СӘБИЛЕР ОТБАСЫМЕН БАҚЫТТЫ

70

0

Сейсенбіде Қызылорда облыс­тық
денсаулық сақтау басқармасының мәжіліс залында медицина мамандары мен үкіметтік
емес ұйым өкілдері бас қосты. Жиын барысында ана мен бала денсаулығын жақсарту,
жетім балалар санын азайту жолдары мен «Чернобыль және Арал балалары” халықаралық
қоғамдық қоры ұйымдастырған «Отбасындағы бала” жобасының алғашқы нәтижелері талқыланды.

Былтыр жазда басталған аталған жоба жаңа туылған нәрестелер мен
3 жас аралығындағы балалардың әлеуметтік жетімденуінің алдын алуға бағытталған.
Жобаны ұйымдастырушы Құралай Исаева бүлдіршіндердің отбасында ата-ана қамқорлығына
бөленіп, балалық шағын бақытты өткізгенін қалайды. Оның айтуынша, 2015 жылы елде 1018 бала жетім
қалса, оның 80 пайызының ата-анасы немесе жақын туысқандары бар екен. Алайда, олар
әртүрлі себептерге байланысты бала тәрбиесімен айналыса алмайтындықтарын көрсеткен.

– Біздің аймақта ғана емес, еліміз бойынша балаларынан бас тарту
қаупі бар топқа жататын отбасылар мен балаларды, интернаттық мекемелердегі балаларды
толық қамтитын инновациялық әлеуметтік қызмет инфрақұрылымын енгізу үрдісін жылдамдатуымыз
қажет. Ал мен жетекшілік ететін қоғамдық қор мен перинаталдық орталық, №4 емхана
мамандары бірлесе жүзеге асырған жоба алғашқы нәтижелерін де көрсетті. Мәселен,
былтыр қала бойынша баласынан бас тартуға оқталған 39 отбасының 29-ы жүргізілген
жұмыстар нәтижесінде өз пікірлерін өзгертті. Сәбилер ата-анасынан жырақтап
кеткен жоқ. Сонымен қатар, қауіпті топқа жататын әйелдерге 300-ден аса арнайы
әлеуметтік көмек көрсетілді, – деді Құралай Исаева.

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл мәселелер әлеуметтік
жағдаймен тікелей байланысты. Сондай-ақ, балалардың туабітті науқасқа шалдығуы
ата-аналардың ауыр қадамға баруына түрткі болуда. Сондықтан бүгінде аймақтағы
әрбір емханада отбасын жоспарлау кабинеттері жұмыс жасауда. Себебі, ақ
халаттылар облысымыздағы 100 әйелдің тек сегізінің ғана денсаулығы мықты
екендігін айтып отыр.

М.ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз