ӨҢІРМЕН АТТАС, ӨМІРМЕН МҰРАТТАС БАСЫЛЫМ

135

0

ӨҢІРМЕН АТТАС, ӨМІРМЕН МҰРАТТАС БАСЫЛЫМ
Бүгін «Сыр бойының” жарыққа шыққанына 85 жыл толды

 

Шығармашылық
үйінің 3- қабатында орналасқан мұра­ғаттағы газет тігінділерін жайшылықта
ақтарыстыра бер­мейміз. Басылымның 85 жылдығына арналған мақа­ланы жазу
барысында тарихтан тәбәрік болып қалған тігінділерге көз салдық.

Қатарды
1938 жылы латын қарпімен басылған «Ленин жолы” бастап тұр. Абайлап ұстамасаң,
үгітіліп кететіндей сап-сары парақтар дәл қазіргідей аймақ өміріндегі
жаңалықтардан хабардар етеді. Мәселен,
1938 жылдың 4 тамыздағы нөмірінде «Облысымыздың егіс даласында” деген айдармен
Сырдария, Тереңөзек, Қармақшыдан «Егінін орып, жинап алды”, «Егін ору планын
орындауға жұмылуда”, «Күріш сапасына көңіл бөлінуде” деген тақырыптар
қамтылған. «Партия тұрмысы” айдарымен берілген материалдар «Бастауыш ұйымның
жұмысын бұдан да жақсартуға міндеттіміз”, «Ең жақсы патриоттарды партия
жұмысына тарту ардақты міндетіміз” деген ұран тақырыптармен ұсынылыпты. Сын
материалдар «Қазалыда колхоздың сталиндік үлгілі уставы өрескел бұрмаланып
отыр”, «Зяб айдауға дайындықсыз отыр”, «Мектеп салу жұмысын дұрыс басқармай
отыр” деп айдарланып, жер-жердегі кемшіліктер ашық көрсетілген. Сол жылдары
аптасына 5 рет жарық көрген басылым бірталай тақырыпты жан-жақты қамтығаны
байқалады. Жиырмасыншы ғасырдың басында газет ең алдымен ағартушылық миссиясын
атқарғаны мәлім. Ал жиырма бірінші ғасыр ақпарат дәуірі ретінде айқындалып
отыр. «Сыр бойы” қай кезеңде болсын замана ағымына ілесіп, талабына үндесіп
келеді. Шапқан аттай, атқан оқтай
зымыраған уақыт «газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік” екенін тағы бір рет
дәлелдегендей.

Біздің
газет Қызылорда облысы әлі құрылмаған кезеңде 1929 жылдың 1 шілдесінен бастап
дәл бүгінгідей «Сыр бойы” деген атаумен жарыққа шыға бастаған. Басылымның аты
1932 жылы «Ленин туы” болып өзгеріпті. Ал 1938 жылы Қызылорда облысының
құрылуымен бірге газеттің атауы да «Ленин жолы” болып ауыс­ты. Осы атаумен
аймақтың негізгі баспасөзі ретіндегі міндетін еліміз тәуелсіздік алған кезеңге
дейін жалғастырды.

Тәуелсіздіктің
елең-алаң шағындағы құндылықтарды түгендеуге бет бұрған кезең газет өміріне де
өз өрнегін салды. Басылымның әу бастағы «Сыр бойы” деген атауын қайта табуы көп
талқылауды қажет етпеді. Өйткені тарихи атаудың өңірмен аттас, өмірмен мұраттас
екені еш дау туғызбайтын. Осылайша 1991 жылдың 24 қыркүйегінен тарихи
әділеттіліктің туы желбіреп, басылым «Сыр бойы” деген атына қайта қауышты. Сол
кезеңнен бас­тап басылым ел тәуелсіздігінің жетістіктерін сүйіншілеп, Сыр
өңірінің азат жылдардағы толайым табыстарының шежіресін жасап келеді. Істің
байыбына бармай байбалам салудан ада, сенсация қуудан бойын аулақ ұстайды.
Сексен бестің биігіндегі ата басылым байсалдылығынан айныған емес.

ӨҢІРМЕН АТТАС, ӨМІРМЕН МҰРАТТАС БАСЫЛЫМ«Ленин
жолының” 10 мыңыншы нөмірінің жарық көруі тарихта таңбаланып, 1972 жылы Қазақ
ССР Жоғары Кеңесі Құрмет грамотасы берілген. Басылымның 50 жылдығына орай 1979
жылы сол кезеңнің ең жоғары наградасы – «Құрмет белгісі” орденімен
марапатталды. Социалистік жарыстың жетістіктерін насихаттағаны үшін Мәскеудегі
бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне қойылды. Алғашында 2000 таралыммен
шыққан газет 1989 жылы 65 мыңнан астам оқырманға жетті. Тәуелсiздiк жылдарында
«Сыр бойы” өзінің позициясын одан әрі айқындап, қарт Қаратау мен айдынды
Аралдың аралығындағы жылт еткен жақсы жаңалықпен оқырманын сусындатып келеді.
Осынау еселі еңбекке берілген баға туралы айтар болсақ, 2005 жылы басылым
Қазақстан Журналистер академиясының «Алтын жұлдыз” белгісін, 2006 жылы
Президент грантын иеленді. «Сыр бойы” мемлекеттік бағдарламаларды аймақтық
деңгейде жан-жақты насихаттағаны үшін осындай құрметке бөленді.

Аймақ
аттас ата басылымның жарыққа шыққан ең алғаш нөміріне редактор ретінде талантты
журналист, танымал фельетоншы Жиенғали Тілепбергенов қол қойды. Бұдан кейін
жылдар жылнамасында газетке Қайыпназар
Қауымбаев, Мырзахмет Сәтбаев, Тойбазар Елемесов, Базарбай Сарбасов, Сүлеймен
Сейітов, Жұмаш Қонақбаев, Хамза Сыздықов, Зейнолла Жарқынбаев, Ұзақ Бағаев,
Қалқабай Әбенов, Нұрділда Уәлиев, Әскербек Рахымбеков, Жақсылық Рахматулла,
Серік Пірназар, Жолдасбек Ақсақалов және Нұрболат Аманжол сынды қаламгерлер
басшылық жасады. Қазір журналист Жұматәлі Әбдіраман ата басылымға жетекшілік
етеді. Әр кезеңдерде Сыдық Алдабергенов, Әбдікәрім Оңалбаев, Нұрғали Оспанов,
Әбсадық Жанзақов, Досмағанбет Тасекеев, Бөлебай Әлменов, Қадыр Алдоңғаров,
Орман Нұрхабаев, Құрманғали Ажаров, Ахметжан Нұрекеев, Әбділда Құрманаев,
Жарылқасын Шөкенов, Сақтапберген Әлжіков, Шәкір Қайырбеков, Сейітқасым
Сейтенов, Сұлтан Қожаниязов, Шора Ерәлиев, Саид Баязитов, Зұлқарнай Сахиев,
Қабыл Дүйсенбаев, Сейіл Боранбаев, Байжігіт Әбдіразақов, Сақтаған Есмаханов,
Дархан Сапаров, Қомшабай Сүйенішов, Рысты Бекбергенова, ағайынды Шәкірат және
Шәкізат Дәрмағамбетовтер, Болат Мұратбаев, Мырқы Исаев, Қайырбек Мырзахметов,
Өтеген Жаппарханов, Арзымбек Мәдединов, Ақберген Ержан, Базарбай Исаев,
Жақсылық Түменбаев, Нұрпейіс Байғараев, Әбдібай Уәлиұлы, Айжарық Сәдібекұлы,
Тоқболат Еңсегенов, Шайзада Рахметбеков, Әділхан Бәймен, Құттыбай Сыдық, Асқар
Кіребайұлы, Қази Данабаев, Оразбек Мақсұтұлы, Несібелі Рахмет, Сәрсенкүл Бихожа
еңбек етті. Бұлардың қай-қайсысы да өз заманында, өз уақытында аймақтың ата басылымының
шығармашылық жағынан өсіп-өркендеуіне, мезгіл міндетінің үдесінен көрінуіне өз
үлестерін қосты.

Газетке
2000 жылдары келген буын жоғарыда аты аталған қаламгерлердің көбісінің көзін
көрдік, кейбіріне шәкірт болдық. Өз басыма Нұрділдә Уәлиевтей абыз ақсақалмен
сұхбаттасудың сәті түсті. Марқұм Қази, Оразбек ағалардың тәлім мектебінен
өттік. Жасы сексенге таяса да, редакция ұйымдастырған шараларда ортамыздан
табылатын Рысты апай, Қайырбек, Айжарық, Ақберген, Өтеген ағаларға Алла қуат
берсін дейміз. Газетке балаң шағында фотоаппаратын арқалап келген Болат
Омарәлиев ағамыз осы жылдар аралығында Сыр бойының тасқа басылған шежіресін
жасады, әлі де жасап келеді.

Уақыт
алға озып, алдыңғы толқынды кейінгі толқын алмастыратыны заңдылық. Бүгінгі «Сыр
бойы” ұжымы қаламгер ағалар салған ізді жалғап, жаңалықтың бел ортасында
болуды, оны халыққа боямасыз жеткізуді мұрат тұтады. Газеттің жарыққа шығуына
тек журналистер ғана емес, дизайнерлер, терушілер, корректорлар маңдай терін
төгетінін ескерсек, ұжымдық жұмыстың нәтижесі аптасына 3 рет оқырман қолына
тиетін басылымға берілген бағадан айқын көрінеді.

Бүгінде
«Сыр бойы” газеті өзімен өкшелес орыс тіліндегі «Кызылординские вести” және
аудандық басылымдармен бірге «Сыр медиа” ЖШС-ның құрамына енген. Аймақта
мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізудегі тың тәсіл өз жемісін беріп келеді.
Өткен жылдың соңына қарай аймақтың ата басылымдарын біріктірген серіктестік
жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Еңселі Шығармашылық үйіне қазақтың біртуар
перзенті Темірбек Жүргенов есімі берілді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов қалдырған
«Газет– халықтың көзі, құлағы һәм тілі” деген тәмсіл бүгінде өзектілігін жойған
жоқ. Ақпарат алмасудың заманауи тәсілдері өмірімізге дендеп енгенмен, дәстүрлі
ақпарат көздері қатардан қалмады. «Сыр бойы” газеті тәуелсіздік пен мемлекет
саясатын насихаттаудағы басты
ұстанымынан айнымақ емес. Ол ұстаным – халықтың бірлігі мен ынтымағы.

 

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы” газетінің бөлім меңгерушісі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз