Қызылордадағы сасық көлшіктер қашан жойылады?

618

2

Қызылорда қаласының Сәулет шағын ауданындағы сасық көлшіктің беті құммен тегістелді. Иісі қолқаны қабатын аумақ тұрғындарының жанайқайы жергілікті билікке жетіп, ол аяқсыз қалған жоқ.

– Осында 14 жылдан бері тұрып келемін. Күн жылығанда есік-терезені ашу мүмкін емес-ті. Әсіресе, балалардың қауіпсіздігі қатты алаңдататын. Қала әкімдігінің бастамасымен көлшікке құм төгілді. Алдағы уақытта ойын немесе спорт алаңын салып берсе, қуанар едік, – дейді көпбалалы ана Жәмила Әбдіжәлелова.

Қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғанибек Омаровтың айтуынша, құм төгу ісіне кәсіпкерлер тартылған.

– Жұмыс 1,5 ай бойы жүрді. «КамАЗ» көліктері күніне 15-20 реттен қатынады. Бұл жерді меншік иелері ертеректе сатып алған. Пайдаланбаған соң 1,5-2 метр тереңдікте ыза су жиналған. Айналасындағы көршілер соның зардабын тартты, – дейді ол.

Биыл сәуірде Сәулеттегі 5 көлшік көмілді. Қала көлемінде осындай 24 көлшік бар. Меншік иелеріне жер телімін уақытылы игеру керектігі талай айтылған. Ескертуге құлақ аспағандардың ісі сотта шешіледі. Ал жер телімі мемлекет меншігіне өтіп жатса, одан арғы тағдыры қалай болмақ?

– Алдымен, үй кезегінде тұрған азаматтарға ұсынамыз. Болмаса, аукцион арқылы кәсіпкерлік нысанын салуға мүмкіндік беріледі, – дейді қала әкімінің орынбасары Ерлан Бердібаев.

Сасық көлшіктер негізінен Сәулет, Саяхат, әл Фараби, КБИ және Арай шағын аудандарында орналасқан. Ескеретін нәрсе, мәселенің бір ұшы тұрғындардың өзіне кеп тіреледі.

– Бос алаңға тұрмыстық қатты қалдық төгу тоқтамай тұр. Жеке меншіктегі жерді тазалауға мемлекет қаржысын жұмсау заңдылыққа сәйкес келмейді. Сондықтан кәсіпкерлерге өтініш айтуға мәжбүрміз, – деді Е.Бердібаев Қорқыт ата ауданындағы Жастар көшесінің тұрғындарымен кездесуде.

Қала тұрғыны Мұхит Әбдірхановтың айтуынша, көшедегі сасық көлшік ауру көзіне айналған. Аллергиясы бар адамдардың демалуы қиындаған. Тұрғындар жазда есік-терезені есім-еркін аша алмайды. Үлкендер ойын баласының соңында жүруге мәжбүр. Өйткені әлгі шұңқырға түсіп кете ме деп қорқады. Қордаланған мәселе шешілсе, қорқыныш та сейілмек. Жергілікті билік тарапынан атқарылып жатқан жұмыс осыған бағытталған.

Қала әкімдігінің мәліметінше, былтыр – 12, биыл осы уақытқа дейін 18 көлшікке құм төгілген.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

Пікірлер:

Сәулеттегі сасық көлшіктер жойылуда – Желілік басылым "Kundyz.kz" үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау