Салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметін бәсекелестік ортаға жіберудің тиімділігі қандай?

100

0

Елімізде маусым айынан бастап 2014-2016 жылдарға
арналған жекешелендірудің екінші
толқыны басталып, мемлекет меншігіндегі кейбір кәсіпорындар мен мекемелерді
бәсекелестік ортаға жіберу көзделді.
Мұндағы мақсат жеке бизнес
қызметтерінің жұмысын дамытуға бағытталып отыр. Жекешелендірудің екінші толқыны
бұл оңай қадам емес, мемлекет пен нарық арасындағы жауапкершілікті қайта
бөлісуді қажет етеді.

«Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған
кешенді жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31
наурыздағы №280 қаулысымен бекітілген жекешелендіруге жататын республикалық
және коммуналдық меншік ұйымдарының тізбесінде Қызылорда облыстық салауатты
өмір салтын қалыптастыру орталығы айқындалған.

Елбасының «Қазақстан-2050 стратегиясын», ҚР
Үкіметінің 2011-2015 жылдарға арналған
«Саламатты Қазақстан» бағдарламасын іске асыруда, салауатты өмір салтын
қалыптастыру орталығы облысымызда бірден-бір орындаушы, ұйымдастырушы және
салааралық қызметті, қоғамдық ұйымдар мен тәуелсіз мемлекеттік емес ұйымдардың
жұмысын үйлестіруші мекеме.

Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында
саламатты өмір салтын қалыптастыруға мән беріліп келеді. «Қазақстан-2050»
Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына
арнаған Жолдауында профилактикалық медицина аурудың алдын алудағы басты құралға айналуына, халықпен
ақпараттық, түсіндірмелік жұмыс
жүргізуге ден қоюға басымдық берілген. Бұл мақсаттарды іске асыруда салауатты
өмір салты орталығының жұмысын үздіксіз
жандандыру, оның нәтижелігін арттыру тек облыс көлеміндегі атқарылар іс емес.
Ол бүкілхалықтық сипатын жоғалтпауы тиіс
үлкен шара деп ойлаймыз. Өйткені, алда бас­ты мақсат ұлт саулығын
нығайтып халықтың орташа өмір сүру жасын 80-ге
жеткізу межесі тұр.

Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру
орталығы құрылған 1998 жылдан бастап өз
міндетін абыройлы атқаруда. Бүгінде облыс және аудан орталықтарында штаттық
кестеге сәйкес 83 қызметкер жұмыс
жасауда, осы жылы қосымша психолог мамандармен толықтырылды. Халыққа
салауаттылықты насихаттау қызметтерінің барлығы тегін жүргізетіндіктен
орталықтың бәсекелестік ортаға жіберуде қиындықтар туындайтыны шындық.
Салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жұмыс жасап отырған орталық
қызметіне биыл 16 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында салада білікті мамандар
даярлауға ерекше мән берілді.

Салауатты өмір салтын жүйелі жүргізудегі алға
қойылған міндеттер Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың
2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының
шеңберінде министрліктің жүргізген саясатымен іске асырылады. Оны орындау
тікелей салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығына жүктелген.
Саламатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы № 2136 қаулысымен бекітілген тегін
медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне кіреді. Салауатты өмір салтын насихаттау шаралары
еліміздің әрбір азаматына тегін жүргізілуі тиіс екенін ескерсек, салауатты өмір
салтын қалыптастыру қызметін жекешелендіруге өткізу аймақ халқы үшін тиімді
жағы қарастырылатын болады деген сенімдеміз.

Саламатты өмір салты – ұлт саулығының кепілі. Ол адам мәдениетінің бір бөлігі. Ал,
денсаулық адам бақытының негізгі бөлігі болса, ұзақ өмір сүру сыры – саламатты
өмір салтында.

Қ.МЫРЗАХМЕТОВ,

«Салауатты
өмір салтын қалыптастыру облыстық орталығы» МКҚК директоры.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз