“Шұғыла” шағын ауданындағы тұрғын үй құрылысы туралы

41

0

Облыс орталығындағы «Шұғыла» шағын ауданы, З.Шүкіров көшесіндегі «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің бірі жерүсті негізгі конструкциясы құйылып жатқанда 2015 жылы 24 наурызда келеңсіз жағдайлардың орын алуына байланысты құлаған болатын.
Қазіргі таңда аталған жағдай бойынша халық арасында түрлі пікірлер айтылып, түсініспеушілік туындауда. Осыған орай облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы төмендегіні хабарлайды:
Конструкцияның құлау себебін анықтау үшін ҚР Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті арнайы жұмысшы топ құрып, тиісті зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, тапсырыс беруші техникалық қадағалау, жобалау ұйымы, авторлық қадағалау, сарапшылар өз міндеттемелерінің тиісті деңгейде орындалмауы және бас мердігер тарапынан ішкі операциялық бақылаудың болмауы, сондай-ақ мердігерлік ұйым персоналдарының кәсіби біліктілігі төмен болуы ғимараттың құлауына себеп болғандығы анықталды. Осыған байланысты, құрылыс жұмыстары тоқтатылып, бірқатар мүд¬делі құрылыс мекемелеріне тиісті нұсқамалар берілді. Оның ішінде облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына кем¬ші¬л¬іктерге жол берген объектінің бас жобалаушысына, қосалқы мер¬ді¬герге, техникалық қадағалаушыларға, «Мемсараптама» РМК сарап¬шы¬сына әкімшілік жазалау шараларын қабылдау жөнінде ұсыныс берілді.
Осының негізінде, басқарма көрсетілген субъектілерге әкімшілік  айыппұлдар салды. Сонымен қатар, басқарманың дербес жүргізілген тексеру нәтижесімен нысанның бас мердігеріне де әкімшілік айыппұл салынды. Дегенмен, техникалық қадағалаушыға қатысты қылмыстық іс қозғалуына байланысты қылмыстық қудалау органдарының ұсыны¬сы¬мен әкімшілік іс тоқтатылып, олар әкімшілік жауаптылықтан босатылды.
Қазіргі таңда, мердігер «Дәнекер ҚК» ЖШС, инвестор «Береке KZ» ЖШС және «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ арасында жасалған үшжақты келісім шарт негізінде Қызылорда қаласы, Шүкіров көшесінің бойында орналасқан 35 пәтерлі 5 қабатты алты тұрғын үйді 872 млн теңгеге «Береке KZ» ЖШС сатып алды. Бұл соманың ішіне: үйден бөлек жер телімінің құны, сараптаманың оң қорытындысымен қоса жоба-сметалық құжаттама құны, техникалық және авторлық қадағалаушыларға кеткен шығындар кіреді.
Бүгінгі таңда, «Береке KZ» ЖШС 624 млн теңгесін төлеген (келісім-шарт талаптары бойынша желтоқсан және қаңтар айларына бірінші транш – 500,0 млн теңге және 124,0 млн теңге), қалған 248 млн теңге төлеу кестесіне сәйкес 62 млн-нан 4 айда төленетін болады.
Қазіргі кезде аталған үйлерге екіжақты алыс-беріс рәсімдері жүргізілуде. Алдағы уақытта нысандарға қайта техникалық зерттеу жұмыстары жүргізіп, конструкцияларын күшейту жөнінде жаңа жоба дайындап, сараптамадан өткізу жоспарлануда. Көрсетілген жұмыстарды аяқтау 2017 жылдың мамыр-маусым айларына көзделген.
Бас мердігердің мәліметі бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы жылдың маусым-шілде айларында бас¬талады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз