СЕКСЕУІЛГЕ СЕРПІН БЕРГЕН ЖОБАЛАР

71

0

СЕКСЕУІЛГЕ СЕРПІН БЕРГЕН ЖОБАЛАР

Әрбір өңірдің бетке ұстар елді мекені болады. Олар мейлі әлеуметтік
тұрғыда немесе өзге қырынан болсын, басқалардан дараланып тұратыны рас. Мұндай
ауылдар теңіз төскейіне де жат емес. Шалғайдағы Сексеуіл кенті өзінің табиғи
келбеті, бітім-болмысымен осындай бағаға лайықты. Кенттің құрылған уақытына көз
тастасаңыз, қазақ халқының жүрегіне өшпестей жазылған 1937 жылдан басталғанын
байқайсыз. Тұрғындар саны жағынан республикамыздағы кейбір шағын аудан
орталығымен теңесетіндей дәрежеде. Бұған кентке қарасты әлденеше елді мекеннің
бары айғақ болады. Мұндағы ақпейіл де жомарт, кімге болса да пікірін бүкпесіз
айтатын ағайынның басым бөлігі теміржол саласында еңбек етеді. Бұрын теміржолға
бағынышты әлеуметтік нысандар, инженерлік құрылымдар қазір коммуналдық меншікке
берілуде.

Соңғы жылдары кентте ауқымды жобалар жүзеге аса бастады. Сексеуілге
әлденеше мәрте жасаған іссапары барысында аймақ басшысы өңірдің өзекті
тақырыптарын назардан қалыс қалдырмады. Сексеуілдің тіректі елді мекендер
қатарына енуі де соның жемісі. Қабырғалы оқырмандарға түсініктірек болуы үшін
«Тіректі елді мекен болғанда Сексеуілдің ұтары қайсы?» деген сауалдың жауабына
тоқтала кетсек.

Бұл қарапайым тілмен жеткізсек, ең алдымен мемлекет тарапынан жасалып
жатқан зор қамқорлық, қазынадан бөлінер қыруар қаржы деген сөз. Әрі құрғақ уәж
емес. Нақты дәлелдер. Сонымен… Алғашқы кезекте «Жұмыспен қамту – 2020»
бағдарламасымен Сексеуіл кентінде әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылым дамытылады.
Бұл үшін республика қазынасынан 4,5 млрд теңге бөлінді. Сол арқылы Сексеуілді
газдандыру, №177, 87 мектепті, «Жауқазын» балабақшасын, спорт мектебін күрделі,
ағымдағы жөндеуден өткізу, тротуар жасау, автокөлік жолдарын, ауыз су жүйесін
жөндеу, көшелерді жарықтандыру межеленген. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен
дәрігерлік амбулатория құрылысы бой көтеріп, ауызсу, электр жүйесі
жаңғыртылмақшы.

СЕКСЕУІЛГЕ СЕРПІН БЕРГЕН ЖОБАЛАР«Ауылына қарап – азаматын таны». Іргелі де қыруар жұмыстар күтіп тұрған
кентті басқару оңайға соқпайды. Абырой әрі жауапкершілікті талап етеді. Кент
әкімі Мирам Тұрымбетов Сексеуілдің төл перзенті. Мәкеңнің басшылық қызметте
жинақтаған бай тәжірибесі, өмірдің сан қырына қанықтығы, өзіндік пікірі бар
азаматтығына қоса ауылдың тыныс-тіршілігіне бес саусақтай жетіктігі оның
шоқтығын асырары хақ. Кент әкімімен тілдесу барысында тың деректер естідік.
Солардың алғашқы легінде «Жезқазған-Сексеуіл» теміржол құрылысының маңызы жайлы
әңгіме қозғалды. Елбасымыздың тікелей қолдауымен қолға алынған алып жоба шын
мәнінде аймаққа күрт өзгерістер әкеліпті. Жолдың аудан көлеміндегі ұзындығы 116
шақырымды құрайды. Болат жол бойынан стансалар, теміржол бекеттері, көптеген
инфрақұрылым салынуда. Бұл өз кезегінде аудан жұртшылығы әл-ауқатының оңалуына
сүбелі септігін тигізері кәміл. Жол құрылысында «БазисҚК», «Жол жөндеуші» ЖШС
елеулі рөл атқаруда. Бір сәт жағымды жаңалықты көңілге тоқыдық.

«Қазақстан теміржолы ҰК» АҚ Сексеуіл кентін дамытуға 20 млрд. теңге
инвестиция құймақшы. Толағай табыс. Осы қаражатқа жүзден астам қызметтік үйлер
салынып, жаңадан жұмыс орындары ашылады. Бұл – керемет көрсеткіш. Бүгінгі таңда
осы құрылыстарда мыңдаған адам еңбек етуде. Оған қоса, теміржол вокзалы, тұрғын
үйлер, мектеп, балабақша, айналма жол, түрлі нысандардың халыққа қызмет
көрсететін кезеңі де қыр астында.

Шағын кәсіпкерлікті дамыту, жүн өңдеу, сүт қабылдау пунктін, қымыз,
шұбат дайындайтын цех ұйымдастыру, тамшылатып суару әдісімен жылыжай, нан
өнімдерін өндіру цехын салу, сұлулық салонын ашу сияқты өзге де жобалардың
жүзеге асуы келешектің еншісінде.

Тіректі мекен Сексеуілдің тіршілігі бекем боларына сенім мол.

Жұмабек Табынбаев.

Арал ауданы,

Сексеуіл
кенті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз