СЕНІҢ ЕҢБЕГІҢ – СЕНІҢ ЕРТЕҢІҢ

281

0

“Жасыл ел”, “Жас құрылысшылар” секілді жастар саясатына өзіндік үлес қосқан жасақтардың жұмысы қорытындыланып, еңбек маусымының жабылу салтанаты өтті. “Сенің еңбегің – сенің ертеңің” атты ұранды арқау еткен дәстүрлі шараны облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов ашып, жастарға жылы лебізін жолдады.
– Жастар саясатына айрықша көңіл бөлініп келеді. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға, болашақ ұрпақтың қалыптасуы мен жан-жақты дамуына септігін тигізуге арналған түрлі бағдарламалар қарастырылуда. Қазір өңірдегі бірқатар жас “Дипломмен – ауылға!”, “Жастар тәжірибесі”, “Жасыл ел” бағдарламаларының қатысушысы атанды. Халықаралық “Болашақ” бағдарламасы аясында білім алып, ел дамуына елеулі үлес қосып жүргендер де бар. Бүгінгі ұйымдастырылған жастар балына да атқарылған жұмыстың бір көрінісі ретінде қарау керек. Жас болса да бас болып, еңбек етіп, тер төгіп жүрген жастардың көптігін көріп, қуанамыз. Біріңіз өңiрдi абаттандыруға атсалыссаңыз, біріңіз құрылысқа икемденіп, қаланың сәулетін айшықтауға үлес қосып келесіздер. Еңбектеріңіз аудандағы әр көшеден, әр әлеуметтік нысаннан байқалуда. Келесі жылы да үлкен жобаларда қолтаңбаларыңыз қалатынына сенім білдіремін. Ұлы Абай “Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан. Сен де кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан!” деген. Елбасы, тәуелсіз елдің негізін қалаушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та біліктілік ролінің ерекше екенін айтуда. Біз алдымызға отыз өркениетті елдің қатарына кіреміз деген үлкен мақсат қойдық. Халқымыздың асыл арманын, үлкен үмітін іске асыратын жастар, сіздер бәсекеге сай, алда тұрған заман шақыруларына дайын болуларыңыз тиіс, – деді Р.Рүстемов.
Әрі қарай жастар ұйымдарының мүшелері вальс билеп, лотереялық ұтыс ойындарында белсенділік танытты. Шара соңында іскерлігімен көзге түскен үздік жастар анықталып, арнайы Алғыс хаттарға ие болды. Солардың қатарында Жалағаш ауданы бойынша “Үздік командир” атанған Оралхан Мәлік бар.
– Еңбек кім-кімді болмасын ширатады. Жұмысқа орналасқаныма көп болмады. Осы уақыт аралығында жасақтың – нағыз болашақ еңбек ерлерін дайындайтын үлкен мектеп екеніне көз жеткіздім. Бүгін, міне “Жылдың үздік командирі” аталымымен марапатталып отырмын. Алдағы уақытта да жұмыстың жанданатынына, қажырлы еңбекпен келген жетістіктеріміздің еселенетініне сенемін, – дейді Оралхан.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Жолдауы негізінде құрылған “Жасыл елдің” жемісті жұмысы көңіл қуантарлық. Қазір мұндағы сарбаздар саны 1035-ке жеткен. Жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыруды, ең бастысы, оларды игі істерге тарта отырып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуді мақсат тұтқан ұйымның ұтымды ісі көп. Бұл бағыттағы жұмысты Сәдірбек Жұмабеков бастаған “Жас құрылысшылар” еңбек жасағы да нәтижелі атқаруда. Осыған қарап, “Жастық – арман. Бұл – сенім, ерлікке құштарлық” деп бекер айтылмағанын аңғарғандаймыз.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз