Құрылыс сұранысын қамтамасыз етеді

60

0

Құрылыс сұранысын қамтамасыз етедіШиелі ауданының халқы облыс орталығына құрылысқа қажетті материалдар үшін көп келе бермейді. Өйткені ел сұранысын қанағаттандырып, өз жобасын қанаттандырып жүрген кәсіпкер Жорабек Қалдаровтың темір-бетон және ағаш өнімдерін өндіру жұмысын жолға қойған кәсіпорны ел кәдесіне жарап тұр. Алты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан цех басшысы өткен жылы кәсібін кеңейту үшін Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік инвестициялық орталығының қолдауымен 5 млн 800 мың теңге көлемінде несиеге қол жеткізген. Бүгінде шаруасы шалқып, кәсібі өркен жайған.
Шағын зауыт 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Елдің қалтасына қонымды, сапалы тауар шығарумен қатар, ауданның 15 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау өнімдері зор сұранысқа ие компанияның тамырын тереңге тартты.
Әзірге компанияның шығарған өнімі аудан көлемін қамтып отыр. Болашақта облыстық деңгейге шығуды мақсат еткен ұжым қызметкерлері де оңай шағылар жаңғақ емес. Бірі бірінен асқан шебер. Солардың бірі – Талғат Жұмаханов. Табаны күректей төрт жылдан аса уақыт бойы ағаш цехында жұмыс істейтін ол бұл күнде шеберліктің жо¬ғары деңгейінде. Жұмысына қажетті барлық станоктарды еркін меңгерген ол басшылықтың мақтауына жиі қол жеткізеді. 
Мұнда жылына 1 500 текше метр ағаш өңделеді. Өндіріске қажетті шикізат Ресейден тасымалданады. Мүмкіндігінше қалдықсыз өнім шығаруға бар жұмысын бағыттаған мекеме мақсатына жетіп те жүр. Мәселен, бір ағаштан орта есеппен 5-6 тақтай шығарса, шатырлар мен үй төбелеріне қолданатын жалпақ бөренелерді тағы қосыңыз. Ең соңында қалған қиындының өзін құрылысқа қажетті материалдардың бөлшегіне пайдаланады. Ал тіпті жарамайтын қалдықтарды қысқа сақтап, отын ретінде пайдаланады. Ж.Қалдаров мемлекет көмегі арқылы осы кәсібіне қосымша газоблок өндіру ісін қолға алған. Зауыт күніне 400-500 дана газоблок шығаруға қауқарлы. Тұрғындар арасында кең қолданысқа ие бұл өнім жылуды жақсы ұстап тұрады, берік, әрі бағасы тиімді. Мұны көпшілік тұрғын үйге пайдалануда. Газоблок шығаруда да төзімділік пен табандылық керек. Ерғали Бұлтарановтың бойынан бұл қасиеттер табылады. Газоблок өндіру цехында екінші жыл еңбек етіп жүрген ол заман жаңарған сайын технологиялар мен құрылыс материалдарының да жаңа түрлері ене бастағанын жеткізді.
Заман жаңарды, онымен қоса адам да, айнала да өзгереді. Осыдан он жыл бұрынғы құрылыс жұмыстары мен қазіргі жайдың арасы жер мен көктей. Бұрын жылдап салатын көп¬қабатты үйлердің өзі қазір бірнеше айдың ішінде пайдалануға беріледі. Құрылыс материалдарының жаңа түрін жерлестерімен бөлісіп жүрген Жорабек Қалдаровтың әлі де тың бастамалардың басынан көрінетініне шиеліліктер сенімді.
Дәулет ҚЫРДАН.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз