ШЕТЕЛДЕ БІЛІМДЕРІН ШЫҢДАДЫ

41

0

ШЕТЕЛДЕ  БІЛІМДЕРІН ШЫҢДАДЫҚорқыт ата  атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті оқу үдерісін ұйымдастырудың халықаралық тәжірибесін игеріп, әлемдік білім кеңістігіне интеграциялану бағытында жұмыс жасауда. Соның нәтижесі болар  университет АҚШ пен Ресейдің, Австрия мен Оңтүстік Кореяның, Польша мен Түркияның, Украина және  басқа елдердің 60-тан астам жоғары оқу орындарымен, ғылыми орталықтарымен өзара іс-қимыл байланысын орнатып, оқытушы-профессорлардың тәжірибе алмасуы, академиялық ұтқырлық, қос диплом бағдарламаларын жүзеге асыру, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысу секілді бірқатар істерді атқарып келеді. Мәселен, соңғы екі жыл көлемінде университеттің 19 студенті шет елдерде, 38 студенті өз еліміздің жоғары оқу орындарында  болып, білімдерін жетілдіріп қайтты. Ал осы уақытта  Қорқыт ата атындағы университетте  Корея елінің 14 студенті өз білімдерін жетілдірді.

Қазіргі таңда университетте стандарттау, метрология және сертификаттау және әлеуметтік жұмыс мамандығы бойынша білім алушылар Зейнұр Байдуллақызы мен Кәмила Әбдіжәлел Кореяның Кангвон ұлттық университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша 1 академиялық кезеңге барып, білімдерін  шыңдады. Олар  оқу кезеңінде қайта қалпына келтіру инженериясы, желі және алгоритм, 5-ші дәрежедегі ағылшын тілі, сымсыз байланыс, химиялық реакция дизайндары және қатты механика пәндерін игерді. 
Кореяның әсем табиғаты мен архитектуралық сұлу ғимараттарынан  ерекше әсер алған сырбойылық студенттер өздерінің әр күні қызықты өткенін айтады. Алғашқы күні Кангвон  ұлттық университетінің  президенті Сын Хо Шин мырза қабылдап, жылы лебізін білдіргенін еске алған Зейнұр өзінің Жапония, Қытай, АҚШ, Румыния, Тайланд, Индонезия, Ресей мен Өзбекстаннан келген тыңдаушылар қатарынан жаңа дос тапқанын айтса, Кәмила  корей халқының салт-дәстүрі мен мәдениеті, тарихи орындарының ерекшелігі жайында әңгіме өрбітті. Олар әсіресе Кангвон  ұлттық университеті студенттерінің  білімге деген талпынысының, білмекке ұмтылысының жоғары екендігіне сүйсініс  білдірді. Сонымен қатар, олар өздерінің арнайы лекцияның бірінші сабағында «Корея Республикасының экономикасы» тақырыбында дәріс тыңдағандарын жеткізді. Олар «Керамика 1» бағдарламасы бойынша  арнайы шеберханаға саяхат жасады. Тағы бір айта кетерлігі, әр елден келген білім алушылар  бағдарлама кестесіне сәйкес сабақ тыңдаумен қатар  корей тілін де меңгерген. 
***
Университеттің аударма ісі, шет ел тілі, экономика, қаржы, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандықтарының 10 студенті  академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша  өткен жылдың 1-ші қазаны мен үстіміздегі жылдың 19-шы қаңтары аралығында Польшаның Лодз университетінде өз білімдерін жетілдіріп қайтты. Аталмыш оқу орнының халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Зофия Высокиньска ҚМУ-дың ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисеновтің атына жолдаған хатында өздеріне жіберілген сырбойылық студенттердің білімдері жоғары екендігін және ағылшын тілін жетік меңгергендерін айта келіп, олардың университеттің қоғамдық өміріне белсене қатысқанын, өз қабілеттерін таныта білгенін атап көрсеткен. Бұдан кейін де екі оқу орны арасында өзара әріптестік байланыстың нығаятындығына сенім білдірген. Қорқыт елінен барған  студент жастар Польшада білім алу барысында  Андрей Вихер, Эндрю Томлинсон, Лукаш Сальский, Джоанна Кружковска, Петр Спира, Масией Вечерок сынды белгілі профессорлардың дәрістерін тыңдап,  жан-жақты тәжірибе жинақтады. 
– Бір семестр бойы өз мамандығымыз бойынша  Еуропа ғалымдарынан білім алып, кәсіби біліктілігімізді  арттырдық, – деді аударма ісі мамандығының студенті Динара Сұлтан. – Бізге осындай қамқорлық жасаған университет басшылығына алғысымыз шексіз. 
Университет тыңдармандары өз білімдерін  жетілдірумен қатар Лодз қаласының табиғатымен, қала өмірімен және тарихи орындарымен танысу мақсатында бірнеше саяхаттар ұйымдастырды. 
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз