ПОШТА БӨЛІМШЕСІ АШЫЛСА ЕКЕН

56

0

Қызылорда қаласының тұрғын­дары қатары жылма-жыл көбеюде. Жаңа ғи­ма­рат­тар, көшелер, асфальт­талған жолдар, гүлзарлар таңырқатады. Бір кезде жиырмаға жетер-жетпес көшесі бар қа­ла­да қазір көше саны 700-ге жуықтады. Таяу жылдарда дарияның арғы беті жаңа қо­ныс­тану­шылардың мекеніне айналғалы тұр. Бұған қазірдің өзінде үлкен бетбұрыс басталды.

Қала орталығындағы Астана даңғылы мен Мұстафа Шоқай көшесі ең ұзын, тұрғындар тығыз қоныстанған аудан. Шамамен 20 мыңнан аса халық тұрады. Ал, осы ауданға балалар ойнайтын алаң, халыққа қызмет көрсететін бір пош­та бөлімшесі аса қажеттігін тұрғындар дабыл қағудан кенде емес. Нәтиже аз, құлақ асу жоқ.

Қала орталығында №8 пошта бөлімшесі, одан соң Мұратбаев кө­ше­сінің бойындағы пошта ғи­ма­ратының төменгі қабатында бөлім­ше бар. Екеуінің арасы 1-2 шақырымнан аспайды.

Біздіңше, Астана даңғылының немесе Мұстафа Шоқай көшесінің бойынан бір пошта бөлімшесі қажет-ақ. Бір ғана Астана даңғылы дария жағалауынан теміржолға тіреледі. Осы екі аралықта оннан аса көше бастау алады.

Облыстық пошта бөлімшесінің директоры Ә.Әбдімомынов мырзаға барып, ұсыныс айттық. «Бұл мәселе қаржыға тіреліп тұр. Пош­та бөлімшелері өзін-өзі ақтамайды. Көбісіне қысқарту қаупі бар” деген уәжбен қайтарды.

Әрине, қаржы жағы қиын екенін түсінеміз. Дегенмен, қаланың қазіргідей өсу қарқыны кезінде тұрғындар талабымен санасу қажет емес пе? Мүмкіндік қарастырып, Астана даңғылының бойынан таяу арада бір пошта бөлімшесін ашпай болмайды. Бұл осы даңғылмен шекаралас жатқан оннан аса көшенің бойындағы жиырма мыңнан аса тұрғындарға қызмет көрсетуге, хат-хабарды мезгілінде таратуға, мер­зімді баспасөзге жазылуды көбірек қамтуға жол ашқан болар еді. Осы жағын тиісті орындар ойластырса дегіміз бар.

Ә.Әбдіразақов, Чернобыль ардагері,

зейнеткер.

О.Өткелбаев, еңбек ардагері.

А.Сағындықов, «Еңбек Қызыл Ту”

орденді ардагер.

Қ.Мырзахметұлы,
ардагер-журналист.

Қызылорда қаласы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз