«СЕРПІН – 2050»: ӨРКЕНДЕУГЕ БАСТАЙТЫН ӨРІСТІ ЖОБА

59

0

Өткен жылы Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес ел Үкіметі
«Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» атты бастаманы қолға алған болатын. «Серпін
– 2050» деп аталған бұл жобаның басты мақсаты – елдің түрлі аумақтарындағы
жұмыс күшін теңестіре отырып, кадр тапшылығы сезілетін аймақтарға жас
мамандарды тарту. Жастарды қолдап, олардың білімін жетілдіруге мүмкіндік
беретін аталмыш жоба биыл да жалғасын
таппақ. Бұл жайында Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында өткен
жиында сөз болды. Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы,
«Серпін – 2050» бағдарламасы республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат
Әбенов, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Нұрғали
Аршабеков пен жобаға қатысушы өзге де оқу орындарының өкілдері мектеп бітіруші
түлектер мен ата-аналарға бағдарлама жайында кеңінен мағлұмат берді.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Р.Кенже­ханұлы ашты. Алдымен ол
аймақтың ҰБТ-дан республика бойынша 5-ші орынға көтерілгендігіне тоқталды.
Мұнан соң алғашқы әлеуметтік жоба «Серпін – 2050» бағдарламасы негізінде өткен
жылы Сыр өңірінен 700-ден астам түлектің солтүстік аймақтарға оқуға түскендігін
жеткізе келе, биыл да мемлекеттік грант есебінен берілетін мол мүмкіндіктерді
өңір жастарының кеңінен пайдаланатынына сенім білдірді. Ал онан кейін сөз алған
бағдарламаның республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов жоба­ның
маңыздылығы мен ерекшелігіне, сондай-ақ, бағдар­лама­дағы өзгерістерге
тоқталды.

– Биылғы жылдың басты жаңалығы – бағдарламаның гранты 2,5 есеге көбеюде.
Яғни, 5000 грант ЖОО-ға болса, 1200 орын колледждерге беріліп отыр. Сонымен
қатар, өткен жылы педагогикалық мамандықтарға басымдықтар берілсе, биыл
техникалық мамандықтарды да игеруге мүмкіндік бар. Бұл Елбасының жастарға жасап
жатқан үлкен қолдауы. Мұны дұрыс пайдалана білуіміз керек, – деді М.Әбенов.

Шара барысында жобаға қатысатын жоғары оқу орындары мен колледж өкілдері
де сөз сөйлеп жастарды дұрыс таңдау
жасай білуге шақырды.

Айта кету керек, жастар арасындағы жұмыссыз­дықты шешіп, олардың жоғары
білімді маман болып шығуына оң әсерін тигізуді көздейтін бағдарламаға былтыр
2050 грант бөлінген. Оның 1050 гранты ЖОО-ға тиесілі болса, 1000 грант 35
мамандық бойынша білім алатын колледж түлектеріне берілген. Сондай-ақ, бұл
жобаға 7 жоғары оқу орны мен 23 колледж қатысқан. Ал биыл 19 ЖОО мен 25 арнаулы
орта білім беру мекемесі қатысуға тілек білдіріп, 70-ке жуық мамандықтар
бойынша жас мамандар дайындауға атсалыспақ. Ең бастысы бағдарлама бойынша грант
иегері атанған түлек стипендия, жолақы, жатақхана және киіммен, әрі, жұмыс
орнымен қамтамасыз етіледі. Бұл жобаға бұрынғы жылдары мектеп бітіргендер де
қатыса алады. Осындай жан-жақты ақпар берген шара соңында мектеп бітірушілер
көкейлеріндегі түрлі сауалдарын жолдап тұшымды жауаптар алса, бағдарлама
бойынша білім алып жатқан «Серпіннің жастары» өз қатарластарын нақты қадам
жасап, жақсы білім алуға шақырды.

 

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз