ШАҢЫРАҚ ШАТТЫҒЫ

105

0

Бертілекпен әңгіме барысында, өте қарапайым азамат екендігіне көз
жеткізгендей болдым. Кезінде Қызылорда қаласында КСК төрағасы болған ол күн-түн
көз ілмей тұрғын үйлердің суы мен жылуының жай-жапсарын білумен жүреді екен.
Сонда көршілері «Беке, қайда барасың?” десе, ол «Суға барамын, жылуға барамын”
деп жүре беретін көрінеді.

Бертілектің
өмірдеректеріне жүгінер болсақ, «Әке көрген оқ жонар” дегендей, тәлімді
тәрбиенің талбесігінен жаратылған жан екендігіне көз жеткізесіз. Арғы атасы
Үмбетов Аман ақсақал имам болып, діннен дәріс бергені үшін 1937 жылдың
қуғын-сүргінінің құрбаны болған. Сібірге айдауға жіберілген ол туған топырағына
жете алмай сол жақта қалған. Ал, әкесі Мұқаш Аманұлы 1922 жылы Қазалы
топырағында өмірге келіп, еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, бертін келе мектеп
директоры қызметін де абыройлы атқарады. Айтқандай, 1942 жылы Ұлы Отан соғысына
аттанып, елге аман-есен оралады. Десе де, қанды шайқаста кеудесін оққа төсеген
Мұқаң бір емес, бірнеше рет ауыр жарақат алып, асқынған аурудың қармағына
ілігеді. Содан да бары-жоғы 44 жасында мәңгілік сапарға аттанып кете барған.

– Әкем, –
дейді әңгіме үстінде Бертілек, – қарапайым, кішіпейіл болса да, қаталдығы да
бар еді. Біз алтау болатынбыз. Үлкені мен. Әкем маған: «Сен бала тракторист
бол, артыңдағы іні-қарындастарыңа қара” деген аманат қалдырған болатын.

Бертілек
айтса айтқандай, 1966 жылы Қазалы ауданына қарасты К.Маркс атындағы кеңшарындағы
орта мектептен дәріс алған ол Қазалы кентіндегі №34 кәсіптік-техникалық
училищені тәмамдап, ауылына келіп, трактор тізгіндейді. Әке аманатын орындайды.

– Айтқандай,
– дейді үзілген әңгіме жібін қайта сабақтаған Бертілек, – жоғарыда айтылған оқу
орнында Ишанбекқызы Әлиямен құдай қосып, шаңырақ көтердік. Қарапайым отбасынан
шыққан Әлия тәлімді тәрбие алған. Інісі Қалдан Төлеуов ақ халатты абзал жан.
Бүгінде медицина ғылымының докторы, профессор.

– Беке, ал
зоотехник кәсібін қай ауылда, қалай бастадыңыз? – деген сауал тастадық.

– Бұл өзі
қызық. 1974 жылы техникумды бітірген бізге Көкшетау облысына жолдама берді.
Барғым жоқ. Себебі, өзімнен кейінгілерге қара деген әке аманатын қалайша
аяқасты етермін. Не істеу керек? Әлі есімде, Макенов Қали есімді ағамыз ауыл
басшысы болатын. Бір күні сол Қали әкеміз: «Әкең Мұқаш марқұмның жақсы
сыйласқан бір жолдасы бар. Сол кісілерге барып сәлем бер, мәселең шешіліп те
қалар” демесі бар ма? Содан Елеу Көшербаев ағаға барып, аман-саулық сұрастық.
Елағаң сонау 1950 жылдары біздің ауылдағы мектепте тәжірибеден өтуге келгенін,
сонда менің әкеммен сыйлас, сырлас болғанын тілге тиек етті. «Ол кезде сен алты
айлық сәби болатынсың, шеңгелден соғылған майысқақ бесігіңді тербеткенмін”
деген Елеу аға: «Ал, шаруаңды айт” деді. Мен Көкшетауға баратын болдым дегенде
Елағаң:

– Туған
топырағыңды тастап, қайда бармақсың? Үйдің үлкенісің, балалар саған қарап отыр.
Мына тұрған «Қарауылтөбеге” барасың, мен кеңшар директоры Исабек Арыстановқа
айтармын, – дегенде қуанышым қойныма сыймады. Жақсының шарапаты тиіп, сонымен
осы «Қарауылтөбе” ауылында қатардағы зоотехник болудан еңбек жолымды бастадым
ғой.

«Қарауылтөбеде” зоотехник болған Бертілек
Мұқашев іскерлігін көрсетіп, кейін бас зоотехник қызметін атқарады. Ал, 1977
жылы «Жаңақұрылыс” кеңшарына қызметін ауыстырады. Қазалы ауданына қарасты
«Қарауылтөбе”, «Жаңақұрылыс” кезіндегі ХХІІ Партсъезд (қазіргі Әйтеке би ауылы)
кеңшарларындағы мал шаруашылығы саласында еңбек етіп, жұмысын абыройлы атқарды.

Балаларының
болашағын ойлаған Бертілек 1995 жылы Қызылорда қаласына қоныс аударады. Ол кез
– тоқырау жылдары. Мал шаруашылығы саласы әлсіреп, құрдымға кетердің қақпанына
түскелі тұрған. Қалаға келгесін қызмет талғамайтын Бертілек қала тіршілігіне
араласты да кетті. Тоқырау жылдары қаланы оңтайландыру мақсатында кооперативтер
жүйесі құрылып, халыққа тұрмыстық қызмет көрсету бағытын қолға алған еді.
Орталықтың бір жүйесіне (КСК) басшылық жасаған Бертілек Мұқашев зейнет жасына
жеткенше осы салада тынымсыз тірлік жасап, қала тұрғындарын ауыз су және жылумен
тұрақты қамтамасыз етуде күн-түн демей жұмыс жасайды. Сол үшін Бертілектің
ел-халықтан арқалаған алғысы мол. Еңбегі де еленіп, бірнеше еңбек және
мерекелік медальдармен марапатталған.

Жаратылысынан
қарапайым, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуді мұрат тұтқан берекесі мол
Бертілек қабырғалы шаңырақ иесі. Жан-жары Әлия екеуі өмірге үш ұл, бір қыз
әкеліп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға да қондырып, бес немере, екі жиенді
шөпілдете сүйіп отырған жайлары бар. Ғалымжан, Ғабит, Жеңіс есімді ұлдары сан
алуан салаларда ел қатарлы еңбек етіп жүрсе, қызы Мөлдір Алматы қаласындағы
энергетика институтында дәріс береді, – дейді берекелі шаңырақ иесі Бертілек.

Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз