ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

53

0

Биылғы жылдың алғашқы жарты¬жыл¬дығында облыста жүргізіліп жатқан құрылыстардың сапасы жақсарып, құрылыс заңдылықтарын бұзушылар азайды. Дегенмен, мердігерлердің жауапсыздығы мен техникалық, авторлық қадағалаушылардың біліксіздігі құрылыс сапасының мұнан да жақсара түсуіне кері әсерін тигізіп келеді. Бұл туралы Т.Жүргенов атындағы Шығармашылық үйінің телекоммуникациялар орталығында журналистермен жүздескен облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті директорының орынбасары Ержан Әмишаев айтып берді.
Ержан Шынтемірұлы алдымен департаменттің негізгі міндеті облыстағы сәулет-құрылыс бақылау жұмыстарын жүзеге асыратынын еске салып өтті. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында департаментке мемлекеттік және инвестициялар есебінен салынатын нысандарға құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін 255 өтініш түскен. Оның 202-сі жаңа құрылыс та, ал 53-і қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге тілек білдірген.
Жалпы бірінші жартыжылдықта департамент 348 тексеру жүргізіп, 43 әкімшілік іс қараған. Нәтижесінде барлық салынған әкімшілік айыппұлдың көлемі 6,6 млн. теңгені құраған. Сондай-ақ, әкімшілік іс өндірісін қарау үшін сотқа 42 іс жолданса, оның екеуі қысқартылып, 36-сы бойынша 987116 теңге айыппұл өндірілген. Ал төрт іс сот қарауына жіберілген.
Сонымен қатар өткен алты айда эксперттік қызметпен айналысуда 168 арыз түскен. Осы түскен арыз иелерінің 77-сі тестілеуге жіберіліп, оның 45-сі аттестат алса, ал 26-сы тестен өте алмаған. Сондай-ақ, аталған мерзім ішінде департаментке лицензияны қайта рәсімдеу, қосымша жұмыс түрін қосу мен жаңадан лицензия алуға 359 арыз түскен. Соның ішінде 200 лицензияның материалдары агенттікке жолданып, олардың сұранысы өтініштеріне орай қанағаттандырылған.
Мәслихат барысында департамент директорының орынбасары өткен жылы қаладағы «Мұз айдыны” ғимараты мен Арал ауданының Тоқабай ауылындағы 140 орындық мектеп құрылысын салу барысында бірқатар кемшіліктерге жол берілгенін атап өтті. Дер кезінде шара көрудің нәтижесінде ол кемшіліктер қайта қалпына келтірілген. Ал биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында құрылыс жүргізу сапасында ондай заң бұзушылықтар анықталмады. Қайта өткен жылдармен салыстырғанда құрылыс сапасы айтарлықтай  жақсарды. Оған мамандардың жұмысты жақсы меңгеруі мен жергілікті жердің құрылыс материалдарын көптеп пайдалануы да өз септігін тигізіп отыр. Дейтұрғанмен, кейбір мердігерлердің жауапсыздығы мен техникалық және авторлық қадағалаушылардың біліксіздігі салдарынан құрылыс салу заңдылығын сақтамау жайлары да кездесіп қалып жүр. Мұндай келеңсіздіктерге жол бермес үшін департамент мамандары оның алдын алу бағытында жүйелі жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Жалпы облыстағы қандай да бір нысанда болмасын, ондағы құрылыс сапасы нақты бақылауға алынған. Әрі халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бұл іс әр кез назардан тыс қалмайтын болады.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз