СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ САРБАЗЫ

101

0

СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ САРБАЗЫ

Бала күнімізден әдеби шығармаларды оқып өстік. Бұл менің тұстастарыма тән көрініс. Мек­теп кітапханасы оқырмандарға лық толы болатын. Кітапханашы марқұм Несібелі Сүлей­менқызы апай өте мейірімді, биязы жан еді. Қажетті кітаптарыңды тауып берумен ғана шектелмей туындының мағынасы жайлы қысқа­ша шолу жасайтын. Мұнан соң сол шығарманы тездетіп тауысуға тырысатынбыз. Бірде апай­дың кеңесімен атақты партизан Қасым Қай­сеновтің «Жау тылындасын» оқып шықтым. Сондағы толғанысымды тілмен жеткізу мүмкін емес. Өзімді жас партизандардың сапында жүргендей сезіндім. Балалықпен соғыс кезінде дүниеде болмағаныма өкінгенім бар. Бір күні ауылға Қасым көкеміз кездесуге келді. Қуанышымыз қойнымызға сыймады. Шағын клубта ине шаншар жер қалмады. Жүздесу соңында даңқты партизан «Соғысқа қатысып елін-жерін қорғағандардың баршасы батыр. Мен жұрт назарына іліксем, тағдырдың сыйы шығар. Небір қаһармандар біздің ортамызда қарапайым ғұмыр кешуде. Ондай ерлер осы ауылда да бар. Алайда келешекте
олар жайлы да жазылатын болады. Кейінгі ұрпақ олардың есімін білетіндігіне
сенімім мол» деп толқығаны әлі есімде.
Аруақты ағаның лебізі қабыл екен. Сондай саңлақ солдаттың бірі – Сексеуіл кен­тінің
тұрғыны Берден Тұрсынбаев атамыз.

Берден ақсақал Сексеуілде
туып-өсті. Әр­кім­нің туған жері – өзіне жұмақ. Бәкең үшін осынау құтты
мекенінен асқан қоныс жоқ. Аңғар­ғанға бұл маңның көркі де өзгеше. Жап-жазық
өлкенің нақ ортасында Тербенбес ата­латын төбе бар. Маңғаз да­ланың ажары­на сән
қосып, сұс-айбат беріп тұр. Құдды табиғат-мүсінші қолдан қашап
орнатқандай әсер қал­ды­рады. Киелі аты­рап­ты жұрт­шылық мақта­ныш тұтады. Әрі
көзінің қа­­­ра­шы­ғындай сақтауға ты­­ры­­сады. Ел басына күн ту­­ғанда
тұрғыластары сын­ды Бер­денді де қан май­данға ат­тан­дырған осын­дай
перзенттік парыз еді. Ол шақта Кеңес өкіметі ата­латын ұланғайыр мем­ле­­кет­тің
барша тұсы ор­тақ үй, қасиетті Отан есеп­телгені баршаға аян. Ал жатпиғылдылар үйінің тыныштығын бұзса, ер азамат
басын бағып, бұғып қалмасы тағы анық.

Берден көке Беларусь майданында
шай­қасты. Атқыштар дивизиясының жауынгері ретінде жаумен белдесті. Атынан
білініп тұрғандай атқыштар нағыз кескілескен ұрыстың бел ортасында болады.
Әскерилердің арасында оларды «шабуылдың жүрегі» атайды. Үнемі сұрапылдың ішінде
жүрген адамның қауіп-қа­терге де еті үйренеді екен. Талай қанды қа­саптан аман
шықты. Сонан соң Калинин қала­сын азат етуге қатысты. Сексеуілдің саңлақ ұлы
батылдығымен көзге түсті. Витебск түбіндегі
сой­қанда сол аяғынан ауыр жа­ра­ланды.
Оқты боратып жү­гіріп келе жатқан-ды. Аяғы шым ете түсті. Іле-шала дүние
төңкеріліп кеткендей бол­ды. Госпитальдан кейін қай­тадан қатарға қосылды. Бұл
жолы қолға түскен неміс тұт­қын­дарын күзетті. Тағдырға не дауа, тұтқында
қандай күй болсын?! Күні кеше жұмыр әлем­ді жаулауды мұраттаған фа­­шистердің
жүні жығылып қа­лыпты. Мүләйім кейіпте мөл­тең қағады. Күнұзағына бе­рілген
жұмысты атқарады.

Елге оралған соң енбекке ара­ласты.
Депода жұмысшы бол­ды. Бертін келе тепловозды игеруге ұмтыл­ды. Алғашқыда
көмекшіліктен басталған жолы
машинистікке ұласты. Ұжым­дастары арасында ілтипатқа бө­ленді.

Жылжып жылдар өтті. Кешегі бала
Берден тамырын тереңге жіберіп, жапырағын кең жайған бәйтеректей бүгінде.
Жетпіс жылдан бері бейбіт күн шуағын шашуда. Ұзағынан сүйіндіргей. Осыдан 70
жыл бұрын қолына қару алып, елін жаудан қорғаған қаһарманның бір тілегі осы.

 

Ж.Айдарбекұлы.

Арал ауданы,

Сексеуіл кенті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз