САЛАМАТТЫ ЕЛГЕ БАСТАР ЖОЛ

77

0

Елбасының халыққа арнаған әрбір
Жолдауының ел болашағы үшін мәні мен
маңызы зор. Соның ішінде денсау­лық
мәселесін айрықша назарда ұстап, «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Ұлт
денсаулығы – біздің табысты бола­ша­­ғымыздың кепілі» екендігін алға қойды. Оны
іске асыру жолында ұлт денсаулығын
сақтау, халыққа сапалы медициналық көмек көрсету, саламатты өмір салтын жүргізу
және отандық медицина ғылымын дамыту туралы
нақты тапсырмалар берді.

Халқымыздың бақуатты да жайлы өмір
сүруіне барынша жағдай жасау – ұлт саулығын жақсарту жолындағы аса маңызды
міндеттердің бірі деуге болады. Елбасымыз
«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын елімізде экономикалық
тұрақтылықты сақтауға арнап, «Нұрлы жол – бұл әлемнің ең дамыған 30 елінің
қатарына ену жолындағы біздің ауқымды қадамымыз» деп атап көрсетті. Сондай-ақ,
білім беру мен денсаулық сақтау бағдарламаларының жалғаса беретінін айтып, «Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарады, жаңа және
заманауи мектептер мен ауруханалар жоғары сапалы қызметтер көрсетеді.
Нәтижесінде ол әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты мен өмір сапасында көрініс
табады» – деді.

Ұлттың саулығын жақсарту арқылы діттеген
мақсатқа жету барша дамыған мемлекеттер
ұстанған сарабдал саясат. Өйткені
мемлекеттің басты құндылығы – ұлты болып саналатындықтан, денсаулық сақтау
жүйесі жұмысының басты көрсеткіші де –
халықтың өмір сүру жасының ұзақтығымен бағаланады. Осыған байланысты Мемлекет
басшысы республика азаматтарының өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін жеткізу
туралы нақты міндет артты. Елімізде халықтың денсаулығын жақсарту бағытында ат­қа­рылып
жатқан шаралардың нәти­жесі қаншалықты, қандай тиімді ша­ра­лар іске асырылуда
осының бә­рін күтілетін өмір сүру жасының ұзақтық көрсеткішінен аңғаруға
болады. Осыдан бірнеше жыл бұрын халқымыздың саулығын сақтап, өмір сүру
ұзақтығын арттыру мақсатында
министрліктер мен әкімдіктер арасында меморандум бекітіліп, индикаторлық
көрсеткіштерге жетелейтін шаралар жолға қойылды. Ол кезде орташа өмір сүру
ұзақтығы небәрі 60 жастың айналасында болса, қазіргі таңда облысымызда
күтілетін өмір сүру жасы 71-ге жетті. Облыстық денешынықтыру және спорт
басқармасының мәліметі бойынша 2014 жылдың 10 айында күнделікті денешынықтыру
және спортпен айналысатындар облыс халқының 23,4 пайызын құраса, былтыр бұл
көрсеткіш 22,7 пайызға тең болған. Ал, облыс бойынша темекі шегетіндер саны
скринингтік тексерулер және сауалнама жүргізу нәтижесінде 14,5 пайызға
төмендеген. Тұрғындардың өмір сүру жағдайын анықтайтын 5-ші Ұлттық зерттеудің
мәліметі бойынша және скринингтік тексеру нәтижесінде 2014 жылдың 10
айында ішімдік қолданысының таралу
деңгейі 13,5 пайызға азайған. Сонымен
қатар скринингтік зерттеулер нәтижесінде артық салмақ 25,1 пайызға төмендеген.
Бұл – нәтижелер дұрыс бағыт пен салиқалы істердің жемісі.

Мемлекет басшысы алға қойған міндетті
орындауда денсаулық сақтау саласы 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты
Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шараларының үйлестірушісі
болып отыр. Алты бағыт бойынша жүргізіліп жатқан бағдарламаны жүзеге асыру бір
ғана денсаулық саласының міндеті емес, барлық салалардың бірлесіп атсалысуымен,
қоғам болып жұмылуды қажет ететін мемлекеттік маңызы бар саясаттың бірі. Бұл
бағыттар азаматтардың денсаулығын қорғау мәселелері бойынша сектораралық және
ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға; профилактикалық
іс-шараларды, скринингтік тексерулерді күшейту, негізгі әлеуметтік-елеулі
ауруларды ерте сатысында диагностикалау, емдеу және оңалтуды жетілдіруге;
санитариялық-эпидемиологиялық қыз­­мет­ті жетілдіруге, денсаулық сақ­тау­дың
бірыңғай ұлттық жүйесінде медициналық көмекті ұйымдастыру, басқару және
қаржыландыруды жетіл­діруге; медициналық, фармацевти­ка­лық білімді жетілдіру;
медицинада инновациялық технологияларды дамыту және енгізуге; халыққа
дәрі-дәрмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға арналған. Жолдауда айтылып өткендей,
денсаулықты сақтауға арналған мұндай бағдарламалардың одан әрі жалғасын
табатыны – ұлт саулығының жақсаруына айрықша ықпал етері сөзсіз.

Елбасымыз бұрынғы Жолдауында мемлекеттің, жұмыс
берушілердің және қызметкердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігін
қалыптастыру туралы нақтылаған болатын. Оны орындау әрбір жұмыс берушінің
тікелей міндетіне айналуы тиіс. Барлық әлеуметтік аурулардың дер кезінде алдын
алып, ұлт саулығына төнген қауіп-қатерді
жоюға арналған Ұлттық скрининг бағдарламасының орындалу пайызы жоғары болғанымен, нәтижелі
жұмысының пайызы әлі де көңіл көншітпейді. Тексеруге жоспарланған халықтың
басым көпшілігін жұмыс жасындағы адамдар құрағандықтан оларға көп жағдайда
толық тек­се­ру­ден өтуге жұмыс беруші тарапынан мүмкіндіктер жасалмауда. Скри­нингтік
тексерулердің облыс көле­міндегі көрсеткіштерін келтірер бол­сақ, үстіміздегі
жылдың 10 айында тексеруге жас шамалары
бойынша осы жылға жоспарланған 323320
тұрғынның 302703-і тексеруден өтіп,
93,62 пайызды құрады. Тексеруден
өткендердің ішінен 9722 науқас бірінші
рет анықталып, 9305 адам диспансерлік
есепке алынған.

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйы­мының
нұсқаулықтарында айтылған­дай, адамның
өмір жасы ұзақтығының 15 пайызы ғана денсаулық сақтау жүйесіне қатысты,
қалғандары басқа факторларға тиесілі екені дәлелденген. Сондықтан
саламаттылықты мақсат еткен мемлекеттік бағдарламаның өз деңгейінде жүргізілуі
үшін басқа салалардың жанашырлықпен ынтымақтастық
танытуын қажет етеді.

Өркениеттің жолындағы елдің ертеңі –
халқының саулығына байланысты. Халықтың дені сау болып тұрса, мемлекеттің де
қадамы нық, келешегі кемел болары сөзсіз. Нұрлы жолға бағыттайтын саламаттылық
– саулық кепілі, ал саулық – табысты болашақ екенін ұмытпайық!

Қайрат МЫРЗАХМЕТОВ,

облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз