РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРИСТІК ЖОБА ҚЫЗЫЛОРДАДАН БАСТАЛДЫ

52

0

Қазақстанның тарихы мен мәдениетін насихаттау, аймақтардың туристік әлеуетін таныту мақсатында қолға алынған «Kazakhstan – Terra Іncognіta» кешенді жобасының алғашқы экспедициясы өткен аптаның жексенбісінде Қызылорда облысында өз сапарын бастады. Осыған орай облыстық баспасөз клубында оны ұйымдастырушылар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті.
Оны облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев ашып, жобаның мақсаты жөнінде қысқаша әңгімелеп берді. Сыр өңірі ежелден талай сырды ішіне бүгіп келе жатқан өңірдің бірі саналады. Сонау бір ғасырларда батыс пен шығыстың арасын жалғаған Ұлы Жібек жолының бойында өзіндік өркениет өрнегін қалыптастырған шежірелі өлкені зерттеу кім-кім үшін де қызығушылық туғызады. Аталмыш шараға облыс әкімшілігі де қолдау білдіріп отыр.
Бұл жоба елімізге белгілі саясаткер Ерлан Қариннің бастамасы бойынша қолға алынған. Қазақ географиялық қоғамының қолдауымен жүзеге асырылады. Баспасөз мәслихатында Е.Қарин экспедиция барысында нәтижелі жұмыстар жүзеге асатынына сенім білдірді. Жобаны жүзеге асыру барысында тарихи-мәдени, археологиялық, этнографиялық, экологиялық және өзге де зерттеулер жүргізетін болады. Бұл жұмыстар аталған салаларда ғылыми ізденістерді қайта жандандыру үшін және потенциалды туристік маршруттарды анықтап арнайы атлас қалыптастыруға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, экспедицияның негізгі мақсатының бірі аймақтардың мәдени, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін анықтау болып табылады.
Жобаға қатысушылар жеті күннің ішінде біздің өңірдегі көптеген тарихи нысандар мен табиғи орындарда болады. Арал маңындағы ежелгі тарихи ескерткіштерден бастап Сыр бойында жатқан орта ғасырлық қалаларға дейін зерттеліп, бұл шара барлық ауданды қамтиды. Жинақталған материалдар негізінде альбом-кітап, деректі фильм, туристік атлас, күйтаспаға жазылған фольклор туындылары, фотосуреттердің электронды жинағын шығару жоспарланып отыр.
Әділжан ҮМБЕТ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз