ӨРКЕН ЖАЙҒАН ОТБАСЫ

73

0

Қазақ халқында «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон
пішер” деген аталы сөз бар. Сірә, бұл тегін айтылмаса керек. Бүгінде арамызда
әке-шешесінің тәрбиесі мен ақылының арқасында өсіп-өніп, өздері де үлгілі
отбасына айналып отырған жұптар бар. Солардың бірі Қармақшы ауданында тұратын –
Құлмырзаевтар шаңырағы.

Биыл «Мерейлі
отбасы” ұлттық байқауында бақ сынап отырған бұл отбасы көпшілікке жақсы таныс.
Себебі шаңырақтың мәуелі бәйтерегіндей болған, Серік ақсақал гир көтеруден,
елімізді былай қойғанда, Азия, Еуропа ардагерлерін жолда қалдырған. 2014 жылы
Әлем чемпионатында рекорд жаңартып, «Гиннестік рекордтар кітабына» енген. Соның
негізінде «Қанатты арыстан” орденін кеудесіне таққан.

Ал шаңырақтың
мейірімді, ақылшы әжесіне айналып отырған Балгүл Жалғасбаева аудандық «Әжелер”
ансамблінің белді мүшесі. Бойларына өнер тұнған бұл жандардан төрт бала
тараған. Дегенмен, Серік ақсақал інісі ерте көз жұмып, одан қалған үш баланы
бауырына басқан. Осылайша көпбалалы шаңыраққа айналған Құлмырзаевтар әулеті
қанатын кеңге жайды. Жүректері мейірімге толы бұл жандардың тәрбиесін көрген 7
бала бүгінде өздері де ата-ана атанған. Әке мен шешеден алған тәлім-тәрбиесін
балаларының бойына сіңіруде. Ал олар салған ізбеннен келе жатқан шаңырақтың
үлкені Ерлан енді, міне, «Мерейлі отбасы” байқауында мерейі үстем болады деген
ниетте.

«Қарты бар үйдің
қазынасы бар” деген жігіт ағасы жары Мереке екеуі әке-шешесін алақандарында
аялап отыр. Отбасындағы бес бала да ата мен әжесінің алдынан кесе өтпейді.
Олардың мейіріміне бөленіп, айтқан ақылдарын бойларына сіңіріп өсуде. Әжесінің
ертегісін құлағына құйып, әлдиімен қанаттанып келеді. Соның арқасы болар
барлығы да әжелері секілді музыкаға жандары жақын. Мәселен 11 сыныпта оқитын
Нұрасыл домбыраның құлағында ойнайды. Түрлі байқауларда шашасына шаң жұқтырмай,
биіктен көрініп келеді. Ал Бибимариям болса, эстрадаға жақын. Бибігүл әжесіндей
қазақтың бұл-бұл үнді әншісі болуды армандайды. Жасы небәрі алтыда болса да
Бекасыл дәстүрлі ән өнеріне жақын. Ал олардың ізінен еріп келе жатқан Бегінұр
мен Жаннұрдың да болашағынан ата-анасы зор үміт күтеді. Оларды Алланың берген
қазынасы деп білетін Ерлан мен Мереке бала санын мұнымен шектегілері жоқ.
Ененің тәрбиесін көріп, батасымен өркендеп отырған келін де алтын құрсақты ана
атанбақ ниетте.

 

М.ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз