ҮШ АДАМДЫ ҚАТЕРДЕН ҚҰТҚАРҒАН АЗАМАТҚА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

50

0

Облыс әкімдігінің мәжіліс залында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев үш адамды ажалдан арашалап қалған қала тұрғыны Бақыт Сүлейменовті қабылдады. 
Айта кетейік, үстіміздегі жылы тамыз айының 10-нан 11-не қараған түні сағат 1.30-дар шамасында Бақыт Төлегенұлы Түркістан-Қызылорда тас жолының Шорнақ ауылы тұсында келе жатып ішінде адамдары бар жеңіл автокөліктің көпірден ағысы қатты «Қарашық» өзеніне құлағанын көріп, оларды дереу құтқаруға кіріскен. Ол өз өміріне төнген қауіпке қарамастан, суға батып бара жатқан көлік ішінен төрт адамның үшеуінің өмірін арашалап қалып, үлкен ерлік жасайды.  Сол көзсіз ерлігімен Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласындағы Шорнақ елді мекені тұрғындарының алғысына бөленді. Осы оқиғадан кейін Түркістан қаласы Шорнақ ауылдық округінің әкімі Ж.Анарбаев арнайы қатынас хат жолдап, Бақытқа алғыс білдіреді. 
Кездесуде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Бақыт Сүлейменовтің бұл ісіне ризашылығын білдіріп, жылы лебізін жеткізді. 
– «Елдің атын ер шығарады»,– дейді дана халқымыз. Жас болса да, өз ісімен нағыз ер атанып, Сыр елінің абыройын асқақтатып, атын шығарып жүрген азаматтар арамызда бар екені қуантарлық жағдай. Бүгін біз осындай азаматтың бірі – Қызылорда қаласының тұрғыны Сүлейменов Бақыт Төлегенұлының ерлік ісін құрметтеп, оған алғысымызды білдіру үшін жиналып отырмыз. Құрметті Бақыт Төлегенұлы! «Қарашық» өзенінде суға батқан автокөлік ішінен адамдарды құтқарып, олардың өмірін сақтап қалдыңыз. Сындарлы сәтте құтқару жұмыстарын біліктілікпен атқарып, ұмытылмас ерлік жасай білдіңіз. Өз өміріңізді тәуекел етіп, қауіп-қатерге қарсы тұрып, адам өмірін арашалауға азаматтық пен жігерлілік танытқаныңыз үшін Сізге зор алғысымды білдіремін. Ел игілігі жолындағы еңбегіңізге табыс, зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін,– деді аймақ басшысы. 
Бақытты марапаттау туралы облыс әкімдігі тарапынан төтенше жағдайлар органдарына ұсыныс енгізілген болатын. Облыс әкімі ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 2013 жылғы 4-қарашадағы бұйрығымен бекітілген «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісін салтанатты түрде Бақыттың кеудесіне тақты және облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, Қырымбек Елеуұлы ержүрек ұлды өмірге әкеліп, тәрбиелеген Бақыттың анасы Ұрқия апаға да алғысын айтып, ілтипат көрсетті. Естелік суретке түсті. 
Бақыт Сүлейменов 1977 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген.  Жастайынан еңбекке араласқан ол бүгінде Жалаңтөс баһадүр атындағы дарынды балалар меткеп-интернатында көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Отбасылы, үш баланың әкесі. 
Айнұр БАТТАЛОВА. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз