ШАУХАМАНОВ ФЕНОМЕНІ

141

0

ШАУХАМАНОВ ФЕНОМЕНІ

Ғалымдардың
пайымдауынша, біз білмейтін, біздің түйсігіміз қабылдай қоймайтын, Жаратқан
Иеміздің құзырында ғана болатын ғаламдық дүниеде жүздеген, мыңдаған жылдар
қас-қағым сәтпен өлшенеді дейді ғой. Сол сияқты өткен ғасырдағы 80-ші жылдардың
екінші жартысындағы елімізде болған оқиғалардың, күрт өзгерістердің жылдамдығы
соншалық, оларды ақыл, ой безбеніне салып, електен өткізіп баға беру, санаға
қорыту мүмкін емес еді.

Кеңес дүниесіндегі жетпіс жыл бойы тізгінін
босатпай ұстаған идеологияның мазмұны мен сипатына сызат түсе бастады. Обкомның
нұсқауымен «Ленин жолы» газетінің қызметкерлері Тенгиз Абуладзенің «Покаяние»
фильмін көруге бардық. «Покаяние»
немесе «Тәубеге келу, тәубе ету». Не үшін? Кім үшін? Фильм Сталиннің репрессия
құрбандарына арналған. Ойлы фильм, сюжеті күрделі, басты прототипі Лаврентий Берия.
Репрессия құрбанының әйелі түн жамылып, жендетті көрінен қазып алып, оны өлік
шыққан үйдің ауласына әкеліп қояды.
Таңертең ұйқыдан оянған жендеттің әйелі, балалары азан-қазан шу көтереді.
Қорқынышты көрініс. Ол кездің жастары саясатқа оншалықты қызыға қоймайды. Олар
Кеңестік киноның тағы бір қызғылықты туындысы – «Интердевочканы» тамашалауға
асығады. Керемет эротика! Тұрмыстың тауқыметін тартқан орыстың сұлу қызы
Батыстың бай шонжарына тәнін сатып, өмір бойы бейнеттен арылмаған анасына
қымбат тон сыйлайды. Бірақ тағдырына риза емес, басты кейіпкер: «Где ваша
хваленая де­мократия!» деп әлемге жар сала ай­қай­лайды.

Мәскеу, Ленинград
дүрлігіп жатыр. Жалаулатқан, алаулатқан, даурыққан де­мо­краттар. Шекарасынан
тышқан су­сып өте алмайтын, әлемге сес көрсе­тетіндей алапат күш-қуаты бар
Қызыл им­перияның шаңырағы шайқалып, тігі­сі сөгіле бастағанының бастамасы осы
екенін біз сол уақытта оншалықты сезін­бедік. Одақта М.Горбачевтың, респуб­ликада
Г.Колбиннің, Сыр өңірінде Е.Әуел­бековтың реформасы.

Орда бұзатын
жастамыз, облыстық партия комитетінің органы «Ленин жолы» газетінде тілшімін.
Шала сауаттылар ол уақытта облыстық газеттің босағасынан сығалай алмайды.
Себебі, обком хатшы­ларының баяндамалары орысша дайын­да­лады, орысша сөйлейді.
Газетке қазақ­шалап, диктовкамен қағып тастаймыз. Еркін Нұржанұлының
баяндамасының маз­мұнымен алғаш танысатын біз – жур­налистер. Бірінші хатшының
өткізген әр­­­бір жиыны, обком пленумы тосын құ­бы­лыстарға толы. Облыста
кәдімгі айта беретін жең ұшынан жалғасқан қылмыс, трайбализм, рушылдық, сын
айту, бір-бі­рінен мін іздеу. Жергілікті партия но­менклатурасы мазасыз,
интрига, тағысын тағылар…

Романтикалық сезімге балқып жүр­ге­німізде уақыттың қалай зымырап
өткенін білмей қалдық. Көп ұзамай-ақ «Шаухаманов елге келе жатыр» деген хабар
жетті. Келді. Талдықорғаннан, облыстық атқару комитетінің төрағалығынан. Әуел­беков
Мәскеуге – Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланды. Шекспирше бейнелеп
айтқанда: «Король умер, да здрав­ствует Король!». Кәдуілгі өмір, табиғи
құбылыс, заңды өзгеріс. Жастар жағы жаңа басшыны танымаймыз, білмейміз. Бірақ
байқаймын, кеше ғана абыржып, жүні жығыла бастаған, сүлесоқ жүрген облыс
номенклатурасының жүзіне қан жүгіре бастаған сыңайлы.

Бұл 1989-шы жылдың соңғы жаз айы болатын.
80-ші жылдардың соңында бүкіл еліміздегі сияқты облыстың тұтыну рыногындағы
жағдай мүлдем күрделі сипат ала бастады. Дүкен сөрелері жып-жылмағай. Кеңестік
ақшаға алатын тау­­ар жоқ. Анау жетпейді, мынау жет­пей­ді, барлығы тапшы.
Сексеуілде те­міржолшылар дүрлігіп жатыр. Қызылор­даның шағын такси паркін
түлен түртті, обкомның алдында көліктерін қозы көгендегендей тізбелеп шеруге
шықты. «Басшы ұнамайды, өз қалауымызбен сайлап алуымыз керек!” Обкомның
алдындағы шерушілерді КГБ-ның бастығы Дәуенов сабырға шақырып «қой-қой­лай­ды».
Барлық жерде басшыны ұжымның сайлауы, балама кандидатура. Горкомға, об­комға
ағылған арыз. Жарықтық демо­кратия жансыздарға – жан, тілсіздерге тіл бітірген
заман. Обкомның жаңа бірінші хатшысы Сейілбек Шаухаманов жауыңа тілемейтін
осындай дозақ отына түсті де кетті.

Ә дегеннен жаңа
басшы өзі білетін, өзі танитын елдің сан-салалы жұмысын бағдарлап, ділгір
мәселелерді шешуге сы­банып кірісті. Көп ұзамай Одақ тарады. Шаруашылық
байланыстары үзілді, ел шындап күйзеліске түсті. Ең ауыры – қоғамда, мемлекетте
кісіге болмашы үміт сәулесін
ұялататындай жылымықтың нышаны сезілмейді. Бірақ халықтың мен­талитеті
өзгеріссіз, олар «үкімет асы­райды” деген бұлжымайтындай көрінген қағидамен
бірінші басшының аузына қарайды. Үзілген үмітін жалғайды деп дәмеленеді.

Біз – журналистер
– алқалы жиындарға жиі қатысамыз. Сейілбек аға ысылған идеологша ойын
жүйе-жүйесімен, астарлы теңеумен жеткізеді. Шалғайына жабысқан «азаттықтарға”
«кет әрі” демейді, дәйек­ті ой-орамдарымен ұстамдылыққа шақы­рады, әсершіл
журналистерді өздерінің әдепсіз қойылған сауалдарымен сыпайы ғана сілкілеп
алады. Қайтып сауал қою­ға әлгілердің жүрегі дауаламайды. Ой­сыз сауалға ойлы
жауап беруге кел­генде Шаухаманов зілденбейді, ашу ша­қырмайды. Баспасөз
конференциясында журналистің демократия ұғымына қатысты өзгені былай қойғанда
өзі түсінбейтін бұлыңғыр сауалына облыс басшысы: «біз консерваторлар қатарынан
боламыз”, деген келте жауап қайтарды.

Сұрақ қойылды,
жауап берілмеді. Жиналғандар аң-таң. Таңданатын дәне­ңесі жоқ, үлкен тұлғалы
басшы өзі­нің білімдарлығынан хабар берді. «Кон­серватизм” ескілікті аңсау
емес, ағыл­шын консерватизмі өткен мен бүгіннің дәнекері, осы сабақтастық ұлы
халықты самғау биікке көтерді. Ғасырлар бойы соғысты, әлемнің үштен бірін отар­лап,
билеп төстеді, жерін кеңейтті, импе­рияға айналды. Патриотизм рухымен жі­гер­ленген
ағылшын халқы тіпті Рим империясымен жан алысып, жан берісіп соғысты, әлемдік
державаға айналды. Шаухаманов уақыттың тарлығынан әлгі­лерге осының барлығын
тәптіштеп түсін­діре алмады. Дұрысы, түсіндіргісі келмеді. Бірақ біз ол кісіні
үнсіз түсіндік, сол үшін сыйлап, құрметтедік. Бұл Шаухамановтың феномені!

Жаңа басшы
өңірдің басты идеологына айналды. Шынтуайтына келгенде, оны идеолог болуға сол
алмағайып уақыттың өзі мәжбүрлеген еді. Біз бойында қазақтың ділі мен дәстүрі
тұнып тұрған, сөз саптауы бөлек, бейнелі тіркестерді қолданғанда аудиторияны
тылсым күшпен билейтін алып тұлғаны көрдік.

Кеңестік жүйе
тарағанға дейін ол облыстық кеңестің төрағасы қызметін бірінші хатшылыққа қосып
атқарған бо­латын. Компартия тарағаннан кейін облыс­тық кеңестің төрағасы
болды. Сәл уақыттан кейін облыс әкімшілігінің бас­шысы, әкімдер институты
енгізілген соң облыстың бірінші әкімі болып тағай­ын­далды. Былайынша айтқанда,
ол аймақты басқарған алты жылдан астам уақыт ішінде бір креслода отырып,
қызметтің атын бес рет өзгертті. Ол барлығына үлгірді, уақыт тапты. Қызметтің
түрі сан қырлы, бірақ ол барлығына жауап беретін бірінші басшы!

…1993 жылдың
соңы қытымыр қыс­қа, саршұнақ аязға ұласты. Қар қалың жау­ды, соңы мұздаққа
айналды. Бұл нағыз жұттың өзі еді. Онсыз да ортақ жоспарлау жүйесінің ыдырап,
нарықтық қатынастардың қыспағында қалған об­лыс шаруашылықтарын төтенше жағ­дай
мүлдем күйзелтіп жіберді. Сырға рес­­публика үкіметі басшысының орынба­сары
Сергей Кулагин келді. Үкімет басшысының орынбасары, облыс әкімі және біз,
журналистер, шағын топпен аймақтың солтүстік өңірлерін бетке алып, тікұшақпен
ұшып шықтық. Үкі­мет басшысы малшы қауымның күйзел­ген, тығырыққа тірелген
сәтін көзі­мен көрді. Сонымен бірге ол елдегі ағай­ынның ауызбіршілігіне,
қысылып-қым­тырылғанда бір-біріне қол ұшын беріп, қиындықпен бөлісуге деген
жігерлі іс-қимылына тәнті болды. Қазалыда Жарылқасын Шәріпов, Аралда Биғали
Қаюпов қытымыр қыстың қыспағынан төзімді деген жылқы малының өзі іш тастап
жатқанына алаңдаушылығын білдірді. На­рыққа көшкенімізбен, ол кезде қоғам малын
жекешелендіру тұтастай қолға алынбаған кез болатын. Қоғамдық малды аман сақтап
қалу үшін ел ақсақалдары, белгілі азаматтар бел шеше кірісіп, әлжуаз уақ малды
өз қораларына алып, өз жем-шөбімен күтіп, баптап жатқан кезі еді. Бұл ерлікке
теңейтіндей жанқиярлық тірлік болатын. Үкімет басшысының орынбасары Аралда
түйемен шығыршық айналдырып, жылым салған балықшылардың еңбегіне аса риза
болды.

С.Кулагин
Алматыға оралды. Бірне­ше күннен кейін үкімет басшысы Тере­щенконың қол қойған
қаулысы шықты. Мына кереметті қараңыз! Қыстың қы­тымырлығына байланысты төтенше
жағ­дайға арналған қордан Қазақстандағы 5 облысқа қаралған материалдық, тех­ни­калық
ресурстардың 80 пайызы Қызыл­орда облысының еншісіне бұйырды. Сол­түстік
аймақтардан мыңдаған тонна жемшөп, жүздеген техника, ауыр жол жағдайына
бейімделген тракторлар мен жүк машиналары Сырға ағылды. Бұл белгілі мемлекет
қайраткері Сағидолла Құбашевтің сөзімен айтқанда, бейнебір сиқыршыдай
тығырықтан жол таба бі­летін, жоқтан бар жасайтын Сыр ең­бек­­керлерінің ерен
ерлігінің, облыс бас­­шысы С.Шаухамановтың орасан зор ұйымдастырушылық
қабілетінің, оның тағы бір феноменінің қыры еді. («Феномен” – грек тілінен
алғанда кісі бойындағы жаратылыс сыйлаған айрықша құбылыс).

90-шы жылдардың басында Сыр елінде Қазақстан,
Ресей, Өзбекстан, Қыр­­ғызстан және Тәжікстан мемлекет­терінің басшылары бас
қосты, Арал мәсе­лесіне арналған Халықаралық конфе­ренция өтті. Жоғарғы
дәрежедегі бас­қо­суда өмірлік маңызды шешімдер қабылданды. Конференция Аралды
құт­қа­ру жөніндегі халықаралық қор мен оның басқармасын құрып, Ережесін бе­­кітті.
Халықаралық қордың бірінші пре­зи­денті болып Н.Ә.Назарбаев сай­ланды. Арал
теңізі бассейнінің мәселесі жөнінде мемлекетаралық кеңес құры­лып, оның құрамы бекітілді. Оған С.Шау­хаманов мүше
болып енді. Орта­лық Азия мемлекеттері мен Ресей фе­дерациясы басшыларының
Біріккен Ұлт­тар Ұйымының бас хатшысы Бутрос Галиге арнайы хаты қабылданып,
бүкіл дүние жүзі халықтарының назарын Арал проблемасына аударды.

Сең бұзылды. Арал
мәселесі әлемдік деңгейге көтерілді. «Арал апат аймағында тұратын халықты
әлеуметтік қорғау» туралы заң қабылданды. Конференцияны өткізу айтуға жеңіл.
Мұндай деңгейдегі мәртебелі қонақтарды күтудің орасан зор тәжірибені қажет ететіні,
бұл алымды, қарымды басшының ғана қолынан келетіні айқын еді. Осыған дейін
қабылданған одақтық, Республикалық сегіз қаулының бірде-біреуі орындалмай,
экономика құл­дыраған, жалақы, зейнетақы, жәрдемақы берешегі өскен ауыр кезеңде
бұл заңның қабылдануы айтулы оқиға болды. Үкіметті, 362 депутаттан тұратын
Парламентті, Президентті осындай тағдырлы, тарихи шешім қабылдауға иландыру,
көндіру Шаухаманов секілді тегеурінді, жігерлі басшының ғана қолынан келетін
шаруа еді.

Бұл заңның ықпалымен бүгінгі күні об­лыс халқының қалтасына 9 миллиард
теңге қосымша пайда түсіп, басқалардан 9 күн артық демалады.

С.Шаухаманов облысқа басшы болып келгенде Сыр өңірінің республиканың
орта көрсеткішінен артта қалу дең­гейі төмендегідей еді. Республика терри­тория­сының
8 пайызын, халқының 4 пайыздан астамын құрайтын біздің облыс өнеркәсіп өнімінің
– бір пайызын, көкөністің – 0,8, картоптың – 0,9, жеміс-жидектің – 0,6, ірі
қара өнімінің 1,2 пайызын өндіреді екен. Республикада түйе мен бақшадан ғана
екінші орын алып, қалған халық шаруашылығының барлық салаларынан 13, 14, 15, 16
орында еді. Халықты ыстық сумен, кәріз жүйесімен қамтамасыз етуде республиканың
орта көрсеткішінен 14, 17 есе артта қалған.

Қызылорда облысы етті, сүтті жан ба­сына тұтынудан республикада ең соң­ғы
орында. Әрбір қызылордалық рес­публиканың орта көрсеткішінен картопты 4 есе,
көкөністі екі есе аз пайдаланады. Картоп пен көкөністің, сүттің жартысы сырттан
әкелінеді. Тиісті жұмыстар қолға алынды. Облыста картоп пен көкөніс қажетінше
өндіріле бастады. Мектептер, ұжымдар, тіпті балалар бақшасына дейін қосалқы
шаруашылықтар ұйымдастырып, күллі облыста көкөніс, бақша өнімдерін өндіруге
бетбұрыс жасалды.

Ендігі бір кезекте облыс басшысы өзі қыр-сырына жақсы қанық саланы
дамытуға ден қойды. Облыста барлық кезеңдерде нашар дамыған сала – ірі қара
өсіру болатын. Бұл өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары шаруашылықтарды терең
мамандандыру саясатындағы олқы­лықтардан орын алған еді. Жаңа басшы іргелі
істі, күрделі шаруаны қолға алды. Барлық қой шаруашылықтары ірі қара өсірумен
айналысатын болды. Осы өзекті, өміршең мәселені оңтайлы шешу мақсатында бір-екі
жылдың ішінде облысқа Беларуссиядан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Қазақстанның
барлық облыстарынан 23 мың асыл тұқымды буаз қашарлар әкелінді. Бұл,
шынтуайтына келгенде, облыс тарихындағы соңғы 20-25 жылдың көлеміндегі айтулы
оқиға болды. Облыстың өткен алпыс жылдың үстінде жиған-терген барша аналық
сиырлардың ұзын саны 70 мың ғана болғанын ескерсек, бұл қадам облыста айтулы
серпіліс бол­ғанын атап өткіміз келеді.

«Жасыл өлке” бағдарламасы қабылда­нып, сәтті жүзеге асырылды. Арал
теңізінің ұлтаны, елді мекендер, егіс алқаптары, жол, канал бойлары 100000
гектар жасыл желекке, бау-бақшаға бөленді, оның 50 мың гектары Аралдың тұз
басқан табанына егілді. Аралдың апат аймағына орналасқан Қызылордада өспейтін,
піс­пей­тін дақылдың жоқ екендігіне, гүл өсірген адамның қолынан бәрі
келетініне жұртшылықтың көзін түпкілікті жеткізу үшін облыс басшысы елді жаппай
гүл ектіруге жұмылдырды.

Гүлдер мерекесін
өткізу дәстүрге айналды. Гүлдер көрмесін ұйымдастырды, оны халыққа әлемнің
сегізінші ғажайы­бы ретінде насихаттады. Басшы Қызыл­ор­даның ауа райы осындай
жасам­паз­дық істерге қолайсыз деген пікір­дің сүле­соқтықтан,
енжарлықтан туындай­тынын дәлелдеді. Дәстүрлі гүл мерекесін Мәскеудің «Мир”
телеарнасы бүкіл әлемге насихаттады.

Облыста
мемлекеттің бір тиынынсыз халықтың ынта-ықыласымен, жасампаз­дығымен үш жарым
мың кіші цех ашылды. Олар етті, сүтті, көкөністі, жеміс-жидекті өңдейтін, күріш
ақтайтын, ұн тартатын, жем дайындайтын, май сығатын, нан жабатын, макарон
жасайтын, кілем тоқи­тын, киіз басатын, киім тігетін, сағат, аяқ-киім
жөндейтін, т.б цехтар еді. Тіпті, әрбір мектептің жанынан жиырмаға жуық цех
ашылды. Білім министрлігі мектептердегі еңбек тәрбиесі бағытындағы оң қадам­дарды
мақұлдап, бұл оң тәжірибені бүкіл республикаға таратты.

Облыста балалар
бақшасынан бас­тап барлық мекеме, кәсіпорын азық-тү­лік, тұтыну тауарларын
өндірумен ай­налысатын болды. Бұл шынайы нарықтың, ел түсіне қоймаған жаңа
формацияның алғашқы қарлығаштары еді.

Жаздың ортасынан
бастап, жыл аяғына дейін әр жексенбіде облыстық үлкен жәрмеңке ұйымдастырылды.
Тұтыну рыногы ауданнан қалаға көшіп келгендей болды. Ауқымды жәрмеңкелерді оқу
ағар­ту, денсаулық сақтау салалары, орман-тоғай шаруашылығы өздері дербес өткізетіндей
дәрежеге жетті.

Облыс аграрлы
аймақтан мұнайлы өлкеге айналды. 1991 жылы Сыр өңірінде 1 млн. тонна, 1995 жылы
2 млн. тонна мұнай өндірілді. Кеңес Одағы тарағанға дейін облыс басшысы
Мәскеуде Одақтық мұнай-газ министрі Филимоновқа кіріп, «Маңғыстаумұнайгаздың”
Қызылордадағы филиалын дербес «Оңтүстікмұнайгаз” бас­қармасы болып құрылуына
қол жеткізді.

Сыр өңірінің
Жезқазғанмен арадағы жер мәселесін түбегейлі шешуге қатысты мына оқиғаны елемей
кетуге болмайды. Сол кезде Жезқазған, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан
облыстарының әкімі, Көлік және автомобиль жолдары министрі болған республикаға
белгілі азамат Қажымұрат Нағыманов Қызылордаға келген бір сапарында: «Мен үш
облысты басқардым, министр болдым, президенттің қамқорлығы мен қолдауын көп көрдім,
ешуақытта қойған мәселелерім мен ұсыныстарым президенттен қолдау таппай қалған
емес еді. Бірақ Қызылордамен арадағы жер мәселесіне келгенде С.Шауха­мановтың
мысы мені басып кетті” деген болатын.

Мойындай білу де
кез келген басшының қолынан келе бермейтін мәрттік емес пе?! Бұл Нағымановтың
шынайы көңілден шыққан риясыз пікірі еді.

Қиындықтарға қарамастан құрылыс саласында да игілікті жұмыстар атқа­рылды.
Кеңес Одағына болгарлардың қарызының есебінен жоба жасалып, Қы­зылорда мұ­найының
өзіндік құны мен қосымша құнының арасындағы қаржымен болгар құрылысшылары
ТМД-да теңдесі жоқ облыстық денсаулық орталығын салды. Небәрі екі жылға
жетпейтін уақытта Қы­зылорданың өз жобалаушыларының, құ­ры­лыс­шыларының,
сәулетшілерінің кү­ші­мен әлемнің озық үлгідегі құрал-жаб­дықтарымен
жабдықталған Қазақстанда теңдесі жоқ денсаулық объектісі – диаг­ностикалық
орталық іске қосылды.

Облыста телекомпания, гидромелио­ративтік-инженерлік институт ашылды.
Көптеген оқушылар лагері салынды, жүз­деген кепеде отырған шопандар жаңа үйлерге
қоныстанды.

Қызылорда
қаласында құрылысы онда­ған жылға созылған «сақалды” нысандар – «Оңтүстік жылу
орталығы», «Байланыс үйі» пайдалануға берілді. Облыста бүкіл кеңес дәуірінің 70
жылында 1000 шақырым су құбыры салынған еді. Облыстың жаңа басшысы билікке
келгенде оның жартысы жарамсыз күйге келді. Халықтың үштен бірі ғана таза су
ішетін. Ал сол кезде халқы бізбен шамалас Солтүстік Қазақстан об­лы­сында 25000
шақырым су құбыры бол­ды. Бұл салада да батыл шаралар қолданып, Қырғызстанның,
Қазақстанның төрт облысы мердігерлерінің күшімен, Израильден 5000 тонна
полиэтилен тру­балары келтіріліп, 1,5-2 жылда облыста 70 жылда жүргізілген су
құбырларының жартысына тең көлемде жұмыстар ат­қарылды. Республикада бірінші
рет Из­­раильдің дақылды тамшылатып суа­ру технологиясы Жаңақорған ауданы­ның
«Талап” кеңшарының 250 гектар жүзімдігіне қолданылып, шарап шығарыла бастады.
Қоғамдағы құбылысты салыстыр­малы түрде бағалағанда ғана оның шынайы өлшеміне
баға беруге болады. Ал осы қиын, күрделі кезеңде атқарылған ауқымды шаруаны,
шындығында, жасам­паздыққа теңеуге болатын еді.

Біз, әдетте, кісі
бойындағы, әсіресе тұлғалық бітімі бөлек азаматтың болмы­сын ашу үшін тарихи
құбылыстарға жү­гінеміз. Оның бойындағы сан құбы­лыстарды сана сүзгісінен
өткіземіз. Адам­зат баласы жаратылғалы биліктің сан түрі өзгерді. Өзгермеген
бір-ақ нәрсе – билік жүрген жерде кәдімгі егіннің жауы арамшөп секілді
жағымпаздардың, қызғаншақтардың, іштарлардың алшаң басатыны ақиқат. Бұл өмірдің
заңдылығы. Сейілбек ағаның тағы бір феномені ол мұндайлардан өзін қашық ұстады.
Тіпті өзінің алдындағы лауазымды қызмет атқарған елге сыйлы ағаларының, жолдас­тарының,
әріптестерінің өзі оның сөз таситындарды жақтырмайтынын біліп, қас-қабағына
қарап, ештеңе айтпайтын. Ол сөзге еруді, біреудің ақылымен, айтуымен жүріп,
оғаш қадам жасауды, үстірт шешім қабылдауды «өзін-өзі жоғалту” деп түсінді.
Өмір ғой, осы пайым тұрғысынан келгенде, абайламай шоқ басып қалғандардың
біразы бүгінде Сейілбек ағаға қарыздар ғой деп ойлаймыз. Себебі, ол кісі кадр
таңдауда барлығын елеп-екшеп отыратын, сонымен бірге кешірімшіл де болды.
Совхоз директоры, аупарткомның бірінші хатшысы кезінде де солай істеді. Кеңес
кезінде «барлығын кадрлар шешеді” деген жақсы тәмсіл болды. Жақсы кадр елдің
абыройы, оған халық сенсе, сол аумақта тыныштық болады. Шаухамановтың басты
кредосы осы еді.

Ресейді 300 жыл
билеген Романовтар әулетінің өкілі Александр Үшінші билік басына келгенде ширек
ғасыр бойы өзіне дейін император әкесінің бас кеңесшісі болған шенеунікті
қызметінен босатады. Бұл шешімге көңілі толмаған осы әулеттің ханшайымы: «Ол
сенің әкеңе, біздің әулетке адал қызмет жасады емес пе? Мұның не?” дейді. Сонда
Александр патша: «Әкем маған қарағанда ақылды еді. Сондықтан оған ақыл беретін
кеңесшіден гөрі, тапсырманы мүлтіксіз орындайтын шабарман керек болды. Ал менің
бойымда әкемнің даналығындай көрегендік қасиет жоқ, сондықтан маған нағыз
ақылгөй кеңесші керек”, деген екен.

Бұл Романовтар династиясының өмірін зерттеген белгілі тарихшының
еңбегінен алынған мысал. Кадр таңдаудағы аса ұқыптылық, тереңдік көптеген
түйінді мәселелерді, қажет десеңіз,
кикілжіңдерді шешуге септігін тигізеді. Алмағайып ауыр кезеңдерде Шаухамановтың
кадрлары осы сыннан мүдірмей өтті. Себебі ол адам таныды, оларды іріктей,
таңдай біл­ді. Нәжмадин Мұсабаев, Жарылқасын Шәріпов, Қалқазбек Әжібеков,
Самұрат Имандосов, Жақай Бодықбаев, Ибрагим Әбибуллаев, Алмагүл Божанова,
Бибіжан Жәукебаева, Фарид Фаткульдинов, Қорғанбек Қайруллаев, Донской, Мұқан
Әмірғалиев, тағысын-тағылар… Әкім олардың көпшілігінің жолын ашты десе де болады.
Ал, олар абыройлы еңбек етті, бүгіннің өзінде аттан түспей келе жатқан елдің
беделді азаматтары.

«Ленин жолының”,
қазіргі «Сыр бойының” бас редакторы, елге, халыққа белгілі азамат Нұрділда
Уәлиев: «Шау­хаманов облысты басқарған жылдар аймақ тарихында тыныш кезең
болды” деген еді. Бұл анау-мынау емес, обкомның үш бөлімін басқарған, көзі
қарақты байыпты адамның сөзі. Томаға-тұйық, айтатынын бір-ақ сөзбен қайыратын
Нұрділда ағамыз объективті, субъективті себеп-салдарларды барынша елеп-екшеп,
дұрыс пікірге мың ойланып, мың толғанып тоқтайтын текті азамат еді. Ол жас
журналистердің ақылшы ұстазы, қамқоршы әкесі бола білді.

Аумалы-төкпелі
заманда газет шығару да қиындай түсті. Қағаз тапшы, оны алатын қаржы да тапшы.
Редактор әкімге барады.

– Әскербек, дәл
қазір бюджеттен бере қоятын қаржының ыңғайы болмай тұр. Бюджеттен тыс қордан
бере тұрайын. Қарызға. Кейін қайтаруды ұмытпа, – дейді облыс басшысы.

Кейін бюджеттен
қаржы бөлінгенде әкім редактордан қарыз ақшасын қайтаруды сұрайды. Сонда
Әсекең:

– Сәке, үлкен кісілер
берген қарызды ұмытып кетуші еді, – деп әзілдейді. Ақшаны керек етпейтін адам
бар ма, редакцияның бір жыртығын жамап тастағысы келгені ғой. Қай заманда, қай
дәуірде облыс әкімі мен оған бағынышты бас редактордың арасында осындай
деңгейде қалжыңдасу болды? Бұл Шаухамановтың тұнып тұрған демократ екенін
айғақтайды. Ол жәй демократ емес, әлгі Батыстың танауының астындағыны ғана
көретін либералды демократынан айырмашылығы – ғылыми тұрғыда ғана емес,
қазақтың, өз халқының табиғи болмысын, далалық даналығын бойына ана сүтімен
сіңіре білген демократ тұлға. Бұл енді Шаухамановтың феномені!

Кешірімді болды
дегеннен шығады, облыстың қам-қаракетімен таршылық кезеңде аймақ басшысы
Қарағандыға сапар шекті. Шаруашылық байланыстары үзілген, басшы елдің мұқтажы
үшін көмір сұрап ел кезіп жүр. Бір әріптесіміз республикалық газетке
Шаухамановты тіленші сипатында келемеждеп жазды. Оған да ренжімеді, қолында
биліктің сан ықпал ету құралы болса да қудаламады, тіпті ешкімге телефон да
шалмады. Сол жігіт қайтыс болғанда соңғы сапарға шығарып салу рәсімінде сөз
сөйледі. Жақсы сөйледі. Кешірімшіл, кең болудың үлгісі деп осыны айт! Мұны
Шаухамановтың тағы бір феномені деп қойыңыз!

Өмірде, қызметте
әр пенденің ба­сында қилы-қилы жағдайлар болып жатады. Соғыс кезінде «Красная
звезда” газетінің бас редакторы Ортенбергтің үстінен Сталинге арыз түседі.
Мәселенің мәнісі мынада екен. Соғыстың бетбұрыс кезінде идеологтар әскери
бөлімдерде «социалистік жарыс ұйымдастыру керек” деген бір быламықты ойлап
табады. Мұны Ортенберг құптамайды. Газетте насихатталмайды. Бас редактор:
«Қайдағы социалистік жарыс?! Окопта жатқан солдаттар өлтірген немістерді санап
жарыса ма?” деп қарсылық білдіреді. Ортенбергтің тағдыры қыл үстінде тұрған
еді. Арыздың шекесіне Сталин: «Красная звезданың” ұстанған бағыты дұрыс”, деп виза қояды. Осымен барлығы тәмам.

Ортенбергті
Сталиннің бір сөзі ажал­дан құтқарып қалды. Осының барлығын не үшін айтып
отырмыз? Қызмет, адам өміріне қатысты тағдырлы сәтке келгенде бірінші басшының
атқаратын рөлі айрықша. Бұл тұрғыда да Сейілбек аға ұқыпты, өте сақ, байыпты
ұстанымда болды.

Сәкең газетке
жақсы қарады. Тәрбиелі, тағылымды сөздерін айтты. Газеттен мін іздемеді,
ескерту жасамады. Не болса да барлығы ішінде.
Қазіргідей біреудің тышқақ лағын сынасаң, «қара есекке” теріс мінгізіп
жіберетіндей жағдай ол кезде мүлдем жоқ еді. Пиарға құмарлық оның бойына жат
болды. Алдыңда ақылды, білгір басшың болса, оған бағынышты қызмет атқарудың өзі
ғанибет емес пе?! Қазіргі тілмен айтқанда, мұндай әкіммен қызметтес, командалас
болу бағы Әскербек Рахымбекұлы мен «Кзылординские вес­ти” газетінің бас
редакторы Евгений Ха­ритонович Ханға бұйырған шығар деп ойлаймыз.

Ұлыбритания
премьері Черчилль бір сөзінде: «Саясат та соғыс сияқты, алайда, соғыста бір-ақ
рет өлесің, ал саясатта қайта-қайта өлуге тура келеді”, депті. Ал, біз білетін
мемлекет қайраткері Сейілбек Шаухаманов сол саясат сахнасындағы жергілікті
маңызы бар «соғыстарда” жақсы стратег болды деп айта аламыз. Оның саясат
сахнасындағы қаруы – білімі, көрегенділігі, адалдығы, әділдігі, түйткілді
мәселелердің мүмкін болатын зардаптарын алдын ала сезіп отыратын аңғарымпаздығы
еді.

Біз, журналистер
қауымы, елмен жиі араласамыз, қоғамдық пікірге зейін қоя­­мыз. Кейде өзінің ой
жұтаңдығына қа­рамастан өзгенің титімдей кемшілігін кө­ріп, мін іздейтіндер
бар. Өкініштісі, ай­мақты басқармақ түгіл саясат сахна­сындағы эпизодтық
рөлдерде жылт етіп көрініп, лып етіп жоғалғанын сезбей қалатын әлгілер алқалы
жиындар мен басқосуларда «Сейілбек аға сөйлейді” дегеннен қуыстанып, жиырылып,
қымты­рылып қалатынын байқап жүрміз. Бұл ықтиярсыз іштей мойындау, себебі қала­маса
да оларды Шаухамановтың мысы басып тұрады. Бейнелі теңеуге салсақ, ол кісі
мұндайларға ешқашан мылтығын кезеп, оғын шығындамады, әлгі Черчилль айтқандай,
саясаттағы соғыста өзін де, өзгені де құрбандыққа шалмады.

Журналистерді,
әдетте, эмоцияға берілгіш, әсершіл деп жатады. Ал Шаухаманов тұрғысында белгілі
мемлекет қайраткері Сағидолла Құбашев не айтар еді?

«…Елдегі аса
ауыр жағдай. Сырдария­ның суы азайып, Арал теңізінің зардабы бүкіл елдің белін
қайыстырып тұрған заман еді. Облысқа жәрдемге келетін Үкіметтің жиыны көп,
көмегі жоқ. Ауыр жағдайлардың үстіне дүние астаң-кестең болды. Осындай қиын
жағдайдың ең ауыры Қазақстанда тек бір Қызылорда облысында болды. Бұл
ауыртпалықты Сейілбек Шаухаманов көтере алды. Ел де, басшы да мойымады, бар
мүмкіншілікті сарқа пайдаланып, азды көпке жеткізіп, жоқтан бар жасауды
ұйымдастырды.

…Сейілбектің
өскен ортасы ақылды. Ол еңбекке әбден қайнап піскен, күнге күйген, суықпен
суарылған, құм мен тұзға қуырылған кадр. Үлгі, ақыл алар ағалары – Асқар,
Әбділда, Әбдіжәміл. Сейілбек Шаухаманов Қазақстанның бел­гілі мемлекет және
қоғам қайраткері, сын сағатында, өтпелі кезеңде халқының ауыр жүгін көтерген
адал ұлдарының бірі. Ол халқының батасын алған, парасатты қарапайым жан”.

Бұған
алып-қосарымыз бар ма?! Қосу­ға болады, ал аларымыз жоқ.

Ол кісінің тағы
бір феномені – керемет очеркист, публицист. Белгілі қоғам қайраткерлері
Әбдіжәміл Нұрпейісов, Сағидоллла Құбашев, Еркін Әуелбеков, Тәкей Есетов, Исатай
Әбдікәрімов, Елеу Көшербаев, Ержігіт Бозғұлов туралы жазғандары көркемдігімен
оқушысын баурап алады. Кісінің болмысын ашуға келгенде ол кісі керемет мүсінші,
хас шебер. Журналист, редактор ретінде де шынайы көңіл сезімімен жазғандарын
қысқартып, күзеп дегендей, арамтер болу­дың қажеті шамалы.

Бүгінде жетпістің
асуынан асып, Сырдың, Қазақстанның абыз ақсақал­дарының біріне айналған тұлғалы
азамат­тың өткен қызмет жолдарын
тізбелеудің өзіне үлкен газеттің үлкен беті де тарлық етеді. Комсомол
хатшысы, совхоз дирек­торлығынан бастап облыстың бірінші басшы­сына дейін
барлық қызмет саты­сынан аттамай өтті. Кеңес Одағының және Қазақстан
Компартиясы Орталық Комитеттерінің мүшелігіне сайланды. «Қазан революциясы”,
«Еңбек Қызыл Ту”, «Құрмет белгісі”, «Халықтар достығы” ордендерімен марапатталды.
Тәуелсіздік жылдары отандық «Құрмет”, «Парасат” ордендерінің иегері атанды.
Қазақстан мен Өзбекстанның Құрмет грамоталарымен марапатталды. Қазақстан
Республикасы Парламентінің Сенат депутаты болып сайланды. Хорезмнің, Қызылорда
облысы­ның құрметті азаматы, Жаңақорған ауданының «Ғасыр адамы”, Арал, Жала­ғаш,
Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудан­дарының құрметті азаматы. Қазір облыстық
ардагерлер кеңесінің төрағасы. Ардагерлер ұйымын ұжымдастырып, елдің
ауызбіршілігін сақтауда, салауатты өмір салтын қалыптастыруда сан қырлы
жұмыстар атқарып келеді. Облыстық арда­герлер кеңесінің оңды жұмысы Орта­лық
кеңесте мақұлданып, тәжірибесі республикаға таратылды.

Сейілбек аға:
«Жарым Жұпаркүл – алтын босағам, кең керегем, ырыс-берекем, ақ дастарқаным.
Перзенттерім – Нағима, Фатима, Нұрлан, Шолпан, Ұлбосын, өмі­рім, өзім, көзім,
ізім. Отбасының те­мірқазығы – Нұрланжаным. Немерелерім Әділет, Құдірет,
Дінмұхаммед ұрпағым­ның жалғасы”, дейді ерекше толқыныс сезімімен.

Әкесі Шаухаман –
95 жас, анасы Ай­накүл 85 жас жасады.
Әкесі «Алланың алдында, адамның алдында күнәм жоқ, ешкімнің алдында қарыздар
емеспін, тек бір жағдай көңіліме көлеңке түсіріп жүр. Соғыс басталар алдында
Ұлтуар деген қызыма біреу құда түсіп, азғантай қалың мал беріп еді. Сол жігіт
соғыстан оралмады. Ата-анасы, туыстары қайтыс болып кетті. Артында іздеушісі
жоқ. Ташкентке барып, сол жігіттің бір жақын туысын тауып, қарызымды өтесем
деймін. Басқа мақсатым, арманым жоқ”, деген еді. Сейілбек аға әкесінің бұл
тілегін бұлжытпай орындайды.

«Әкемнің шын
көңілден айтқан сөзін өзіме парыз, қарыз, аманат деп қабылдап, бойымды үлкен
бір іс бітіргендей сезім билеп, өзімді әлемдегі ең бақытты адамдай сезіндім”,
дейді Сейілбек аға, бізбен әңгімесінде. Міне, Сәкеңнің адалдығының тамыры қайда
жатыр?!

Осыдан бірнеше
жыл бұрын С.Шау­ха­мановтың жетпіске толған тойы респуб­ликаға белгілі
азаматтардың қатысуымен жоғары деңгейде мазмұнды өтті. Мемлекетіміздің,
облысымыздың белгілі қоғам қайраткерлері құттықтау жолдады. Сол тойға белгілі
ақын Иран-Ғайып арнайы құттықтау өлең шумақтарын жолдаған еді.

…Даналықтың
нәріндейсің,

Ағалықтың
Әріндейсің,

Тағылым – Тәрбие
– Тәлімдейсің,

Тіршіліктің
Мәніндейсің.

Нағашы!

 

Көсемдіктің
Көзіндейсің,

Шешендіктің
Сөзіндейсің,

Кір шалмаған
Сезімдейсің,

Кісіліктің
Өзіндейсің,

Нағашы! – делінген
еді өлең жолда­рында.

Иран-Ғайып айтқандай, көсемдіктің көзі,
шешендіктің сөзі болған Сейілбек аға бүгін мерейлі 75 жасқа толып отыр. Та­ғы
бір феномені екі облысты 8 жылдан ас­там басқарған уақытында Елбасынан,
биліктен бірде-бір ескерту алмады. Осы уақытта жоғарыдан кадр мәселесі жөнінде
бірде-бір өтініш, бірде-бір ұсыныс түспеді. Ұлы Черчилль өсиет ретінде соңына
”По­литика – искусство возможного”, де­ген керемет бейнелі сөз қалдырған екен.
Қазақшалағанда: «Саясат – мүмкін болатын­ды жүзеге асыру өнері” дегенді
білдіреді. С.Шаухаманов билік тұғырында болған ау­ыр кезеңде мүмкін болатынды,
тіпті мүмкін болмайтынды да жүзеге асыра білген көре­генді басшы, саяси тұлға,
бүгінде еліміздің сыйлап, құрметтейтін абзал ақсақалы.

Ол шынында
бақытты адам.

 

Ержан УӘЙІС,

Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері.

Жолдасбек АҚСАҚАЛҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз