Полиция қызметін қоғам алдында әділетті ету арқылы ғана қылмыспен тиімді күресуге болады

284

0

Полиция қоғамның өзіне деген сенімін арттыратындай етіп жұмыс істеуі керек. Бұл Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылдың 11 наурызында өткен «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің алдына қойған нақты тапсырмасы. Расында да, біз, құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтардың мүддесі үшін, қоғамдық тәртіпті қалыптастырып, тыныштықты қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етуі тиіс. Біздің басты міндетіміз – бұл халықтың сенімі. Осы бағытта  күн сайын адамдарға көмек қолын созып, конституциялық құқығын қамтамасыз етуде, қылмыс атаулымен күресіп, құқық бұзушылықтарды болдырмау және әділдікті орнатуға әрқашан дайын полицейлерді даярлауды басты мақсатымыз етіп, әр қызметкердің жеке тұлғасын жан-жақты тұрғыда дамыту жолында жұмыстар жасаудамыз. «Әр қызметкер – ішкі істер саласының айнасы» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, жеке құрам арасындағы заңдылық пен тәртіпті сақтау, қоғамға жат құбылыстармен күресіп, сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттердің алдын алу, анықтау жұмыстары ерекше назарға алынып, бірқатар жоспарлы шаралар атқарылуда.
Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен жүйелі түрде жүргізіліп отырған алдын-алу шараларына қарамастан жеке құраммен сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтар, сонымен қатар қызмет уақытында, қызметтен тыс уақыттарда жол жүру ережелерін бұзумен ұштасқан  заңсыздықтарға жол беру, азаматтардың конституциялық құқықтарына нұсқан келтіру деректері әлі де толастар емес.
Жалпы  жыл басынан бері ОІІД тәртіптік кеңестерінде заңдылықты, әскери-қызметтік тәртіпті бұзған полиция қызметкерлерінің жауапкершіліктері туралы мәселелер – 74 мәрте  қаралып, нәтижесінде – 111 қызметкер тәртіптік жазаға тартылып, оның ішінде – 17 қызметкер ІІО-нан теріс қылықпен шығарылып,  18 қызметкер атқарып отырған лауазымдарынан босатылған.
Сонымен қатар, 2017 жылдың 7 айында полиция қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық іс-әрекеттер мен құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу бағытында Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлерімен барлығы – 120 рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, нәтижесінде – 103 құқық бұзушылық анықталып, олар бойынша – 81 қызметкер түрлі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Есепті мерзімде полиция қызметкерлеріне бағынбау, қарсылық көрсету, дене жарақатын салу және күш қолданудың 10 дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру істері қозғалған.
Осы атаулы заңсыздықтармен күресіп, полиция қызметкерінің оң бейнесін қалыптастыру бағытында тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, тапсырмалар мен нұсқаулар берілді. Қалалық және барлық АІІб-деріне қызметкерлердің жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауы, автокөлік басқаруға барлық құжаттарының толық болуы жөнінде шолулар жолданып, департаменттің әскери-қызметтік дайындық сабақтарында сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы және республика аумағында полиция қызметкерлерінің қатысуымен орын алып жатқан төтенше оқиғалар бойынша дәрістер оқылды. Департамент жанынан құрылған Қоғамдық кеңес, Әйелдер кеңесі және Тәртіптік кеңес отырыстарында қызметкерлердің тәртібі қаралып, офицерлік шенге дақ түсірмеу мақсатын басшылыққа ала отырып, тағылымды, тәлімді мәселелер қозғалды.
Сонымен қатар, «біреудің қателігі – біреуге сабақ болсын» деген оймен қылмыс жасап айыпталған полиция қызметкерлерінің бұрынғы қызмет атқарған бөліністерінің жеке құрамын қатыстыра отырып ашық сот отырыстарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл бастамамыздың басты мақсаты – жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу болып табылады.
Сөзімнің соңында айтарым, полиция қызметкері – халықтың құқығын да, бостандығын да, амандығын да қорғайтын жандар. Сондықтан олар әрқашан халыққа жақын әрі ашық болу қажет. Осы орайда, азаматтармен қолжетімді әрі тиімді байланыс орнатып, халықтың толғандырып жүрген мәселелері төңірегінде сұрақ қою, өз ұсыныс-пікірін білдіру, ішкі істер қызметіне қатысты мәселеде көмек сұрау немесе  арыз-шағымын білдіруіне мүмкіндік беретін ҚР ІІМ-ге қарасты Қызылорда ОІІД-нің кіші веб-порталында департамент бастығының жеке блогы және сұрақ-жауап бөлімі, сенім парағы, Вконтакте, Facebook, Google.com, Mail.ru әлеуметтік желілерінде жеке парақшасы қызмет атқаратындығын атап өткім келеді. Барлығы да жеке тұлғалардан сұрақтар, құқық бұзушылық фактілері жайлы шағымдар қабылдауға бағытталған. Бұдан бөлек, 27-28-74, 26-28-90 нөмірлері бойыншы департаменттің сенім телефондары мен бірыңғай веб-порталында «Сыбайлас жемқорлықпен күресу» бөлімі жұмыс жасайды.
Сабитбек Арынов,
Қызылорда ОІІД Өзіндік қауіпсіздік
басқармасының бастығы
полиция майоры.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз