САРАТС-2 ЖОБАСЫНА ҚАРЖЫ БӨЛІНЕДІ

53

0

САРАТС-2 ЖОБАСЫНА ҚАРЖЫ БӨЛІНЕДІ

Бейсенбіде облыс әкімшілігінің мәжіліс залында облыс әкімдігі мен
Дүниежүзілік банкі арасында САРАТС-2 жобасына қажетті қаражатты бөлуге қатысты
меморандумға қол қойылды. Жиында аталған банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Сародж Кумар Джа бұрынғы әріптестікті
жалғастырып, аймақ халқының денсаулығы мен экологиялық ахуалын жақсартуға
бағытталған бұл жобаға да қолдау білдіруге дайын екендіктерін жеткізді.
Осылайша, аймақ халқы бірнеше жылдан бері сарыла күткен жобаның екінші кезеңіне
қаржы бөлінетін болды.

Облыс әкімшілігінде өткен маңызды басқосуға Қоршаған орта және су
ресурс­тары вице-министрі Ерлан Нысанбаев, Дүниежүзілік банкінің Орталық Азия
бойынша өңірлік директоры Сародж Кумар Джа және Халықаралық қаржы корпорациясының
Орталық Азия елдері бойынша өңірлік менеджері Моазам Ахмед Мекан, «Қазақстандық
мемлекеттік-жеке серіктестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Азамат Ойнаров
қатысты. «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік
бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін жүзеге асырудың алғышарттарын
талқылауға арналған жиынды аймақ
басшысы Қырымбек Көшербаев ашып, мәртебелі меймандардың қадамына сәттілік
тіледі.

Облыс әкімі Елбасының
бастамасымен САРАТС жобасының І кезеңі қолға алынып, оның Дүниежүзілік банкінің
қолдауымен жүзеге асқанын, маңызды жобаның ІІ кезеңі де Мемлекет басшысының
тікелей бақылауында тұрғанын атап өтті. Кіші Арал теңізінің дүниеге келуі
аймағымыздың халықаралық қаржы ұйымдарымен әріптестік жағдайда жұмыс
тәжірибесінің барын айғақтайтынына тоқталды.

САРАТС-2 ЖОБАСЫНА ҚАРЖЫ БӨЛІНЕДІ– Жылдар бойы бүкіл әлем теңіздің тартылуына алаңдаса, қазіргі кезде
Қазақ­станның Арал теңізінің солтүстік бөлігін құтқару жобасын жүзеге асырғанын
таңдана айтуда. Елбасымыздың бастамасымен жүзе­ге асқан бірегей жоба бүгінде «ғасыр
жобасы» ретінде танылды, – деді облыс әкімі.

Оқырманның жадында болса, ел
аузында Көкарал бөгеті деп аталып кеткен ұзындығы 13 шақырымды құрайтын Көкарал
су тоспасының құрылысы 2006 жылы
аяқталғанан кейін бір қыс көлемінде Арал теңізінің солтүстік бөлігі Балтық
жүйесі бойынша әуелі 38 метрлік деңгейге жетті. Кейін су молая келе бұл 42
метрге көтерілді.

Осы игілікті істің нәтижесінде облыстағы көлдер жүйесі суға толып,
аймақтың флорасы мен фаунасы қайта жанданды.Бір кездері теңіз аттас шаһардан 74
шақырымға алыстап кеткен теңіз айдыны қазір аудан орталығына 53 шақырымға
жақындады. Ал, ең бастысы, өңірдегі атакәсіп – балық шаруашылығы қайта дамып,
теңіз жағасындағы қалың жұрттың Кіші Аралдың болашағына деген сенімі артты. Ата
қонысты тастап сыртқа көшіп кеткен байырғы балықшылардың бүгінгі ұрпағы
қасиетті теңізге қайта оралды. Себебі, бұл кезде жобаның бірінші кезеңі
аяқталып, өңірде 5 бірдей балық зауыты салынып, тұрақты жұмыс орындары ашылып
жатқан еді.

Алғашында теңізден жылына 400 тонна балық ауланып келсе, қазіргі кезде
оның көлемі 4500 тоннаға жетті. 1990 жылдардың басында камбаладан басқа «су
маржаны» қалмаған теңізде балық түрлері көбейіп, жоғалып кеткен балықтар қайта
көрініс тапты. Бүгінде мұнда «су маржанының» 20-дан астам түрі ауланып, жергілікті
жердегі балық өңдеу зауыттарына жіберілуде.

Эколог мамандардың айтуынша, Солтүстік Арал теңізі суының тұздануы
бұрынғысынан әлдеқайда төмендеген. Теңіз айдыны ұлғайып, ондағы су көлемі 15
текше шақырымнан 27 текше шақырымға дейін жетті. Ал, Сырдария өзенінің қыста су
өткізу қабілеті 650-700 текше метрге дейін көтерілді. Сонымен қатар, Қараөзек
арнасының су өткізу қабілеті 60-тан 400 м3/секундқа дейін жоғарылады.

Қоршаған орта және су ресурстары вице-министрі Ерлан Нысанбаев САРАТС-1
жобасының осылайша сәтімен жүзеге асқанын жеткізді. Осы жобаның жалғасы болып
табылатын екіші кезеңді жүзеге асыру Арал өңірі тұрғындарының денсаулығы мен
экологиялық ахуалын онан әрі жақсартуға бағытталып отырғанына тоқталды. Мұнан
соң вице-министр Дүниежүзілік банкімен келісім жасалғанын, енді 2015-2020
жылдар аралығында, яғни алдағы 5 жыл ішінде жүзеге асырылатын бұл жобаға
аталған банк тарапынан 22,2 миллиард теңге қаражат бөлінетінін мәлімдеді.

Ол облыс үшін өмірлік маңызы бар жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру Арал
өңірінің қоршаған орта жағдайын және әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға
мүмкіндік беретінін атап өтті.

Өз кезегінде Дүниежүзілік банктің Орта Азия елдері бойынша өңірлік
директоры Сародж Кумар Джа аталған банктің су ресурстарын басқаруға айрықша мән
беретінін, бұл жобаны қаржыландыру Қызылорда облысының халқы үшін аса маңызды
болып табылатынын жеткізді.

Келесі сәтте вице-министр Е. Нысанбаев пен Дүниежүзілік банкінің
Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Сародж Кумар Джа САРАТС жобасының екінші
кезеңін қаржыландыруға қатысты құжатқа қол қойды. Жобаны қаржыландыруға банктің
дайын екендігін жеткізген мәртебелі мейман тараптар жұмысына табыс тіледі.

Енді ғасыр жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруға қатысты барлық
құжаттар жыл соңына дейін әзірленетін болады. Ал құрылыс жұмыстары келер жылы
басталады деп күтілуде.

Осы басқосуда тағы бір маңызды келісім-шарт жасалды. Халықаралық қаржы
корпорациясы мен облыс әкімшілігі және «Қазақстандық мемлекеттік-жеке
серіктестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы әріптестік туралы меморандумға қол
қойды. Бұл корпорация орташа дамыған елдерге жеке инвестиция салымын ұлғайтуға
жұмыс жасайды, сондай-ақ, халықтың өмір
сүру жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларды қаржыландырып отыратын қаржы
институты. Осы корпорацияның Орталық Азиядағы өңірлік менеджері Моазам Ахмед
Мекан аталған қаржы корпорациясы Қызылорда облысы әкімдігімен бірлесіп, білім,
денсаулық саласы бойынша әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруға дайын
екендігін жеткізді.

Кездесуде «Қазақстандық мемлекеттік-жеке серіктестік орталығы» АҚ
басқарма төрағасы Азамат Ойнаров мемлекетпен қаржы институттары өңір
экономикасын дамыту бойынша серіктестіктің маңыздылығын арттыратынын атап өтті.

 

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз