САРЫП

105

0

Сарып ауруы (бруцеллез) – малдан адамға жұққыш қауіпті кеселдің бірі. Сарыптың қоздырғышы бар, оны «бруцелла» дейді. Сарып ауырған қойдан, ешкіден және сиыр мен шошқадан жұғады. Қоздырғыш – сыртқы ортада, ауырған малдың етінде, сүтінде, сүттен жасалған құрт, сүзбе, ірімшік секілді тағамдарда он, кейде отыз-қырық күнге дейін өмір сүреді. Ауру малдар қонысында, қыстағында, су ішкен өзен-көлінде, тіпті шіри бастаған ауру малдың өлексесінде бір айдан төрт айға дейін тірі қоздырғышты кездестіруге болады.
Қой мен ешкі сарыппен жиі ауырады. Сондықтан олардың зәрі, тезегі, қиы және тағы басқалары арқылы оны бағатын немесе етін жеп, сүтін ішкен адамдарға жұғады. Ауру мал төлдегенде (бұзаулағанда, қоздағанда, лақтағанда) күніне жетпей іш (төл) тастағанда, төлдің денесінде, малдың шуында, қағанағында да қоздырғыш болады. Бұл өте бір қауіпті кезең. Шала-жансар туған және іш тастаған, өлген төл – сарыптың қоймасы. Өлексені ұстаған адам және оның етін жеген хайуанат көбінесе жазғытұрым жұқтырады. Бұл малдың төлдейтін маусымы.
Мал дәрігерлері ауру деп тапқан мал басы оқшауланып, бөлек бағылуы керек. Олар арнайы күтімді тілейді, мұндайда малшылар да сақтық шарасын мұқият орындауы керек.
Кеселдің алғашқы белгілерінің сезілуіне орта есеппен үш жетідей мерзім керек. Науқас мең-зең күйге түседі, сүйектері сырқырайды, анда-санда денесі ысып, басы ауыратын болады. Дене қызуы кешке қарай 38-39 градусқа дейін көтеріліп, ал ертемен төмендей бастайды. Бұған науқастың қатты терлеуі себеп болады. Сөйтіп, сарыппен ауырған науқастың бой қызуы бірде өршіп, бірде басылып отырады.
Сарып – қауіпті созылмалы дерт. Сарыппен науқастанған адам аурухана жағдайында ұзақ емделуі тиіс. Науқас сауықтым дегенмен кеселдің қайталауы жиі кездеседі, көбіне асқынып мүгедектікке ұшыратады.
Аурудың алдын алуға болады. Сарыптан сақтану үшін мал бағушылар аурудың жұғатын жолдарын білуі шарт. Ауырған малды күтушілер сақтық шарасын мұқият орындауы тиіс. Малдың қорасын, олардың төңірегін тазалауға керекті құрал-саймандарды, мал суарылатын астауларды мал дәрігерінің нұсқауы бойынша зарарсыздандырып отыру керек. Сол жерде жұмыс атқаратын адамдар денсаулығын тексертіп тұруы керек. Егер аурудың жұққаны сезіле қалса, айыққанша емделуі тиіс.
Ж.ҚАЛИЕВ,
ОСЭСО этномолог көмекшісі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз