері де ұлттық болмыстан алшақ жатады. Менің ойымша, балаларды кітап оқуға қызықтыра білуіміз керек. Оған тек мектептің ісі деп қарамай, әр отбасы өз балаларын көркем әдебиетті оқуға жастайынан  бейімдей білсе, нұр үстіне нұр болар еді.  
Гауһар ӘЛИ,
№11 мектеп мұғалімі.
Тасбөгет кенті.
***
ІЗДЕНІС ІЗГІЛІКТІ ІСТЕРГЕ БАСТАЙДЫ
Облыстық «Жас ұлан» ұйымының мүшелері мен тәлімгерлері Аналар мерекесі қарсаңында  аға буын өкілдерімен кездесіп, олардың  мәңгілік ел ұландары туралы пікірлерін тыңдады. Кездесуге келген екі ғасыр куәгері болған ұлағатты ұстаздар, «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық қорының  ардагерлері  Алмагүл Божанова, Гүлбарам Сәткеева мен Райхан Садықова  өз кездеріндегі балалар мен бүгінгі жас буын өкілдерін салыстыра отырып, қызықты әңгіме өрбітті. Мәселен, кешегі кеңестік кезең оқушылары мұғалім мен кітапқа ғана бағынатын, адал, ізденімпаз, ар-ұятты жоғары қоятын, жанашыр  болса, қазіргі мектеп оқушысы заманауи техника тілін жетік меңгерген, ата-анаға өз дегенін орындататын бала десе болады. Тұрақты ізденістің  үлкен ізгілікті істерге  бастайтынын жас ұрпақтың жүрегіне жеткізе біліп, оларға сапалы білімнің болашақты жарық ететін шырақ екенін түсіндіре білу қажеттігі туындайды. Сонымен қатар, олардың бойына отбасы құндылықтарын сіңіре білу де керек. 
Мәңгілік ел ұландары туралы ой бөліскен екі ұрпақ өкілдері ұрпақтар сабақтастығының жарасымды жалғасатынына сенім білдірді.
Гүлайым АҚМЫРЗАЕВА,
«Жас ұлан» ұйымының мүшесі.
***
ҚАЙЫРЫМДЫ  ЖАНДАРДЫҢ  КӨМЕГІ  КЕРЕК
Бала – адамның бауыр еті. Оның әрбір ісі, қылығы, тәй-тәй басқаны, уілдегені, сөйлегені – бір қуаныш. Баласының табанына кірген шөңгенің өз маңдайына қадалуын тілейтін қазаққа ұрпағының кембағал болуы қайғы-шер әкеледі. Аурудан айығудың жолдарын іздейді, балапаны үшін отқа да, суға да түсуге бар. Сондай жандардың бірі – тумысынан денесін ұстай алмайтын Бақнұр. Оған күрделі ем-дом жасау керек. Ол үшін көмек қажет! Денесін игере алмайтын балғын өз бетінше тамақ та іше алмайды. Отандық дәрігерлердің айтуынша, «балалар церебральді параличімен» (ДЦП) ауыратын бүлдіршінді аяғынан тұрғызу тек Санкт-Петербор дәрігерлерінің қолынан келеді екен. Қаршадай Бақнұрға емді барынша тез жасау керек, бірақ оған қомақты қаражат қажет. Осы орайда, балақанның ата-анасы мейірімді жандардан көмек сұрайды. Қол ұшын созғысы келетіндер төменде көрсетілген телефонға хабарласа алады:
+7 701 865 84 80; +7 705 729 69 48.
Жеке шоты: KZ696010002005376599 Халық банкі
Нұржауова Назира Кемелбайқызы.
***
ЖЕРЛЕУ  РӘСІМІНДЕГІ  ҚИЫНДЫҚ
Өмір бар жерде өлім бар. Адам бақилық болғанда оны ақ жауып, арулап Жер-ананың қойнына беру – артында қалған  жанашырларының парызы. Бұрын кейде екі-үш, кейде үш-төрт ру сүйектес болып, қайтыс болған өз адамдарын өздері жуындыратын, не болмаса құда-жекжаттар сауап үшін сүйекке енетін. Қазір о дүниелік болған марқұмды, яғни мәйітті жуындыру үшін сүйекке кіретін  адамды табудың өзі бір түлік жұмыс болды. Оның себебі де әртүрлі. Үлкен кісілер азайды, барының өзі науқас, ал жастар сүйекке енуден ат-тондарын ала қашады. Сауап іздейтіндер саны да күрт кеміді. Соның нәтижесінде қазалы қауым мәйітті жууға адам іздеп, сабылатын болды. 
Осы орайда ҚМДБ-ның бұрынғы бас мүфтиі Ратбек қажы Нысанбайұлының «Исламдық жерлеу рәсімі» деген кітапшасында айтылғанындай, міндетті түрде  сүйекке кіретін 4 адам орнына егер  мәйіт иесі жас, не салмағы аз болып, екі адам жуа алатындай болса, онда оған көп адамның қажеті қанша? Сосын  мешіттерде  мәйітхана ашылып, ақылы түрде мәйіттерді жуып, кебіндеуді ұйымдастырса болмас па еді. Тағы бір айтарымыз, баласы әкесін, қызы шешесін, не қарама қарсы, болмаса бірге туған бауырларының жууына мүмкіндік беруге бола ма? Ақыры жанашырлары солар ғой. Әйтпесе, болашақта жағдай мүлде қиындағалы тұр.
К.ЖАЛБЫРОВ,
А.ЖАРМАХАНОВ,
қала тұрғындары.
***
ӘБДІҚАЙ КӨРІПКЕЛ
Телікөл өңіріндегі  Қарамола деген аймақта 1895 жылы өмірге келген Әбдіқайдың көріпкелдігі 7 жасынан басталыпты. Балалармен бірге асық ойнап жүріп, жанындағылардың не ұрлағанын, не бүлдіргенін біле қояды екен. Сезіктінің қасына барып, бет жүзіне қарап тұрып, кімнің үйінен не ұрлағанын бірден айтатын көрінеді. Бір жылдары  Сәрсенбай деген кісінің ту биесі ұрланады. Мал иесі Әбдіқайға қайта-қайта келіп, биесін тауып беруді өтінеді. Сонда Әбдіқай:
– Сен келуді қоймадың ғой, ағайыным болса да барайын,– деп мал иесін жақын ағасының үйіне ертіп барыпты. Сөзге келмеген үй иесі ұрлығын мойындап, кешірім сұрайды, мал орнына мал береді. 
Әбдіқай 16 жасынан бастап Қарсақбайдағы мыс қорыту зауытында еңбек етеді. Көріпкелдігі бүкіл атырапқа тарайды. Сол жылдары бір ірі банктен көлемді қаржы қолды болады,    Аманкелді батыр Әбдіқайдың қасына қарулы бес жігітті сайлап беріп, Атбасарға, сол қаржыны табуға жұмсайды.  Арада бір шама уақыт өтсе де, сезікті ұстала қоймайды. Бір күні Әбдіқай базар шетінде топталып тұрған бір топ бөтен түсті адамдарды нұсқап, «жоғымыз осыларда» дейді. Қарулы жандардың сұсынан сескенді ме, олар ақшаны көмген жерін көрсетіп, бәрін түгел қайтарады. Олардың қасында жүрген татар қызы әңгіменің тарап кетпеуі әрі өздерінің айыбы үшін Әбдіқайдың қолына өзінің гауһар тасты қымбат жүзігін салып, мал сойып, қонақ етеді. 
Шамамен 1918 жыл болуы керек, Байқоңырдағы өкіметтің дүкені ұрланып, көп дүние қолды болады. Ешқандай сезікті байқалмайды. Содан Аманкелді батыр Әбдіқайға келеді. Ол ұрылардың үшеу екенін, бірі орыс, бірі қыпшақ, бірі найман екенін және батырға жақын екенін айтады. Аманкелді Әбдіқайдың қасына қарулы үш адам қосып береді. Олар батырдың туған ағасының үйіне келеді. Сасқалақтаған Бектепберген еден астына жасырған түрлі тауарларды, азық-түлікті сыртқа шығарады. Ел-жұрт оны бір түнде Торғайға көшіріп жібереді.
Әбдіқай көріпкел жұрттың бергенін өздеріне қайтарған. Оның атақ-даңқын естігендер арнайы іздеп келіп, өздерінің мұң-мұқтажын айтып, жоғын тауып отырған.
Мырзабек ЖӨНБАЙ,
сауда саласының ардагері.
Маханбетов ауылы.  
***
АТА-АНАҒА ҚҰРМЕТ
«Қармақшы жастары» қоғамдық бірлестігінің  ұйымдастыруымен  осы тақырыпта кездесу кеші болып өтті. Онда діни экстремизм  көріністерінің алдын алу, жұртшылықтың  діни сауаттылығын арттыру, мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды  жетілдіру мәселелері төңірегінде әңгіме өрбіді. Алғаш болып сөз алған аудан орталығындағы «Марал ишан» мешітінің найб имамы Жалғасбек Ысқақов  жастарды жат әдеттерден сақтандырып, иманды, қайырымды, кешірімді болуға шақырды. Аудан жастарының арасында арагідік болса да кездесіп қалатын топтық жанжал, ішімдік салдарынан болатын төбелес, тіпті адам өліміне апаратын оқиға мұсылманға жат екенін жеткізді. Кездесуде сөз алған  «Жастарды қолдау орталығының» аудандық бөлімінің аға кеңесшісі Ә.Татишев, аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы Ғ.Нысанбаев, «Жас Отан»  аудандық филиалының атқарушы хатшысы А.Қозыбақов және аудандық «Қармақшы таңы» газетінің тілшісі Т.Бекмұрзаев ата-ананы құрметтеу барша адам баласының  міндеті саналатынына, өзгелерді құрметтеу өз әке-шешесін сыйлаудан басталатынына тоқталды. 
Еліміздегі ұлтаралық және дінаралық татулықтың ғұмыры мәңгілік болуы үшін  кең-байтақ республика көлемін мекен ететін сан түрлі ұлт өкілдерінің татулығына сызат түспеуі тиіс.  Алдағы уақытта да жастар арасында осындай басқосулар жиірек өтіп тұрса, бұның оларға беретін тәлімі жоғары болар еді.  
Г.МАХАНОВА, 
қоғамдық бірлестік төрайымы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз