Озық қай заманда да озық

43

0

Озық қай заманда да озықКеңестік тәрбие бойына сіңіп қалған бүгінгі аға ұрпақ қанша тосырқаса да, нарықтық  қатынас заңдылықтары өмірге дендеп енді. Солай бола береді де. Капитализм дегенің осы екен. Сондықтан бұрындары ерсілеу көрінетін ақша, дүние-мүлік туралы қазір қысылмай айта беруге болатын секілді. Күндіз-түні алашапқын болып замандастарымыздың қуалап жүрген байлық түспегірі кім-кімнің де басына ойламаған жерден келіп, бақ болып қона салмайды-ау. Осылай болса екен деп армандап жүргендер қаншама, алайда, әлгі бір елесті қуалап жүріп, бар ғұмыры сарп етіледі көп адамның. Иә, байлық жарықтығың жаратушының жарылқауымен қатар сол пенденің ерінбей-жалықпай, көзін тауып еңбектенуінде жатыр. Жетістікке жету жолында тұрады, жығылады, қателеседі, ақырында қыр басына көтеріледі. Біз көріп жүрген ісі оңға басқан кәсіпкерлердің көпшілігі осындай өткелдерден өткендігінен ептеп хабарымыз бар.
Осы жолдарды жазып отырғанымда ілгеріде бір кітаптан оқыған әйгілі ғалым Альберт Эйнштейннің бір пікірі есіме түсе қалғаны: «Менде ешқандай да дарын жоқ, тек есектің қиқарлығы мен әр нәрсені білсем деген асқан құштарлық бар» депті. Бұл сөзді талдап жату артық болар, әрине, ұғынғанымыз: ғалымның өзін-өзі қамшылауы, немесе қайсарлығы сезіледі. Яғни, өсу, өркендеу барысындағы адамға қажет қасиеттің бірі.
Біздің осы мақаламызға кейіпкер болып отырған Бағлан Әшірбеков ойлы жерлерден де өткен, қырға да шыққан, ащы мен тұщыны да қатар татқан көпті көрген азамат. Бұл күндері оны аймағымыздың оңтүстік аудандары, тіптен облысымызға танымал десек, артық айтқандық емес. Жоғарыда айтқанымыздай, «мені көрдіңдер ме?» деп көкірегін керіп жүрген Бағлан жоқ. Өзінің күнделікті шаруасын жасап, сол жұмысына қатысты кісілермен аралас-құралас болып қапылысып жүргені. Расы да сол ғой, мына қарбалас заманда ісі түспесе, өзге түгілі өзінің бауырын іздеуге шамасы келмей жатқан жұрт айдалада тұрып көкірегін сабалаған сабазды қайтсін?! Бағланды кімдер іздейді? Көлігі бар жеке кісі, көлігі бар мекеме. Өйткені, оларға жанар-жағар май керек, бағасы арзандау, мүмкіндік болса, қарызға беріп жатса, тіптен жақсы. Ал, Бағлан алдына келгенді ренжітпейді, келісімін беріп, риза етіп шығарып салады. Өйткені, онда бензиннің түр-түрі мен солярка саудаланатын жанар-жағармай бекеті бар. Мұны біреу сыйға тартқан жоқ, кешегі кеңестік жүйе ыдыраған жылдары өзі қалыптастырды. Сонан соң тағы кім іздейді оны? Диқандар. Оларға да жанар-жағармай керек, алайда, қолма-қол ақша төлеуге әзірге шамасы жоқ, күзгі егін-тегін жинауға дейін қарасса кәні. Бұған да ол келіседі. Тағы кімдер іздейді Бағланды, шаруа қожалықтары. «Бірнеше шақырым каналымды тазалатып берсеңіз, ақысын өнім дақылымен есептесеміз» дейді олар. Бұған да мәміле жасалады. Мұндай шаруаларды мемлекет есебінен тендер жеңімпазы ретінде де атқарып кететін кездері де жиі кездеседі. «Тұқымдық күріш керек еді», «Техникадан қол ұшын беріңіз» дейтін әріптестері де жетіп-артылады. Ал, жеке шаруаларымен жағдай айтатындар тіпті көп. Жарысқа баратын спортшыға қолдау көрсету керек. Фестивальға қатысқысы келетін өнерпаздың жол шығынына теңге табылмай тұр. Осылай кете береді. Мына бір жанға да қол қайырым жасаса оңды болар еді.
Қайбір жылы өз ауылының қариялары тапсырма берді. «Ауылда мешіт үйі жоқ, соны назарыңа ұста» десті. Бұған бірден бел шешіп кірісіп кетті. Екі жылда ауылдың қақ ортасынан мешіт үйін салып берді. Мешіт болғанда қандай, сәулетті, іші жылы, тап-таза, күмбезі күнге шағылысқан еңселі ғимарат! Заманауи құрылыс заттары, технологиясы пайдаланылған. Қанша қаржысы кеткенін өзі есептеген шығар, әйтеуір, оңай дүниеге тұрғызыла салмағаны анық. Мұнда бір мезгілде 300 адам намазға тұра алады. Қосымша сауат ашу бөлмелері бар. Ғимаратқа жылы су, электр мен кәріз жүйелері жүргізілген. Ас дайындайтын асханасы мен ас беруге арналған орнын айтсаңызшы. Бір жағдай бола қалса, қазір еңбекшіліктер бұрынғыдай әуре-сарсаң¬ға түспейді, қажетінің бәрі бір жерден табылып, сонда құранын оқытып, жиынын жасап марқайып жүргені.
Аймақтағы ірі өндіріс орны «СКЗ-U» күкірт қышқылы зауытының директоры  Мәдіхан Бек¬жановтың ілгеріде: «Озық қашан да озық қой, Бағлан баяғыда да жұрттың алдында еді, қазір де топтың басында», – деп сүйсінгені бар еді, сол пікірдің шындық екендігіне жерлестерінің көзі толық жетті. Еңбек жолын қарапайым жұ¬мысшылықтан бастаған ол 1976 жылы күріш звеносының жетекшісі ретінде зор жетістікке қол жеткізді. Өзіне бекітілген 25 гектар күріштіктің әр гектарынан 112 центнерден өнім алды. Бұл балғын Бағланның алғашқы адымы еді. Ол келер жылы Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанып, комсомолдық жолдамамен Кубада өткен әлем жастарының съезіне қатысып қайтты. Қатарынан бірнеше рет жарыс жеңімпазы болып, мемлекеттік марапаттарға ие болды. Ауылшаруашылық институтында сырттай оқып, ғалым-агроном мамандығын алды. Шаруашылықта бас маман қызметін атқарды. Ал, кешегі қоғамдық өзгерістер кезінде жеке кәсіпкер ретінде өз жолын іздеді. Шымкентке күріш апарып сатты, ол жақтан ұн әкеліп, мұнда таратты. Сөйтіп жүріп, жанар-жағармай станциясын ашты. Кәсіпке осылай шыңдалуы өзі құрған шаруа қожалығының даңғыл жолға түсуіне шарапаты тигендігін қазір көз көріп отыр. 1997 жылдан бері жұмыс істеп тұрған «Әшірбеков» шаруа қожа¬лығында бұл күндері отызға тарта адам еңбек етеді. 1500 уақ мал, 100 бастай сиыр бар бағымында. Сол секілді биылғы ауылшаруашылық жылында 330 гектар жерге күріш дақылын орналастырып, оның әр гектарынан 65 центнерден өнім алды. Жүз гектардан астам бидайдан да орташа 20 центнерден дән қырманға түсті. Осылайша Бағлан Әшірбеков өңіріміздің дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.
Ел Тәуелсіздігінің қарсаңындағы жиында біздің кейіпкеріміз «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Иә, «Озық қашан да озық» дегенді ол тағы дәлелдеді.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.  
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз