ҰСТАЗДЫҚ – ҰЛЫ ҚЫЗМЕТ

145

0

Ұстаз – ұлағатты ұлы
есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие мен жақсы қасиеттерді
бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі
зор. Сондықтан олар әрдайым құрмет
төрінде тұрады. Дүниеде көптеген мамандық бар, солардың ең қиыны ұрпақ
тәрбиесіне тікелей байланысты ұстаздық дер едік.

Оқушының жетістігі ұстаздың
еңбегімен бағаланатыны анық. Қазіргі таңда балаға білім беру заман талабына сай
жаңа технологиялар мен сапалы оқу жүйелерімен, үш тілді еркін меңгеруге толық
жағдай жасалған. Елбасы Н.Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында ұстаз еңбегін ерекше
атап, қолдан келген барлық мүмкіндіктерді қарастыруда. Себебі, келешегіміздің
тұтқасын ұстайтын жастар балабақшадан бастап өздерін жан-жақты жетілдіруі
керек. Ал, оған ұстазы жетекшілік
етеді.

Осы орайда облыстағы мектептер қатарында алдыңғы
орыннан көрініп жүрген Н.Назарбаев атындағы зияткерлік мектебін ерекше атап
өткім келеді. Себебі үнемі оқушылардың жетістігімен көрінетін ұжым ұстаздар
алдына да үлкен жауапкершілік пен талап қоя біледі. Мұндағы оқушылар
халықаралық, республикалық және облыстық
деңгейдегі түрлі байқаулардан үнемі жүлдемен оралады. Ұстаздар да
өздерінің қолданатын әдістемелік оқыту процесін шыңдау мақсатында өзге
өңірлерде, шет мем­лекеттерде арнайы болып, білімдерін жетілдіріп, тәжірибе
алмасып қайтуда.

Осындай ұстаздардың бірқатарын атап өтер болсақ, Несібелі Баше­нова, Сәуле Шажанбаева, Ербол
Қайнарбаев сынды оқытушылар өздерінің ерекше қарым-қабілеттерімен оқушыны
оқытудағы заманауи тәсілдерімен, ақпараттық технологияларды байланыстыра отырып
шәкірттерге тәлім-тәрбие беруде. Үнемі шығармашылық әлемін байытуға, кеңейтуге күш са­лып келеді. Оқушылардың үш
тілді еркін меңгеруге, сабақ барысын қы­зықты да тартысты, мағыналы өткізу
ұстаз үшін алдыңғы орында тұратын
қағида болып саналады.

Сонымен қатар мектепте түрлі іс-шаралар
ұйымдастырылып, оқушы­лардың жан-жақты дамуына, қоғамдық жұмыстарға белсене
араласуына, үйірмелер мен қосымша сабақтарға қатысуына үнемі көңіл бөліп
отырады. Мұнда оқушы мен ұстаз үшін барлық жағдай толыққанды қарастырылған.

Ұстаз бен оқушы арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде
қа­лыптасқан. Мен де ұстаз ретінде оқушының білім алып қана қоймай, өмір­де
орны бар тұлға етіп қалыптастыруды мақсат тұтамын. Оқушының та­лапты да
талантты болуы ұстаздың еңбегі деп білемін. Еліміздің келешек білікті кадрларын
даярлауда ұстаз алдындағы үлкен міндет екені айдан анық.

 

Жазира СМАҒҰЛОВА,

Назарбаев зияткерлік
мектебінің мұғалімі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз