ӨРНЕКТІ ӨНЕГЕ

48

0

Ұстаз–адам бойындағы бар рухани байлықты, әсемдікті шәкірттеріне өнегелі ісімен дарытушы. Жүріп өткен жолы, өмірінің әрбір кезеңі, әр сәті өнегеге толы жандар бар. Әдетте, айналамызда күнде көріп жүрген адамдардың қадір-қасиетін көп айта бермейміз, тіпті бағалай да бермейміз. Ондай жаны жайсаң, жүрегі жомарт жандар арамызда жүр. 
Өз білімі мен біліктілігін ұстаздықтың ұлы жолына арнаған Гүлмира Пернебекқызының өнегелі өмірі көпке үлгі боларлық. Педагогтар отбасында дүниеге келген ол да  мәртебелі мамандықты таңдайды. Жасы өзімнен кіші болса да, қадірлі әріптес ретінде сыйласатын Гүлмирамен танысқаныма бүгінде жиырма жылға жуық уақыт болыпты. Қаладағы №140 қазақ орта мектебіне 1995 жылы жас маман болып келген ол, ұжыммен өзінің ізденімпаздығымен, іскерлігімен тез араласа білді.  
Қандай озық мәдениет болмасын, адамға оның төл мәдениетін алмастыра алмайды. Қазақ жастарының бойына қазақтың бірегей, қайталанбайтын ұлттық құндылықтарын сіңіріп өсіру де – басты парыз. Қазақтың ұлттық әдет-ғұрып дәстүріне, салт-санасының уызына қанбаған бала рухани жарымжан. Олай болса, жеке тұлғаның ұлттық сана-сезімі мен мінез-құлықтарын қалыптастыруда ұстаз қызметі орасан. Шын мәнінде ұстаз мінезімен де, ісімен де үлгі. Бұл жағынан Гүлмира Ахметова осындай асыл қасиеттерден де кенде емес. 
Ар алдындағы басты қағида – бұл өмірге адам болып келген соң, адамдық ат пен қасиетке дақ түсірмеу. Осындай өлшемдер тұрғысында қарағанда сондай аяулы жандардың бірі, жанымызда жүрген әріптесіміз дер едім. Мұғалім еңбегі қашанда шәкірттерінің жетістігімен бағаланады. Ол білім берген оқушылар республикалық «Ақбота» марафонында І, ІІ орындарға ие болып, түрлі ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жеңімпаздары атанды. Үнемі ізденісте жүретін Гүлмираның жаңалыққа жаны құмар. Он екі жылдық білім беру сатысына көшуге бағытталған кезеңде білім берудің жаңа стандартына үлкен жауапкершілікпен қарап, өз ұсынысын, ой-пікірлерін білдіруде. Өз балаларын біліммен, өнермен қарулануын назардан тыс қалдырмайтын үйдегі асыл ана Гүлмираны мектептегі шәкірттері де екінші анасы санайды десек, артық айтпаймыз. Отбасында аяулы жар, өнегелі келін, ақ жаулықты ананың бір бойында жақсы қасиеттері көп-ақ. 
Баян ЖҮСІПБЕКОВА,
№140 қазақ орта мектебінің мұғалімі.
Қызылорда қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз