Үшінші күш немесе Қоғамдық кеңес «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасының дағдарған құрылыстарына қозғау сала ала ма?

82

0

22 қыркүйек күні Алматы қаласында Тұрғын үй құрылыс
жинақ банкі жанындағы Қоғамдық кеңестің екінші отырысы өтті. Күн тәртібінде
шығарылып, талқыланған мәселе – ҚТҚЖБ желісі бойынша «Қолжетімді тұрғын
үй-2020» бағдарламасымен салынып жатқан тұрғын үй құрылыстарының мерзімінде
аяқталмауы. Мәселен, 2014 жылдың 1 қыркүйегіндегі дерек бойынша, еліміздің жеті
өңірінде жалпы ауданы 109 мың шаршы метр болатын, 1 671 пәтердің, яғни 31 тұрғын үйдің құрылысына
қатысты шикілік шыққан. ҚТҚЖБ баспасөз қызметі таратқан хабарламаға қарағанда,
19 нысанның пайдалануға беру мерзімі бұдан бір жыл бұрын өтіп кетсе, қалған 12
үйдің құрылысы бірнеше айдан бір жылға дейін кешеуілдеп отыр. Бір сөзбен
айтқанда, қоғамдық кеңес отырысы қызық өтті. Өткір сауалдар қарша борады.
Сондай-ақ, БАҚ пен әлеуметтік желілерде бұл кездесу қызу талқыға түсті.

 

Қоғамдық кеңес «Қолжетімді тұрғын үй – 2020»
бағдарламасының түйткілдерін шешуде ұтымды тетік бола ала ма? Бұл сұраққа жауап
алу үшін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның Басқарма Төрағасы
Айбатыр Жұмағұловты әңгімеге тартқан едік.

Тілші: Айбатыр Нышанбайұлы, Қоғамдық ке­ңес­тің екінші отырысында ҚТҚЖБ желісі бойынша «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасымен салынып жатқан тұрғын үй құрылысының мерзімінде аяқталмай қалуының себептері талқыланды. Бұл кездесуге бірнеше аймақтағы әкімдіктің өкілдері келді. Тұрғын үй құрылысының мерзімінде бітпеуіқашанда даудамай тудыратын мәселе. Жергілікті атқару органдарын отырысқа қатысуға қалай көндірдіңіз?

А.Жұмағұлов: Әкімдіктердің өкілдерін де, ҚТҚЖБ басшылығын да кездесуге шақырған –Қоғамдық кеңес төрағасы Сейітқазы Матаев. Бұдан ешкімнің бас тартуға құқығы жоқ. Сондықтан «біреуді көндірдік» деу басы артық әңгіме болар.

Оның үстіне, біздің де, әкімдіктердің де илегені – бір терінің пұшпағы, ел халқын қолжетімді бас­панамен қамтамасыз ету. Әкімдіктер құрылысты қаржыландырады, мердігерлерді таңдайды. Біз болсақ, бүгінгі күнгі ең тиімді талаптармен клиенттерге қаржы береміз. Екі тарапқа да ортақ жұмыс – осы жоба Елбасының жеке бақылауында тұр. Қоғамдық кеңестің шақыруына түсіністікпен қараған әкімдіктерге ризашылығымыз мол. Бұл шешімнің оңайға түспегенін де жақсы білеміз.

Бір жағынан, бұл жергілікті биліктің аса ауқымды шаруа тындырып жатқанын көрсетіп берді. Мәселен, Маңғыстау облысындағы «Аққу» ықшам ауданын алып қарайық. Салынып жатқан нысандардың сапасы нашар болып шықты. Соның кесірінен жергілікті билік құрылысты тоқтатуға мәжбүр болды. Бірақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттеріне басқа жаңа құрылыстардан пәтер бергізді. Осылайша, үш жүзден аса адамның мәселесі бірден шешілді.

Қазір елімізде тұрғын үйге деген сұраныс құрылысы аяқталған пәтерлердің санынан бірнеше есеге асып жығылады. Енді салынатын, жоспарланып жатқан тұрғын үй көлемі де баспанаға мұқтаж адамдардың бәріне бірдей жете бермейді. Бұл жайт бүгінде ешкімге құпия болмаса керек. Сенаторлар да, мәжіліс депутаттары да және Үкімет мүшелері де мұны жиі сөз етіп жүр.

Банк жанынан Қоғамдық кеңес құра отырып, біз барлық түйткілдердің ашық айтылатынын білдік. Әкімдіктер де бізді қолдады. Өйткені, бұл біздің ортақ мүддемізге сай келеді. Тіпті, бүкіл еліміздің мүддесіне сай келеді. Дәл осы себепті де, біз тағы бір маңызды қадам жасадық – Қоғамдық кеңестің отырысын онлайн режимінде тікелей көрсеттік. Мәселен, radiotochka.kz сайтында отырыс залынан тікелей эфирді 22 мың қолданушы тамашалаған.

Тілші: Қызылкеңірдек тартыс болды. Қоғамдық кеңес мүшелері сіздергеТұрғын үй құрылыс жинақ банкі басшыларына да, әкімдіктің өкілдеріне де қолайсыз сұрақтарды қабырғадан қойып жатты. Сіздер жергілікті билікпен жақсы серіктестік қарымқатынасты сақтап қала аламыз деп есептейсіз бе? Олардың тікелей эфирден уәде бергенін ескерсек, олар сөзінде тұрады деп ойлайсыз ба?

А.Жұмағұлов: Болжам жасауға әлі ертерек. Жыл аяғына дейін түйткілді нысандардың дені аяқталады деп үміттенемін. Біз банк тарапынан құрылыс барысына мониторинг жүргізіп жатырмыз. Әр айдың басында түсірген фото-суреттерді сайтымызда жариялаймыз.

Жергілікті атқару органдарымен серіктестік қатынасқа келсек, Елбасының тапсырмасын біз бірге, жұмыла атқарудамыз. Құрылыс мерзімдерінің кешеуілдеуі бәріне, бүкіл елге белгілі жайт. Бұл туралы баспасөзде ұдайы жазылып жүр.

Бұрын мәселелерді әкімдіктер айтатын еді, Банк сөз ететін еді. Қазір бұған үшінші күш – жұрт­шылық келіп қосылды. Бұл – ашықтық пен транс­паренттіліктің мүлде өзгеше деңгейі. Өткен Қо­ғамдық кеңес отырысының нәтижесі ҚТҚЖБ же­лі­сі бойынша «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағ­дарламасымен пәтер алып, биыл қоныс тойын той­лаған қазақстандықтардың санымен өлшенетін болады.

Тілші: Банк пен жергілікті атқару органдарының екеуара «әңгімесі» үшінші күшжұртшылықтың қосылғанын айтып өттіңіз. Тұрғын үйге мұқтаж қарапайым азаматтар бұдан не күтеді?

А.Жұмағұлов: Өздеріңіз салмақтап көріңіздер. Біз
os@hcsbk.kz электронды мекен-жайды аштық. Оған
банк салымшылары сауалдарын жібере алады. Бұл сұрақтар Кеңес мүшелеріне
тікелей жетеді. Екінші отырыста біз жалпы мәселелерді қарастырсақ, келесі жолы
клиенттеріміздің мәселелері күн тәртібіне қойылмақ.

Қоғамдық кеңес мемлекеттік бағдарламаларға және
мемлекеттің қолдауына мұқтаж адамдардың құқығын қорғау үшін құрылған. Тек осы
үшін ғана. Алғашқы отырыста-ақ, яғни «Қолжетімді тұрғын үй – 2020»
бағдарламасына қатысу талаптары туралы сөз еткен кезімізде, Сейітқазы Бейсенғазыұлы
(ескерту.- С.Матаев, ҚТҚЖБ жанындағы Қоғамдық кеңестің Төрағасы) Кеңес
қызметінің негізгі міндеті салымшылардың
мүддесін заңдық деңгейде қорғау екенін айтқан болатын.

Тілші: ҚТҚЖБ-мен
бірлесе жұмыс атқарудан Қоғамдық кеңес мүшелерінің күтері не? Үшінші отырысқа
не әзірлейсіз?

А.Жұмағұлов: Қоғамдық кеңес отырысында қандай мәселенің
талқыланатынын Банк шешпейді. Бұл – жұртшылық өкілдерінің құзырындағы іс. Біз
Сейітқазы Матаевпен бірге бұл жөнінде бір байламға келгенбіз. Қоғамдық кеңеске
қандай мәселе бойынша көп сұрақ (соның ішінде электронды пошта арқылы
түскендері де бар) түссе, сол мәселені күн тәртібіне шығарамыз.

ҚТҚЖБ-мен бірлесе жұмыс атқарудан Қоғамдық кеңес
мүшелерінің күтеріне келсек, бұл – аса маңызды әлеуметтік міндеттерді атқару
үшін ашық диалог алаңын жасау. Қазірдің өзінде осындай алаңның бар екенін
айтуға болады. Қоғамдық кеңестің барлық мүшелері – белсенді азаматтық
ұстанымдағы адамдар.

Өзімізге қатысты алып-қосарымыз, Банк келесі отырыста
жылдың алдын ала қорытындысы туралы есеп беруге әзір. Клиенттерге қызмет
көрсету сапасын жақсарту үшін, әкімшілік кедергілерді жою үшін және Елбасының
тапсырмасы шеңберінде комиссиялық алымдарды азайту үшін жасаған амалдарымыздың
бәрін жіпке тізіп көрсетпекпіз.

Мира
КАРИМОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз