РЕЖИССЕР Д.САЛАМАТ: “СЫР БОЙЫНДА СЕРИАЛ ТҮСІРГІМ КЕЛЕДІ”

39

0

РЕЖИССЕР Д.САЛАМАТ: “СЫР БОЙЫНДА СЕРИАЛ ТҮСІРГІМ КЕЛЕДІ”Кино әлеміндегі бірқатар туындысымен көпшілік көзайымына айналып үлгерген режиссер Данияр Саламат жақында тағы бір дүниені дүйім елге тарту етті. Қазіргі таңда «Балапан» телеарнасы арқылы көрсетіліп жатқан «Қос қарақшы» атты балаларға арналған жиырма бөлімнен тұратын комедиялық телесериалы өрендердің қызығушылығын туғызды. 

Бұл шығарма мамандар тарапынан да оң бағасын алып үлгерді. Атап кетерлігі, бұл туынды Алматы немесе Астана секілді іргелі шаһарларда түсірілген жоқ, өзіміздің Қызылорда топырағында жасалып шықты. Киноның негізінен үлкен қалада өмірге келуіне әбден етіміз үйреніп қалғандай-тын. Осындай қалыптасқан үрдісті Данияр Саламат бұзған. Өйткені, аталмыш туындыда Сыр топырағында таспаланып қана қойылған жоқ, басты рөлдердің бәрінде қызылордалық актерлар мен жас өрендер ойнайды. 
– Қазіргі таңда еліміз өркениетті мемлекет қатарына қосылуға ұмтылып келеді. Ендеше, бұл орайда тек қана бір аймақ өркенін жайып кеткені дұрыс емес. Оны мәдениет пен әдебиет әлеміне қатысты айтуға да толық негіз бар. Бұрын бұл өнер өлкесінің өкілдері негізінен бір жерге шоғырланатын. Қандай да сүбелі дүниелерді солардан күтетін едік. Енді оны еліміздің әрбір аймағында жасауға болады. Мәселен, өркениетті елдің көрінісі ретінде жер-жерде дамып жатқан шығармашылық орталықтардың жұмысын мысал ретінде тілге тиек ете аламыз. Оның және бір көрінісі – аймақта туып, республикаға орталық телеарна арқылы тарап жатқан осы «Қос қарақшы» атты сериалымыз, – дейді Данияр әңгіме әлқиссасын бастап. 
Режиссер «Қазақфильм» киностудиясында еңбек ете жүріп, республикалық деңгейде талай кинофильмді көрерменге ұсынды. Талай халықаралық кинофестивальдарға қатысып, топ жарып, жүлде де иеленді. Соңғы үш жылдан бері Сыр өңірімен шығармашылық байланыс жасап келеді. Балаларға арналған қуыршақ театры елдің алғысына бөленді. «Қос қарақшы» да осы топырақта түсірілді. Ендеше, оның Қызылорда өңірімен тығыз қарым-қатынас жасауында не сыр бар? Данияр бұл жөнінде «Сыр жері – қазақылық қаймағы бұзылмаған өңір. Мәдениеті мен өнері өркен жайған құнарлы мекен. Балалар театрын жүргізу, сол театр негізінде    жоғарыда аталған туындыны түсіру барысында оған көзімді айқын жеткіздім.
Фильмде басты кейіпкерлер рөлін сомдаған балғындар қызылордалық ұландар болып табылады. Мәселен, №3 және №171 мектептердің  5 -сынып оқушылары Нұрай Байкенжеева мен Әлихан Бодық кастинг арқылы таңдалып алынды. Бұрын кино өнерінде тәжірибесі  жоқ балалар режиссердің нәтижелі жұмысының арқасында өз образдарын жоғары деңгейде орындап шықты. Бұл өңірімізде таланттардың мол екендігін дәлелдей түседі. 
Бүгінгі таңда жасаған дүниеңді көрерменге қалай тартымды етіп жеткізуге болады? Қалыпты деңгейде қарапайым етіп түсіре салғанмен, қалың көпшілік оны қызығып көре қоймайды. Яғни, қанша уақытыңды сарп еткен туындыңды түкке алғысыз деуге негіз бар. Осындай қағида кино әлемінде де бар екені белгілі. Қазақстандық режиссерлар қазірге дейін қаншама шығарманы жұртшылыққа ұсынды. Олардың кейбірін қазір көрермен жадынан жоғалтып алғаны да жасырын емес. Осының өзінен-ақ жасалған дүниеге қандай баға берілгенін бағамдауға болады. Осыған орай заман ағымына бейімделе отырып, әрбір қоғамның тынысын білдіретін толымды дүниелерді жасау негізгі міндеттің бірі саналады. 
Данияр қай киносын түсірердің алдында үлкен толғаныста жүреді. Әбден иі қанып піскеннен кейін сол мақсатта жұмысты қолға алады. Жобасын жасап болған соң кино түсіруді бастайды. 
Бүгінгі күнге дейін Данияр бірқатар дүниелерді көрерменге ұсынып үлгерді. Осыдан жеті-сегіз жылдай бұрын республикалық «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілген «Қалаймақан» тележурналы көрермен қауымның көзайымына айналды. Одан кейінгі кезектегі «Әкем екеуміз», «Бәйтерек» фильмдері негізінен балалар әлемін боямасыз бейнелеуге арналған. Қызылорда жерінде ашылған қуыршақ театры да өрендер өлкесіне бағытталған.
– Осыдан бір-екі жыл бұрын Қызылорда топырағында «Ертегілер елінде немесе Шаттық деген немене?» атты балаларға арналған қуыршақ спекталін жергілікті жұртшылыққа ұсындым, – дейді Данияр әңгімесін одан әрі өрбітіп. – Бұл  менің ұзақ жылдар бойғы мақсатымның бірі еді. Бала кезімде осындай театр ашсам деп арманға берілетін едім. Өйткені, орысша берілетін кейбір осындай театрландырылған қойылымдарды көргенде бала болсам да еріксіз қынжылыс білдіретін едім. Өмір арнасы басқа тіршілікке мойын бұрғызды. Біраз жыл бойы кино саласында еңбек етуден қол босай қойған жоқ.
Қуыршақ театрын ұйымдастыру барысында сан алуан жаңалыққа көңіл бөлді. Бұл салада төртінші қабырғаны бұзу деген тіркес бар. Ол көрерменмен байланыс орнату дегенді білдіреді. Сол арқылы көпшілікті өзіне баурай түсуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, көшпелі қуыршақ театрын құру мәселесі де ойластырылды.   
Балалар әлемі – риясыз көрініс. Тазалыққа толы. Пәк көңілдер. Сондықтан ол жайындағы әрбір еңбек көпшілікті өзіне баурай түседі. Жасандылық олардың жанына қас. Ұзақ жылдан бері сол тұнық өлкенің қыр-сырына қаныққан режиссер сол тақырыпты терең меңгерді деп айтсақ та болады. 
Заман ағымы бір орнында тұрмайды. Әрдайым өзгеріске толы. Бүгінгі таңда кино және телевизия әлемінде ситком деген жанр пайда болды. Оны тарата айтқанда, ситуациялық комедия дегенді білдіреді. Көрермендер үшін телевизиялық бағыт ретінде ерекше дамып келеді. Данияр Саламат ендігі кезекте осы жанр негізінде тың ізденістерге баруға ниет білдірді. Бұл мақсатта қолға алынған «Қос қарақшы» туындысы қазірдің өзінде көрермен қауымнан оң бағасын алып үлгерді. Негізінде көп жағдайда ситком ересектерге арналып түсіріледі. Режиссер болса, бұл жанрды балалар тақырыбында сынап көрді. Ойлағаны жүзеге асты. 
Режиссердің алға қойған мақсаты көп-ақ. Сол жобалардың басым көпшілігін Сыр өңірінде жүзеге асыруға ниет танытып отыр. Ол жайында ой-пікірін Данияр бізге «Қызылорда жері әрбір қазақтың бүйрегі бұрып тұратын өңір екені белгілі. Мұнда біздің түп-тамырымыз жатыр. Қаншама тарихымыз осында екенін бәріміз білеміз. Сондай-ақ, қазақтың ертеден бергі кеңпейіл мінезі, дархан көңілі, қонақжайлығы секілді ізгі қасиеттері әлі де осы топырақта үзілмеген. Мен сондай жарқын өмір көрінісін өз туындыма арқау еткім келеді. Сол игі ойдың негізінде ересектерге арналған бүгінде он бес және он екі бөлімнен тұратын «Ауыл кеші көңілді» және «Мизамшақ» атты екі телевизиялық сериалдың жобасын жасап отырмын. Олардың ең болмағанда бірі осы топырақта дүниеге келсе екен деймін. 
Әрине, осы мақсатта жергілікті азаматтардың қолдауы қажет екені белгілі. Соның арқасында талай адам оң бағасын беретін тамаша туындыларды жұртшылыққа тарту етуге әбден болады. Оны алдағы уақыттың еншісіне қалдыра тұралық. Режиссердің тың идеяларға толы бастамалары әлі де көрермен тарапынан оң бағасын алатыны айқын.  
Әділжан YМБЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз