«ҰСТАЗДАР РУХЫНА ТАҒЗЫМ»

111

0

Шиелі ауданының Бестам ауылында өткізілген шара осылай аталды

Адамгершіліктің
басы адамның адамды іздеуінен бас­тау алса керек-ті. Нарықтық қатынастың қатал
тәртібі ме, әлде пендеден мейірім қашып бара ма, осы күндері айналадағылар өзге түгілі жақын-жуықты іздеуден қалып бара
жатқандай. Алайда, жаппай солай екен деп
ауызды қу шөппен сүрте салу да әбестік болар, өйткені үлкеннен – ұлағат,
кішіден ізет ғұрпын сақтағандар кезігіп қалады.

Осы сөзіміздің дәлелі ретін­де Шиелі
ауданы, Бестам ауылын­дағы жуырда өткізілген шараны айтсақ болады. Осындағы №205 ауыл мектебінде ұзақ жылдар
бойы ұстаздық еткен Мінуар Жұмаділдаев, Сақжан Абдураев, Әбіләш Әбуов, Дәрмен Қозыбаев, Тоқа Әбілдаев, Дүйсенбек
Рсманов, Тұрар Ерімбеттер бұл күндері о дүниелік болды. Қырықтың
қырқасына енді шыққанда ажал аранына ілінген Ахмет Ахаев, Манат Сейітовалар,
ордабұзар отыздағы Қыдырәлі, Жанар, Арайгүл, Самат секілді жастар да осы
мектепте қызмет істеді.

Оларды еске алатын бір шара өткізелік,
есімдерін жаңғыртып қоялықшы деген ойлар бұл күндері алпысты аттап өткен
аталмыш мектептің ардақты ұстазы Әбілда Ибраевты көп мазалады, бұл ойын ауыл
әкімі Нұржан Жақыпов пен мектеп директоры Асқар Есімге айтқаны сол, олар да
қостай кетті. Қанша дегенмен, жаңалықшыл жастар емес пе, жоғарыда еске салып
өткен шараны жылдамдата ұйымдастырып та жіберді. Жоғарыда өмірден өткен
ұстаздардың біразы кезінде ауыл спортын көтерген азаматтар болатын-ды,
сондықтан волейбол турнирін өткізуге бекінді. Онда да жеңіл-желпі емес, об­лыс­тың
мықты деген командала­рын ауылдың спорт залында тоғыстырып, көрер­­мендерге қы­зық­ты
мереке сый­ламаққа ниет етісті.

Айтулы шара расында ойла­ған­дарындай
етіп өткізілді. 5 қыздар командасы, 8 ерлер командасы Бестам ауылының №205 орта мектебінің биылғы оқу жы­лы басында
ғана пайдалануға бе­рілген екіқабатты жаңа ғима­ратының спорт залында «Ұстаздар
рухына тағзым» атты ашық турнирде бақ сынасты. Екі күнге созылған бәсеке
барысында қыз­дар арасындағы бас бәйгені Терең­өзек ауданының командасы
иеленіп, 80 мың теңге ақшалай сыйлықты жеңіп алды. Ал оларға финалдық ойында есе
жіберіп алған Жаңақорған ауданының қыздар командасы екінші орынды місе тұтып,
60 мың теңге ақшалай сыйлықты иемеденді. Үшінші, төртінші орындарға
Бестам-Шиелі командасы мен қызыл­ордалық қыздар көтерілді. Жұртшылық күтеніндей
ерлер арасындағы сайыс тіптен қызықты болды. Өйткені, бұл турнирге «сен тұр,
мен атайын» деген кіл мықтылар жиналған екен, дегенде облыстық төтенше
жағдайлар департаментінің волейбол командасы басқаларға азулылық көрсетіп,
бірінші орынға ешкімді жолатпады. Саид Молдақараев бастаған бұл командаға 100
мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Ал екінші орынды Абай Даутовтың «Қорқыт
ҚМУ» командасы көтерілді. Алғашқы ойыны барысынан алдына келгендерді жапыра
жеңіп келе жатқан алаң иелері Бестам ауылының командасы соңғы іріктеуде ғана
сыр беріп, солығын баса алмаған күйі үшінші орынға тұрақтады. Олар да тиесінше
80 және 60 мың теңгелік ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Аталмыш шараның көп көңі­лінен
шыққандығынан бө­лек, ауыл балаларының спорт­қа деген құмарлығын арттырары
сөзсіз. Әсіресе, ауылдағы әлігіндей игі шара басынан табылатын Әділда Ибраев
пен Бестам ауылдық округі әкімі мен мектеп директорының бұл тараптағы еңбегі
өзге тұстастарына үлгі боларлығы анық.

Нұрмахан Елтай.

Шиелі ауданы,

Бестам ауылы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз