ҰСТАСЫП ТҰРҒАН МҰЗ ЖОҚ

50

0

ҰСТАСЫП ТҰРҒАН МҰЗ ЖОҚСейсенбі күні «Сыр медиа» ЖШС жанындағы облыс­тық коммуникациялар орталығында облыстық төтенше жағ­дайлар департаментінің және «Оңтүстік» өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағының өкілдері баспасөз мәслихатын өткізді. Онда өткен жылғы жұмыстарға баға беріп, жыл басынан бері атқарылған қызметтерге тоқталды.

Департаменттің төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының
бастығы, подполковник Марат Қобыландиев қаңтар айынан бері тіркелген төтенше
жағдайлар саны өткен жылғы есепті кезеңдегіден 5 есеге дейін артқанын айтты.
Сондай-ақ, Шардарадан құйылып жатқан мол суды іркіліссіз өткізіп жіберу үшін
сала мамандары күні-түні кезекшілік атқарып жатыр. Бүгінгі күні Қазалы
ауданында дарияда күр жүріп жатса, Арал аймағында мұз біркелкі ұстаспай тұр. Ал
департаменттің өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет
басқармасының басшысы, подполковник Руслан Қайрақбаев жыл басынан бері 21 өрт
оқиғасы тіркелгенін айтты.

– 2015 жылы бұл көрсеткіш 7,4 пайызға азайған. Одан зардап
шеккен адамдар саны – 17,6, қаза тапқандар саны 22,2 пайызға азайған. Өрт
қауіпсіздігі қағидасын бұзған 402 жеке және заңды тұлғаға қатысты әкімшілік іс
қозғалып, айыппұл салынды, – деді басқарма басшысы.

«Оңтүстік» өңірлік аэромобильдік жедел құтқару жасағының бастығы
Бақыт Ембергенов жол бойындағы қауіпсіздікке орай түсіндірме берді. Күннің күрт
бұзылу қауіпіне орай ТЖД тарапынан барлық азаматтарға жіберілетін
смс-хабарламаларға жолаушылардың құлақ аспайтынын жеткізді. Әсіресе
«Қызылорда-Жезқазған» тас жолы бойында аязға қалып қойған азаматтарға көмек кеш
баратынын айтты. Өйткені жол бойы ұялы байланыспен толық қамтылмаған. Сондықтан
да, астындағы көлікке емес, департамент жіберген смс- хабарламаға сенгені дұрыс
дейді. Сондай-ақ, мұздың толық қатпағанына қарамастан, адамдардың өз өмірлерін
қатерге тігіп жүргенін жеткізді. Ал қауіпті жерлерге қойылған түсіндірме
тақтайшаларын жымқырып кете беретін тұрғындарға кез келген қауіпке салғырт
қарамауды сұрады.

– «Суға түсуге болмайды» – деген ескерту жазылған 27 тақтайша
қойған болатынбыз. Өткенде мониторинг барысында анықталғанындай қазір соның 4-і
ғана қалыпты. Қалғанының бәрі қолды болған. Мұны ешкім сырттан келіп
істемейтіні белгілі ғой, – дейді жасақ басшысы.

Баспасөз мәслихатында облыстың барша тұрғындарына судағы, мұздағы
қауіпсіздік шараларын және өрт қауіпсіздігі ережесі талаптарын қатаң сақтау
қажеттігі, әсіресе балаларды қараусыз қалдырмау жөнінде айтылды.

Нұрбек
САҒАТҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз