Іскер жігіт

112

0

Іскер жігітҚазір істің көзін тауып, қажымай еңбектеніп, оң жамбасына келген кәсіпті дөңгелетіп әкетемін деген жанның бетінен ешкім қақпайды. Бастысы, құжаттарың заңды, кәсібің адал болса жарап жатыр. Ашығында, бүгінгі уақыт бизнестің заманы екенін күнделікті тұрмыс ағымы да дәлелдеп отыр. Иә, мұны күн санап дамып жатқан кәсіпкерлік саласынан аңғаруға болады. Нақты кезеңде елімізде шағын және орта кәсіпті дамытып, жетілдіруге айрықша көңіл бөлінуде. Қуанарлығы, аталған салаға мемлекет тарапынан бөлінетін субсидиялар мен жеңілдетілген несиенің көлемі артуда.
Бәлкім, осының әсері де шығар, соңғы уақытта Қазалы ауданында кәсіпкерлікке бет бұрғандардың саны бұрынғыдан да артқан. Іскерлікке ұмтылған талаптыларға жергілікті билік пен тиісті орындардың белсенді түрде қолдау жасайтынын атап өткен абзал. Мемлекет берген мүмкіндіктерді сауатты да тиімді пайдаланып, кәсібін ұршықтай иіріп әкеткен азаматтар қандай да мақтауға лайықты. Әйтеке би кенті тұрғыны Шалғынбек Наурызбаев та сондай кәсіпкерлігімен ерекшеленген жанның бірі.
Ол еңбек жолын құрылысшы болып бастапты. Соңғы 15 жылдан бері жеке шаруа қожалығына жетекшілік жасап келеді. Ата-бабамыздың тыныс-тіршілігі ежелден төрт түлікпен тығыз байланысты болғаны мәлім. Мал жайын қаршадайынан жақсы білетін Шалғынбек жеке кәсіпкер ретіндегі талабын мал базарының құрылысын салумен жалғады. Тынбай тер төгіп, «Сәт» мал сою пункті мен мал базарын іске қосты. Оның ішінде мүйізді ірі қараға арналған 40 орын болса, уақ малға 150 орын тиесілі. Алыс-жақын ауылдардан мал әкелетін әлеуметке көлікпен тұратын арнайы мал сату орындары да бар.
Аумағы бір гектарды құрайтын нысанда базар күндері төрт түліктің түр-түрі тізіліп тұрады. Тұтынушылар соятын малын таңдап мәре-сәре. Ауылдағы ағайын да қолындағы қарасын пұлға айналдырғанына дән риза. 
Заманауи үлгідегі мал сою бөлмесінде киім ауыстыру, жуынатын бөлме, құрал-сайман қоятын және мал дәрігеріне арнайы бөлме қарастырылған. Бұған қоса, мал сою, ет сақтау қоймасы салынған. Сондай-ақ, еттің сапасын тексеру қызметі де қатаң түрде бақыланады. Базарда 12 адам жұмыс жасайды. Оның ішінде мал дәрігері, қасапшы, ет тазалаушы, тазалықшы, күзетшілер қызмет көрсетеді. Қызметкерлер мен елді мекеннен келген мал иелеріне демалыс бөлмелері, асхана тынымсыз жұмыс жасайды. Қадамы сәтті басталған «Сәт» базары ет тасымалдайтын мұздатқыш көлік пен мал таситын көліктермен қамтамасыз етілген.
«Іздеген іскер ағашын табады» деген. Шалғынбек Асанханұлы осыдан екі жыл бұрын қонақ үй және қызмет көрсету орталығын ашты.  Ал өткен жылы өнім өндіру көлемін ұлғайтып, шұжық шығару цехын іске қосқан кәсіпкер азамат өз өнімін аудан көлемінен асып облыс жұртшылығына ұсынуда. Мәселен, кешегі «Алтын күзде» ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде Шалғынбектің цехы өндірген шұжықтар тұтынушылар тарапынан үлкен сұранысқа ие болды. Қазіргі уақытта Шалғынбектің ұжымы аудан халқын ет және шұжық өнімдерімен қамтамасыз етуде. 
«Бай болсаң – халқыңа пайдаң тисін» дегенді өмірлік қағиданы мақсат етіп ұстанған жігіт қайырымдылық шараларынан қалыс қалмайды. Алдына келген жанның меселін қайтарған емес. Аудан көлеміндегі мәдени іс-шараларға да белсене араласып, демеушілік көмектер көрсетіп келеді. Шалғынбек Наурызбаев жыл сайын облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілетін «Мектепке жол» акциясына да белсене атсалысып, халық ризашылығына бөленуде.
Е.ТАБЫНБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз