ШЫНДЫҚ ШЫҢЫРАУДАН ШЫҚҚАНША

77

0

Осы заманда шындықтың шыңына шығамын деп шыңыраудағы сол шындықты іздеп шарқ ұрған асыл азаматтарымыз азайып бара жатқан жоқ па, сол шындықтың жолынан тайып, көп дүрмекке еріп, жалғандыққа бой ұрып бара жатқан жоқпыз ба? – деген үркек ой мазалайтыны да шындық.
Ғалым-филолог Мекемтас Мырзахметов:
– Маған жасың келді, жайбарақат жайыңа жүрсейші дейтіндер бар. Бірақ, шындықты айтпасаң, адам шайтанға айналады дейді. Сондықтан қай дәуірде де, қай заманда да шындық айтылуға тиіс – дейді.
Ауданымызға белгілі журналист, рухы биік азамат Нұрбай Жүсіпке:
– Сен неге жұрт сияқты тып-тыныш ағыспен жүрмейсің? Сонда көп пәледен басың аулақ болар еді – деген «қамқоршы» ағасына, Нұрбай тұрып:
– Ағыспен тек өлген балықтар ғана ағып төмен қарай кетеді. Кеудесінде жаны барлары ағысқа қарсы өрлейді емес пе? Сонда сіз мені өлген балық қылғыңыз келді ме? Жоқ! Олай ете алмаймын, – деген екен.
Жоғарыда екі азамат сол шындық жолында жанын жалдап жүргендер десек, артық айтқандық болмас. Ал шындықтың жолы, шындық үшін күрес – ауыр жол. Оған шыдас беретін кәтепті қара нар керек. Шындық жолында шырқырап жүргендерді көрген кейбір пенделер: «Осы-ақ қайда көрсек шыж-пыжы шығады да жүреді екен. Өзінен басқалардың бәрі де жалған сөйлейтін, жалақор жандардай-ақ» деп оны кекетіп-мұқатып, жанын жаралауға бейім тұрады. Алайда мен: «Мұржамыз қисық болса да, түтініміз түзу шыққанын тілейтін халықпыз, – деймін.
Сол жаңағыдай шыншыл азаматтар кері тартқанды бері тартып, керауыз-өсекші, көрбілтелермен, жазықсыз жандардың жанын жаралайтын. Әпербақан ұрда-жық, кеудемсоқ басшыларды жөнге саламын деп, халықты басқаруда солақай саясат ұстап, қысым көрсеткендермен алысып, арпалысып жүргендер. 
Ал, кейбір: «Қойымды құрттап, қойыртпағымды ұрттап отырсақ болды да, басқа не керек?» дейтін жандарды көргенде қаралай қарының ашып, ондайларға қапалана қарайсың. «Білмеген соқыр, қайғысыз отыр, тамағы тойса жатуға» – дегендей, тамағы тойса төсегіне аунап түсіп, көрпесін тас бүркеніп, «қалғандарың күл болмасаң, бұл болыңдар маған десең» дейтін тоғышарлар арамызда жүргенін көреміз. Мақсатсыз, сана-сезімі төмен, басқаның сөзіне мағынасыз бас шұлғи беретіндер – ұшан-теңіз мұхитта бағыт-компасынан айырылған кемедегілер сияқты болып көрінеді.
Ондайлар құрлықта болса, жел айдаған қаңбақтай жел қайдан тұрса, соның ығымен кететіндер.
Кейде екі жүзді, ел бүлдіргіш есерлерді көргенде жарықтық Абайдың:
– Ел бұзылса құрады шайтан өрмек,
Періште төменшіктеп қайғы жемек.
Өзімнің иттігімнен болды демей,
Жеңді ғой деп, шайтанға берер көмек, – деген сөзін еріксіз іштей қайталауыңа тура келеді.
Өсек, өтірік, жалғандықпен жаныңды салып майдандасқаныңмен, өзіңді қоярға жер таппай қиналғанда, Қашаған жырауша толғай жөнелгің-ақ келеді:
– Өтірік айтып тайсалман,
Наданның сөзін айталман.
Айырма Алла тағаттан,
Хақ жолға баста Жаратқан.
Өмірде қатты күйініп, ренжігенде, ақымақтың жұбатқанын, ақылдының жылатқанын қалайтын уақыттар да болады.
Әңгімемізден алшақтау болса да, ойға оралғасын айтпай кетсек мәкірік болар. Қазақ пен қазақ кездессе: – Уа, кім боласың, қай ағайынсың – деп қауқылдасып жатамыз. Сонда мен іштей: «Осы біз айға барсақ та ағайын іздейтін халықпыз-ау» – деген ойға тірелемін. Шіркін, қазекемнің кең пейіл, дархандығы да осында жатыр ғой. Сұраса келе әйтеуір өзіне бір жақыны етіп алады.
Иә, әңгімеміз шындық жайлы еді ғой.
Ағайынға беті-жүзіне қарамай шындықты айтамын деп жазықты болып қалатын кезіміз де бар. Сондайда шалғайдан тартқан күшіктей кей жамандар жаныңа жара салғысы келеді. «Ит жақсыны да, жаманды да қабады, жалақор өз жазасын өзі табады – дейсің де қоясың.
Кейде «пейіштен үн келгендей қоңыр салқын» деп, ақылды, жақсы-жайсаңдардың есті де, мағыналы, мәнді кеңестерін тыңдағанда, жаныңның жайлауына бейне бір жанға  жайлы самал жел ескендей күйде отырасың. Бәрімізге ортақ қара жерді басып, бір аспанның астында өмір сүрсек те, пиғылымызды, мінезімізді Алла неге әрқилы етіп жаратты екен? Өсек пен өтірікті көпіртіп, екі көзіңді бақырайтып алдап кететін, жер соқтырып кететіндер қалай ғана мына қасиетті Жер-ананы басып жүреді екен – деген өкінішті ой жатсаң да, тұрсаң да мазалайтыны тағы рас.
Иә, қанша жерден тыраштанғанмен – «Әр адамның тағдыры маңдайына анасының құрсағында жатқанда жазылады». (Рабғуз (ХV ғасыр), Адам ата мен Хауа Ана қиссасында жазылған екен). Ұятты адам жалғандыққа, арсыздыққа бой алдырмай, адами қалпын сақтап өтеді. Бірақ ұят адаммен бірге туғанмен кейбір міскін пенделердің өзінен бұрын өледі.
Адамда бір ауыз, екі құлақ бар. Бұл да Жаратқанның «аз сөйлеп, көп тыңда» дегені шығар. Өмірде небір жылпос, жырындылар момын пенденің қайтсем бірдеңесін жырамын, олжалаймын дейтіндер біреудің қорасы өртеніп жатса, қойының басын үйтіп алғысы келетіндер де арамызда аман-есен жүріп жатыр ғой.
Со-л-ай!
«Біз суда балықша жүзуді, аспанда құсша қалықтап ұшуды толық үйрендік. Ал, бірақ бір нәрсені – жерде адамша өмір сүруді әлі үйрене алмай келеміз», – деген Бернард Шоу.
Ерте заманда тұрмысқа шығып бара жатып жылаған қызына қарт атасы:
– Жылама, қызым! Сен кетсең, Бәтіш құданың үйіне барасың. Ал, мен кетсем, молаға барамын. Жыласам, мен жылайын, – деген екен. Сол айтқандай-ақ, біздер енді жасарымызды жасадық қой.
Бірақ артымыздағы жастарымызға айтар сөз: адалдық деген алтын көпірден ауытқымай өтіңдер! Дүние үшін, құлқын үшін шындықты ештеңеге айырбастамаңдар, – дер едім.
«Шындық шыңыраудан шыққанша, өсек өзегіңді өртейді». Сол шыңыраудағы шындыққа жеткенше күресе білейік.
Алланың ақ жолынан адаспай өту баршамыздың адами борышымыз екенін әсте ұмытпасақ екен.
Сайлау БОТАБАЕВ,
медицина ардагері.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз