РАҚЫМШЫЛЫҚ – АЗАМАТТАР ИГІЛІГІНЕ

42

0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде 1 қыркүйектен бастап мүлікті жария ету акциясы басталды. Қазірде республиканың бүкіл аумағында мүлікті жария етуге байланысты науқанның басталып, жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған комиссиялар осы шараға кірісіп кеткені белгілі. Осыған байланысты Қызылорда облыстық әділет департаментінің басшысы Балайым Кесебаеваға жұртшылықты қызықтырған мәселелерге байланысты сауалдар қойған едік.

Балайым Туғанбайқызы, мүлікті жария ету акция­сы­ның көздеген мақсаты туралы айтып өтсеңіз

– Жалпы, мүлікті жариялау дегеннің өзі әлемдік тәжі­ри­беде жаңалық емес. Ол тә­жі­рибеде бұрыннан бар. Осы кезге дейін Еуропаның бір­қатар елдері, мұндай акция­ны бірнеше рет өткізіп те үл­герді. Мүлікті жария ету­де Қазақстанның да өз тәжі­рибесі бар. Бізде ол бұл кез­ге дейін екі рет жасалған. Ай­талық, 2001 жылы ақшаны жария ету жүргізілсе, 2006-2007 жылдары ақшамен бірге жылжымайтын мүліктерді жа­рия ету жұмыстары жүргізілген болатын. Осылайша, еліміз жа­рия ету науқанының үшінші ке­зеңін өткізуді қолға алып отыр.

Мүлікті жария ету де­ге­німіз – табыстарды жасы­ру мақсатында заңды эконо­ми­калық айналымнан шыға­рыл­ған және Қазақстан Респуб­ликасының заңнамасына сәй­кес ресімделмеген не тиесілі емес тұлғаға ресімделген мү­­лік­ке құқықтарды мемле­кет­тің тану рәсімі. Сарап­шы­лар­дың пікіріне сүйенсек, қа­зақстандық экономиканың 19,5-20 пайызы көлеңкедегі ай­налымда жүр. Бұл ша­ғын бизнестен бастап, ірі кәсіпкерлерге дейінгі аралық­тың бәрін қамтиды. Сондықтан да, қаржы мен мүлікті жария етудің бірден-бір мақсаты – «кө­леңкелі» экономикадағы қа­­ражатты жарыққа шығарып, экономиканың заңды жолына тарту.

Ал енді жария етуге жататын дүниелерге не кі­ре­ді, сонымен қатар істі не­ден бастаған дұрыс, соған тоқталып кетсеңіз

– 1 қыркүйектен бастап қол­данысқа енгізілген «Мүлікті жария етуге байланысты ра­қым­шылық жасау туралы» Қа­зақстан Республикасының за­ңына сәйкес – ақша; бағалы қағаздар; заңды тұлғаның жар­ғылық капиталына қатысу үле­сі; тиесілі емес тұлғаға ре­сімделген құрылыстар мен ғимараттар; Қазақстан Рес­публикасының шегiнен тыс ор­наласқан жылжымайтын мү­лік жария етуге жатады.

Жария етудің негізгі прин­циптері төмендегідей: Бірін­шіден, қосымша қаражат пен мү­лікті экономикаға тарту мақ­сатында жүргізіледі. Екін­шіден, жария етілген ақша мен мүлік салық салу тұрғысында табыс деп танылмайды. Яғни оларға салық салынбайды. Үшін­шіден, жария ету бас­тал­ғанға дейін алынған мү­лік қана жария етуге жа­та­ды. Төртіншіден, субъек­ті­лер бірқатар баптар бойын­ша қылмыстық және әкім­ші­лік жауапкершіліктен босатыла­ды.Яғни, жария етілген мү­лік субъектілері заңмен қудалан­байды.

Бұдан бөлек, азамат­тар ра­қымшылық арқы­лы заң­дастыр­ған қаража­тын инвес­ти­циялау механизм­дері­не пайдалана ала­ды. Немесе өз қаражатын қа­лауынша жұмсамақ. Алайда бұл жағдайда, екінші деңгейлі банктер жария етілетін қара­жаттың жалпы сомасынан 10 пайыз мөлшерінде комиссия ұстап қалады.

Ақшадан басқа мүлiктi жа­рия ету үшін жергілікті атқа­рушы органның жанындағы комиссияға:

1) Бекітілген нысанда екi данадағы өтiнiш;

2) Өтінішті берген кезде тұпнұсқаны көрсету арқылы, жеке басын куәландыратын құ­жаттың көшiрмесi;

3) Заңда көзделген жағ­дайлардағы, өзге де құжаттар өткiзіледi.

Жария ету субъектілері өті­нішті тұрғылықты тұратын же­рі бойынша комиссияға бе­реді.

Азаматтардың кө­кей­ін­де жүрген жиі қойы­латын сауалдардың біріжыл­жымайтын мүлікке тех­ни­ка­лық құжатты қалай ала­мыз? Ол қанша уақытта жа­салады?

– Жария ету аясында, егер азаматта жер учас­ке­сіне мемлекеттік акті бол­са, құрылысқа техника­лық төл­құжат алу үшін жылжы­майтын мүлік нысанының орналасуы мекен-жайы бойынша тиісті құжаттар тізбесімен Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуі қажет (өтініш, жеке басын куәландыратын құжат; жер учаскесіне сәйкестендiру құжатын қоса бере отырып, тіркеу объектісін растайтын құ­қық белгілеуші құжаттар; алым сомасын төлегенiн рас­тайтын құжат).

Техникалық төлқұжатты әзірлеу мерзімі жылжымайтын мүлік нысанының түріне бай­­ланысты жасалынады. Атап айтсақ, пәтерлерге, жатақ­ха­налардағы бөлмелерге техни­калық паспорт үшінші жұмыс күнi, жеке тұрғын үйлерге, же­ке гараждарға, саяжай құ­рылыстарына техникалық пас­порт жетінші жұмыс кү­нi берiледi және оның ба­ға­­сы мүліктің аумағына бай­ла­нысты 3 мың теңгеден жо­ғары болады. Басқа жыл­жымайтын нысандарға техни­калық төлқұжаттар олардың ау­мағы мен күрделілігіне бай­ланысты 20 жұмыс кү­ні­не дейін жасалады. Көр­се­тілген мерзімде ҚР Әді­лет министрлігіне қарас­ты жыл­жымайтын мү­лік орта­лық­тарының қызметкер­лері аза­матпен келісе отырып, тех­никалық зерттеу жүргізу үшін нысанға барып, оның нә­тижесінде техникалық төл­құ­жатты әзірлеп, азаматқа та­быстайды.

Ал, тіркеу мәселесі ше?

– Сонымен қатар, жария етіл­ген жылжымайтын мүлік Әділет органдарында міндетті мемлекеттік тіркеуден өтуі қажет. Кей жағдайларда аза­мат­тар Комиссияның оң қо­рытындысын алу – құжатты то­лығымен рәсімделген деп санап, оны мемлекеттік тір­кеу­ден өткізуді қажет деп есептемейді немесе мұндай рә­сімдеудің қажеттілігін біл­мей­ді не ұмыт қалдырады. Нә­тижесінде, құжат толығы­мен рәсімделмеген болып са­налады. Яғни, азамат мүліктің толыққанды заңды иесі болып табылмайды. Осыған орай, әр азамат жылжымайтын мүлі­гін Әділет органдарында мемле­кеттік тіркеуден өткізгеннен соң ғана оның заңды иесі бо­лып табылатынын естен шы­ғар­мағаны жөн.

Мүлiктi жария ету мер­зi­мi 2014 жылғы 1 қыр­күйек пен 2015 жылғы 31 жел­тоқсан аралығын қамти­ды. Осы­ған орай, облыс тұрғын­да­ры уақыт жоғалтпай Қазақ­стан Республикасының заңнама­сы­на сәйкес ресімделмеген не­месе өзге тұлғаға ресімделген мүліктері болған жағдайда мем­лекеттің жасап отырған осы рақымшылығын пай­да­ла­нып, құжаттарды заңдылық­тарға сәйкес реттеуге асығу­ла­ры қажет.

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз