СЕКСЕУІЛ ТАБИҒАТҚА ЖАН БІТІРДІ

55

0

СЕКСЕУІЛ ТАБИҒАТҚА ЖАН БІТІРДІОблыс көлеміндегі жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің қорғалуына және сақталып, көбеюіне мемлекеттік бақылау жасайтын бірден-бір мекеме ол – облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы. 
ҚР Үкіметі осыдан он жыл бұрынғы қаулысымен 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін сексеуіл ормандарында кесудің барлық түріне тыйым салды. Себебі, сексеуіл – даланың байлығы, жайылымдық қоры. Оның топырақ қорғау қасиеттері бар.  Соған  қарамастан облыс көлемінде, оның ішінде жекелеген елді мекендерде сексеуіл отынын құжатсыз, заңсыз дайындап, тасу, кесу фактілері әлі де кездеседі. Өткен жылы сексеуілді заңсыз кескендердің 17 жағдайы анықталды. Кесілген сексеуіл көлемі 22,4 текше метр. Табиғатқа келген залал 194 мың теңге.  Биылғы жылы мұндай заңбұзушылық тіркелген жоқ.
Біздің облыстың топырағының құнарсыздығы, жауын-шашынның аз болуы егілген ағаш-бұталардың өсуіне кері әсерін тигізеді. Осы жайтты ескерген облыс көлеміндегі орман шаруашылығы мекемелері соңғы жылдары сексеуіл ормандарын қолдан отырғызу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Атап айтқанда, өткен жылы облыс бюджетінің есебінен 1204 гектар жерге сексеуіл көшеттері отырғызылып, 5933 гектар жерге сексеуіл тұқымдары себілді. 
 Сонымен қатар, 2008 жылдан бастап «Ормандарды сақтау және республика аумағының орманды жерлерін  көбейту» жобасына сәйкес облыс көлемінде Арал теңізінің құрғап кеткен ұлтанына сексеуіл отырғызу жұмысы да қолға алынды. Нақтырақ айтқанда – 2008 жылы – 500 га, 2009 жылы – 5000 га, 2010 жылы – 8500 га, 2011 жылы – 15342,9 га, 2012 жылы – 10820 га, 2013 жылы – 6580 га сексеуіл егілді. Осы жобаның қолға алынуымен Қазалы қаласында зертханасымен бірге қажетті көшеттерді өсіріп шығару үшін тұрақты орман тұқымбағы ұйымдастырылды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде бүгінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанында сексеуіл орманы пайда болып, өлі табиғатқа жан біткендей болды. Сексеуіл тоғайлары арасында әртүрлі құстар мен аңдар мекен ете бастады. Дегенмен, бұл істер оңайлықпен атқарыла қойған жоқ. Оны жүзеге асыруда көптеген қиыншылықтардың кездескенін де атап өткен жөн.
Тәңірберген ТӘЙІМБЕТОВ,
облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бас маманы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз