САЙЫН ДАЛА СҰЛУЫНА СУЫҚ ҚАРУ КЕЗЕНГЕН

58

0

Киікті қазақ және дейді бөкен,
Бетпақты байғұс бөкен қылған мекен.
Киікті атып аңшы өлтіргенде,
Жазықсыз жан өлді деп ойлай ма екен?
Бұл Сәкен Сейфуллиннің ХХ ғасырдың басында киік жайында жазған өлеңі. Жазықсыз тіршілік иесін ату сол кезден-ақ мәселе болғанға ұқсайды. Қазір ше? 
Облыс орталығында лезде әңгіме тарап кетті. Ақпанның қақаған суығына шыдамаған киіктер Қызылорда облысының аймағына ентелей енді. Мұндайды құр жіберер аңшылар ма? Мылтық кезеніп, талайын жантәсілім етіп жатыр. Қызыл кітапқа енгеніне және ерекше қорғауда тұрғанына қараған ешкім жоқ.  
Қазақ үшін ұлы даланың киесі саналатын, құралайына талмай сүйсінетін жануардың адам қолымен жаппай жойылып жатқанына бір жағынан сенгіңіз де келмейді. Әйткенмен бүгінгі қазақ бөкенді аштықтан емес, ашкөздіктен қырып жатыр. Мәселен, мүйізіне бола сайын даланы қан сасытып жатқан браконьерлер туралы қанша сөз болды, бірақ оларға тоқтам табылған емес. Сондықтан да киікке қарсы жасалатын тағылыққа, ең бірінші, өткізетін нарықтың, тәуір ақшаның иісі барғызатыны мәлім болып отыр. Қытайдың дәстүрлі медицинасында бөкеннің мүйізіне деген сұраныс зор. Ақшаның көзі де осы бағыттан қол бұлғап тұр. Бейресми мәліметтерге қарағанда, өңірлерде киік мүйізінің бір келісі 100-150 мың теңге аралығында тұрса, Алматыда бұл – 200 мың теңгеге, ал одан арырақтағы басты тұтынушы Қытайда 4000 АҚШ долларына дейін барады екен. Қытайда мұны, негізінен, дәстүрлі медицина индустриясында қолданса, бір ғана осы саладағы мүйізге жыл сайынғы сұраныс 8 тоннаға дейін барады. Киікті қырғынға ұшыратқан еті емес, әдемі аймүйізі болып отыр. Ал, мүйізіне бола қырылған киіктің еті де жеңсік асқа айналған. Қаламызда киіктің етін сатумен айналысып жүргендер жайында әңгімені естіп жүргеніміз жасырын емес. Оның үстіне «Ескі киік мүйізін сатып аламыз” деген жарнама да браконьерлерді желіктіріп тұр. «Ескі” сөз тегіннен-тегін қойылып тұрған жоқ. Қағаз жүзінде судан таза, сүттен ақ болғысы келетін жандардың әрекеті. Осы уақытқа дейін ескі мүйізді кім ұстап жүрсін? Айтпақшы, мүйіз тек аталық киікте болатынын ескерсек, бұл ақбөкендердің өсуіне де өз кедергісін тигізіп отыр. 
Сахараның киесі киіктердің еліміз бойынша саны өткен ғасырдың 60-70 жылдары 2 млн.-ға жетіпті. 15-20 жыл бұрын 1 миллионнан аспады. Оған себеп, сапа емес, сан қуған кеңестік үкіметтің өнім санын арттыру бағытында киікті қынадай қырғаны. Ал, ел тәуелсіздігін алған жылдары ұлан-ғайыр даланың төсінде ақбөкенді қынадай қыру жүзеге асты. Нәтижесінде 2001 жылы сол миллиондаған киіктен бар-жоғы 20 мың ғана қалды. Қандай қасірет десеңші! Әрине, түсінгенге, ұғынғанға. 2003 жылғы санақ барысында бөкендердің саны 21 мыңнан асқаны байқалды.  
Қиындықты өз қолымен жасап алып, соңынан болары болып, бояуы сіңгесін өкінетін, өкінгенситін қоғамға не дауа? Осы кезден құзырлы мекемелер, қоғамшыл кісілер дабыл қаға бастады. Нәтиже, әрине, шүкіршілік етердей ғана — Қазақстандағы киік саны, білушілердің айтуынша, 102 мың басқа жетіп жығылыпты. Қытай мен Түрікменстанда киік мүлде жойылыпты да, 5 мыңдайы Қазақстан мен Өзбекстан аралығында көшіп жүреді-міс. Он мыңдайы Қалмақияның қорықтарында, 3,5 мыңы Моңғолияда көрінеді.
Елімізде киік аулауға тыйым салуды белгілеу туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің 2005 жылғы 22 қыркүйектегі № 206 бұйрығына сәйкес, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында киіктерді, ғылыми мақсаттарға пайдалануды қоспағанда, 2011 жылға дейін оларды аулауға, сондай-ақ олардың мүйіздері мен өнімдерін жинауға, дайындауға, сатып алуға немесе өткізуге тыйым салынған іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында бірқатар жұмыстар жасалып жатыр. Сонымен қатар Орман және аңшылық шаруашылығы комитетіне жойылып бара жатқан ақбөкендерді ҚР Қызыл кітабына және Халықаралық табиғат қорғау одағына енгізу туралы ұсыныс берілді. 2010 жылдың 17 наурызында ҚР Президентінің Өзбекстанға мемлекеттік сапары барысында Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтерінің арасында киікті нақты көбейту, өсімін молайту және қорғау жөнінде Келісімге қол қойылды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2010 жылдың 10 қарашадағы № 104 «Қазақстан Республикасы аумағында 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін киіктерді аулауға тыйым салу» туралы бұйрығы шықты. Алайда, оған пысқырып жатқан браконьерлер жоқ. 
Мәселен, киіктердің кешегі ақпанның ақ түтегінде елді-мекендерді сағалағанын пайдаланып, аңшылардың қанжығасы майланып, қанжары қанға боялып қалды. Сол уақытта қалалық прокуратура мамандары облыс орталығына қарасты Қарауылтөбе, Қараөзек, Қаракөл, Айнакөл және Абай ауылдарында рейдтік тексерулер жүргізген еді. Нәтижесінде Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Абай ауылында М.Қ. есімді азаматтың ауласынан 8 бас ақбөкеннің денесі табылды. Әдетте, мүйізіне бола қырғынға ұшыраған киіктердің етін өткізу мүмкін болмағанға ұқсайды. Аталған дерек бойынша 29.01.2014 жылы қалалық прокуратурамен Абай ауылының тұрғыны үстінен ҚР ҚК-нің 290-бабына сәйкес және белгісіз адамдарға қатысты киіктерді қарумен ату, заңсыз аулау фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 288-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған қылмыстар бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. 
Бұл бір ғана прокуратура қызметкерлерінің рейдтік тексеру жүргізуде анықталғаны, ал ұсталмай жатқаны қаншама? Осыдан соң ішкі істер басқармасына, облыстық орман және аңшылық шаруашылық аумақтық инспекциясына заңсыз киік аулаудың алдын алу шараларын ұйымдастыру жөнінде ұсыныс енгізілді. 
Бүгінде Арқадан ауып келген киіктердің жағдайы да шамалы, жем-шөбін таба алмай, Қарақұмның ел жайлаған тұсына келіп, тіреліп тұр. Осыны пайдаланған адамдар оған қасқырдай тиіп, қырып барады. Киік аулаумен күнін көре алмай отырған қарапайым адамдар емес, астарында қымбат көліктері бар, тұрмысы жақсы, көбі кәсіпкерлер мен шенділер. Киіктің өзі көргенге табиғаттың сулулық сыйы емес пе? Оның азғана арық-тұрақ етін жегенде не бүйрің шығып тоясың, одан күнкөріс болып не оңады дейсің. Әйтеуір таңсық үшін, киіктің етін жедім дегені болмаса.
Киік саны әлі де қауіпті деңгейде тұр. Ақбөкеннің азаюы тек Қазақстанның, оның ұлы даласының ғана емес, әлемнің проблемасына айналып отыр: жан-жануардың әр алуан түрлері біріндеп құри берсе, адамзаттың да жүрімі тарылатыны рас. Бірақ, киік алдымен бізге, біздің сарышұнағы да азайып, құла түзге айналып бара жатқан даламызға керек. Демек, бұл да қазақтың бір  проблемасы.
Ә.АБДУЛЛАЕВ,
Қызылорда қаласының прокуроры.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз