ПІКІРЛЕР ОРТАЛЫҚ КОМИССИЯҒА ЖЕТКІЗІЛЕДІ

73

0

Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» об­лыстық қоғамдық кеңестің жер мәселесіне ар­нал­­ған кезекті отырысы
өтті. Оған облыстық бас­қарма басшылары, депутаттар, қоғамдық кеңестің
мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, этномәдени бірлестіктер, әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары,
жергілікті жұртшылық және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, Жер
реформасы жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі Самұрат Имандосов
Қазақстан Республикасы Президентінің Жер заңнамасының жекелеген нормаларын
қолдануға мораторий енгізу туралы Жарлығына сәйкес жер реформасы бойынша
комиссия құрылғанын және оның отырыстары өткенін айтып өтті. Сонымен бірге,
соңғы отырыста жерді шетелдіктерге жалға беру керек пе, керек емес пе деген мәселе
кеңінен талқыға салынып, әрқалай пікірлер болғанын жеткізді. Республикалық
комиссияда инвестиция тарту үшін және ауыл шаруашылығын өркендету мақсатында
жерді шетелдіктерге жалға беру керек деген ұсыныстар болған. Бірақ, инвестиция
салушының жобасы жан-жақты талқылаудан өтіп, оның ауқымына қарап, жерді жалға
беру мерзімін 10 жылға, болмаса 15 немесе 20 мен 25 жылға дейін созуға
болатынын шешуі керек деген ұсыныстар айтылған. Кеңес төрағасы республикалық
комиссияның мүше­лері өздерінің аймақтарында кездесулер өткізіп, жерді
шетелдіктерге жалға беру мәселесі бойынша ой- пікірлерін тыңдау міндеттелгенін
мәлімдеді.

Ең бірінші сөз алған Қазақстан саясаттанушылар
конгресі республикалық қоғамдық бірлестігі об­­лыстық филиалының директоры
Нұрхан Жәлиев еліміз тәуелсіздікке ие болып, нарықтық қатынастарға көшкеннен
кейін жерді экономикалық айналымға шығарудың артықшылықтары мол екенін алға
тартты.

– Жер – біздің байлығымыз. Оған өте мұқият қарауға
тиіспіз. Егер шетелдіктерге жалға беретін болсақ, ондай жағдайда белгілі бір
мерзім сайын жалға алушының қалай
пайдаланып жатқанын зерттеп, зерделеп тұру қажет болады. Өз мақсатында
пайдаланбаса, зиян келтіріп жатса, келісім-шартты бұзып, қайтып алу қажет, –
деген ойын жеткізді. Ал «Алаш жолы қозғалысы» қоғамдық ұйымының мүшесі Әнуар
Тәжібайұлы қазақ халқы тарихында жер жеке меншікте болмағанын айтты. Сондықтан, жерді жекеменшікке сатуға, сонымен
бірге көрші мемлекеттерге жалға беруге
болмайды деген ұстанымда қалатынын жеткізді.

Облыстық мәсли­хат депутаты Шәки­зада Әбді­кәрімов өт­кен
ғасырларда қазақ байларының үлкен жай­лаулары болғанын және оларды пайдалану
дала демократиясы арқылы ше­шіліп отырғанын айтты. Сондықтан, қазақстан­дық­тарға
жерді пайдалану құқығын беру керек деген ойын ортаға салды.

«Қазақ тілі» қо­ғамы мүшесі Жал­ғасбек Аманов тарихта
өзінің жері, мемлекеті болып, кейіннен бәрінен айырылып қалған ұлттар да бар
екенін ай­тып, бұл мәселеде абай болу керектігіне тоқ­тал­ды. Қала тұрғыны Ғани
Әлиев біздегі ауыл шаруашылығы мақса­тын­дағы жерлердің 20 пайызы ғана суармалы
жерлер екеніне қатысушылардың назарын аударды. Осы құнарлы жерлер сатылып не
жалға беріліп кетіп жатса, реніштер тууы мүмкін. Сол себепті, өз жерімізде
экологиялық таза өнімдер өндіріп, оны шетке сатып, табыс табу жағын ойластырған
абзал деген пікірін ортаға салды.

Кездесуде сондай-ақ «Ауған соғысы ардагерлері мен
мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Ысқақов, «Қазақстан
коммунистік халық партиясы» облыстық комитетінің жетекшісі Талғат ­Телеубаев,
қала тұрғыны Ерік Теңізбаев, жеке кәсіпкер Алмат Толығали және басқалар
ой-пікірлерін ортаға салды.

Отырысты қорытқан С.Имандосов бүгінгі айтыл­ған
әртүрлі ұсыныс-пікірлердің орталық комиссияға жеткізілетінін мәлімдеді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз