Қожабектің домбырасы

45

0

Қосүйеңкілік қолөнер шебері  Қожабек Әбсадықұлы аймаққа өзінің домбыра жасау шеберлігімен танылған. Ол жасаған саз аспабы әуезділігімен қатар, көркем де ыңғайлы. Жаңақорғаннан шыққан көптеген өнерпаздар осы Қожабек жасаған домбыраларды арқалап жүріп талай биіктерді бағындырды. Соның бірі арқалы айтыс ақыны Әбілқайыр Сыздықов. Жерлесіміз осы домбырамен азуынан маржан төгілген небір ақындарды сөзбен тізгіндеп, өзін мойындатқан талант иесі.  
Қожабек қол өнерін ер шабудан бастаса, бертін келе домбыра, жетіген, қобыз, дауылпаз, сыбызғы, шертер, шың аспаптарын жасауға машықтанды. Ол үшін аспаптың ерекшелігіне сай жергілікті жердегі қара ағаш, өрік, алмұрт ағаштарын және де сырттан әкеліп, жаңғақ, қарағайларды да пайдаланады. Оның шағын шеберханасынан халықтың құлақ құрышын қандырған қаншама музыкалық аспабы жолдама алса, әлі де тапсырыс берушілер қатары сирер емес. Шебердің бір арманы, материалдарды сан түрлі қалыпта өңдейтін, мінсіз жонып шығаратын арнайы құрылғыларға қол жеткізу. Алайда, «үйдегі бағаны, базардағы нарық бұзады» демекші қомақты қаржы ауыл шеберінің қиялына ғана қонақтайды. «Осы тұрғыда, ұлттық аспаптар жасау өнерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу үшін, мемлекет тарапынан белгілі деңгейде қолдаулар болса, жастарды дәстүрлі ата кәсіпке баулыр едім» – дейді ол.  
Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Жаңақорған ауданы. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз