ШАҢЫРАҚ ШАТТЫҒЫ

62

0

ШАҢЫРАҚ ШАТТЫҒЫ«Қайран
біздің аналар арды ойлаған, Жілік шауып, ши буып, арба айдаған». Қазақтың
намысы мен ұятындай болған аналар туралы ойлағанда Мұқағали Мақатаевтың осы
өлеңі тілдің ұшына орала береді. Өйткені, өткен ғасырдағы аналар образы ақынның
осы бір ауыз сөзіне сыйып кетіп тұр ғой. Оқ пен оттың ортасынан аман келген
аталарымыз елді қайта аяғына тұрғызу үшін еңбек етті. Соғыс кезінде тылда
еңбекке әбден піскен аналарымыз қатарласа жүріп көмек көрсетті. Қызу
тіршіліктің әрбір буынындағы жұмысқа араласа жүріп, ұрпақ көбейтіп, өсіріп,
тәрбиелегені бүгінгі күннің көзқарасымен өте қиямет тірлік сияқты. Біздің
әкелерімізді жілік шауып, ши буып, күріш тасып, егін егіп, мал бағып жүріп
өмірге әкелді емес пе? Жұмысқа жан-тәнімен берілгендері сондай, баланы егістік
басында босанған ана аз ба? Іздесеңіз, ондай мысалды мыңдап табуға болады.

Бүгін заман тыныш. Тәуелсіз, азат елің бар. Мемлекетте
қалыпты даму және бар. Экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан өсім айрықша
байқалады. Бірақ, жас отбасыларда баяғыдай бала көп емес. Бірнеше баламен ғана
шектеліп жатады. Дегенмен, ара-тұра көпбалалы отбасылар жайында да біліп
қаламыз. Міне, сондай шаңырақтың бірі – Әлібековтер. «Әке – асқар тау, ана –
бұлақ, бала – жағасындағы құрақ». Ежелден айтылатын тәмсіл ғой. Бірақ ақиқат
сөз осы. Асқар тау әкеге арқа сүйеген, ана секілді мөлдір бұлақтан бастау
алған, балалардың шаттығы мен қуанышына бөленген Әлібековтер әулеті – бақытты
отбасы. Дана Абай өсиет еткен бес асыл істі бетке ұстап, бес дұшпанға жирене
қарайтын жанұяда өнегелі өрендер өсіп келеді. Шаңырақтың шаттығы, отбасының
киесі Лаура Шохашова жеті баланы дүниеге әкелген алтынқұрсақты ана, «Алтын
алқа» иегері. Үйдің үлкені Данияр оныншы сыныпта оқиды. Таэквандодан
республикалық жарыстарға қатысып, чемпион атанып жүр. Түрлі жарыстарда жүлде
салып, өңірдің ғана емес, республиканың атын шығарып жүрген өрен. Ал, екінші
ұлдары Рамазанның ойы жүйрік, өнертапқыш. Физика пәнін сүйіп оқиды. Ол гипс пен
құмды пайдаланып жанартаудың макетін жасап шығарды. Алдағы уақытта осы жобаны
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне ұсынсам дейді. Түрлі тәжірибе жасаудан
танған емес. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Онысы нәтижесіз де емес. Ұстаздары
болашақта Рамазаннан үлкен ғалым шығатынына сенеді.

Әр баланың өз несібесі бар. «Бір қозы артық туса, бір
түп жусан артық шығады» дейді қазақ. Отанасы Лаура Шохашова пейілі кең
пішілген, қонақжай, өте тәрбиелі адам. Сол ниеттеріне берген шығар, Жаратқанның
несібесімен 2007 жылы егіз баланы дүниеге әкелді. Төрт құбылалары теңесіп,
айнала түгенделгендей мәре-сәре күй кешіп жүр еді. Құдай берем десе, қиын ба?
Өткен жылы Әлібековтер отбасында үшем өмірге келіп, шаңырақ шаттыққа толып,
бақытқа кенелді. Бүгінде Інжу, Маржан, Бекжан атты үш бүлдіршін ата-анасының
көз қуанышы болып өсіп келеді. Түн ұйқысын төрт бөлген Лаура болса, үш бөпесін
бесікке бөлеп, ана әлдиімен өсіруде. «Титімдейінен ұлтымыздың ұлы қасиеттерін
бойына сіңіріп өскен баладан ертең ұлт мақтаныштары шығады», дейді Батыр ана.
Осылайша, бүгінде бұл шаңырақта жеті бала өсіп келеді. Әсілінде, алдымен егіз
тауып, одан соң өмірге үшем әкелген отбасы Қазақстанда некен-саяқ шығар-ау. Дей
тұрғанмен, мұны Жаратқанның Әлібековтер отбасына сыйы деп қабылдау керек.

Ал отағасы Мейрамбек Әлібеков «ПетроҚазақстан­ Құмкөл
Ресорсиз» компаниясында қаржы бөлімінің басшысы болып қызмет атқарады. Отбасында
ұлағатты әке, жұмыста абыройлы маман. Өз ісінің біл­гі­рі, өте еңбекқор адам.
2009 жы­лы «Ең үздік басшы» номинация­сына ие болған. Жуырда «Петро­Қазақстан
Құмкөл Ресорсиз» ком­па­ниясы президентінің күміс жүлдесімен марапатталды. Бұл
да болса шаңырағында желкілдеп өсіп ке­ле жатқан жеті баланың несібесі шығар.

Е.АЙТӨРЕҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз