СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ШЕЖІРЕСІН ЗЕРДЕЛЕГЕН

339

0

Қазақстанға еңбек сіңірген гидротехник, Сырдария
ауданының құрметті азаматы Мәделхан Нәлібаев Сыр өңірінің су шаруашылығы
саласының шежіресін ыждағаттылықпен жинап келеді. Облыстың осы саласының өткені
мен бүгінін бейнелейтін «Сыр шежіре” мұрағат мұражайын көрген әрбір адам онда
бұрынғы уақыт тынысынан сыр шертетін талай толымды дүниені тамашалай алады.
Ардагер ағамыз судың жоғын жоқтап, жоғалғанын іздеп, барлық саналы өмірін сарп
етіп, «Су туралы толғаныс”, «Шежірелі Сыр бойы» және «Су – өмір шежіресі” атты
кітаптарды жергілікті жұртшылыққа тарту етсе, жақында оқырман қолына тағы бір
толымды туындысы – «Сырдың шежіресі сыр шертеді” атты кітабы тиді. Сапалы
жылтыр қағазға басылған кітапта облыстың су шаруашылығының тарихы, тіршілігі
және тынысы толық көрініс тапқан. Онда көптеген құжаттар, тарихи суреттер,
маңызды мәліметтер, белгілі азаматтардың құнды пікірлеріне орын берілген.

– Негізгі мақсатым – өлкемізде «Су – өмір, жер – байлық”
екенін ұғындыра отырып, су мен жердің тілін біле отырып, оның тиімділігін
арттырғанда ғана халқымыз тоқ, еліміз бен жеріміз бай болатынына көзімізді
жеткізу, – дейді М.Нәлібаев ағамыз бізбен әңгімесінде. – Соның нәтижесінде
келешекте ұрпағымыз дәулетті, бақытты болады. Осындай дүниелер арқылы жастардың
сана- сезіміне ой салып, адал еңбекке баулу – біздің басты мақсатымыз.

Ағамыздың бұл кітабында су шаруашылығы саласының
тыныс-тіршілігімен қатар, Сыр мұрабтары жайында деректер берілген. Автор олар
жайында «Төменгі Сыр бойында адамзаттың қандай бір күнкөріс қорегі болмасын,
тек қана суландыру арқылы егістік жерден алынатындықтан, Сыр мұрабы – Сыр
елінің күнкөріс тіршілігінің қажеттілігінен ерте дүниеден бері өмірге келген –
Ата кәсібі. Сыр мұрабтары адамнан дәметпей, Алладан су сұрайды. Елі мен жерін
байытқан табиғатынан қабілетті, қарапайым, жеке басын күйттемейтін,
шаршап-шалдығуды білмейтін. Судың бүкіл жаратылыс әлеміне қатысын жетік
білетін, ел алдындағы жауапкершілікті жақсы сезінетін, елі мен жеріне қамқоршы
болған бірден-бір маман. Төменгі Сыр елінде табиғатынан дарынды біртуар, ел
құрметіне бөленген Сыр мұрабтары көп болған. Өкініштісі, қилы-қилы замандардың
кесірінен Қосымбет Ахунұлы Нұртазадан өзгесі естен шыққан” деп жазады. Осылайша
Сыр мұрабы – Нұртазадан бастап аймақтың
су шаруашылығы саласында айрықша орны бар азаматтарды атап өткен. Кеңестік
кезең жылдарында осы салада елмен етене еңбек еткен Серікбай Бедебеков,
Пірмұхамбет Көтібаров, Раушан Әбенқожаев, Оңдаш Мереев, Жолдыбай Ысқақов, Сапа
Меңлібаев, Бектай Әлішеров, Рүстем Үмбетов, Петр Мартынов, Борис Григорьев,
Арын Қалымбетов және өзге де азаматтар жайында айтылған.

– Сыр мұрабтары мен диқандары кәсіби шеберлігімен
табиғатқа қиянат жасаған жоқ. Халықты тойындырып, ел мен жер байлығын молайтты. Бай табиғатты,
құнарлы жерді, телегей теңіз таза суды бізге мирас етіп қалдырып еді, – дейді Мәделхан
ағамыз. – Біз Кеңес дәуірінде білімсіздіктен Жер-анаға қиянат жасап, табиғатты
қураттық. Өндірген мол өнімге құнығып «Табиғаттың бермесін тартып аламыз” деп
жер бетіндегі бар байлықтан айрылып, экология дағдарысына тап болдық. Сыр еліне
осы жасаған қиянаты аз болғандай, Кеңес үкіметінің қайта құрумен басталып,
қайта құртумен аяқталған соңғы саясаты судың тілін бүкіл жаратылыс әлеміне
қатысын жетік білетін инженер-гидротехникті бірнеше тар мамандықтарға бөліп
тастады. Су мамандарын сауатсыздыққа, мекемені қауқарсыздыққа айналдырды.

Мәделхан
ағамыз: «Экология дегеніміз – қоршаған ортаның суға байланысты барлық
ауруларының бір-біріне қосылып асқынған түрі. Біз экология дағдарысынан шығамыз
десек, бар судың тиімділігін арттырып, қоршаған ортаны сумен емдеуіміз керек”
дейді. Ол кісінің айтуынша, Сыр бойындағы бір тамшы су бермей қуартқан
табиғатқа мол су беріп, өсімдік әлемін, жан-жануарлар дүниесін қайтадан қалпына
келтіру керек. Алайда, бұл орайда «су жоқ” деген бір ауыз сөз алдыңнан шығады.
Шындығында өзеннің тасқын суын қураған табиғатқа жіберетін жолы жоқ. Сондықтан
барлық су дарияның арнасына қамалып, Қызылорда қаласына қауіп төндіреді.
Сондықтан жаз айларында қураған табиғатқа баратын арықтар қаздырып, көктемде
өзен суы тасыған кезде олар сағасын ашып, мол су жіберіп, тасқын судың қарқынын
азайтуымыз тиіс. Содан кейін қалаға да қауіп төнбейді, табиғат пен мал жайылымы
суландырылады. Өкінішке орай, Шардара су қоймасына келген суды есептеп,
қысы-жазы бірдей қураған табиғат пен теңізге бөліп беру жұмысы қолға алынған да
жоқ. Бүкіл жаратылыс әлеміне жан бітіретін құдіретті күш – судың проблемасы
осылайша өмірдің ащы шындығына айналды.

– Демек,
қаншама қиын­дық­тармен Шардара су қоймасына келіп түскен ауадай қажет судың
тиімділігі арттыруда тікелей өзеннен алатын каналдардың сағасына шлюздер, су
өлшейтін бекеттер, суын бір жерден ашып-жабатын автоматты қондырғылар орнатып,
Сырдария өзенін біртұтас инженерлік жүйеге айналдыру өмір талабы, – дейді
ағамыз. – Біз «Мал шаруашылығын өркендетіп, ауылды дамытып, ел экономикасын
ғылыми негізде көтереміз” дейміз. Шындығын айтқанда, табиғи жайылымсыз,
шабындықсыз, жемсіз мал шаруашылығы өркендемейді. Суармалы егіншілктің
мәдениетін көтермей, ауыл дамымайды.

Ол кісінің
айтуынша, суландыру жүйесіндегі суармалы егістік алқаптарының техникалық
жағдайы өте нашар. Жердің бабын тауып, барын алатын тәжірибелі диқандар мен
мамандар жоқ. Қажетті егістік суды есептеу, өлшеу, бөліп беру жұмысы жолға
қойылмаған. Сондықтан суландыруды ғылыми негізде жетілдіру өмір талабы.
Суландыру дегеніміз – екпе дақылдарынан тұрақты мол өнім алуға қажетті
топырақтың ылғалдығын табиғи су айналымы қамтамасыз етпейтін өлкеде топырақтың
сол жетпейтін ылғалдығын қолмен суландыру арқылы толтыру екені белгілі.
Өлкеміздің ауа райының қуаңшылық болуына байланыс­ты екпе дақылдарға қосымша
көп мөлшерде су беруді қажет етіледі. Осыған керісінше жерасты тұзының жақын
болуына байланыс­ты, әр дақылдың өсуіне қажетті суынан артық берген су жерасты
тұзын бетіне шығарып, өнімін азайтып егістік жерді істен шығарады. Сондықтан
егілген дақылдан мол өнім алатын, егістік жердің мелиоративтік жағдайын
нашарлатпайтын суландырудың тиімді тәсілін тауып, сол суды өзеннен жетектеп
атызға жеткізгенше бойындағы топырақтың су өткізгішіне қарай жерге сіңетін, ауа
райына қарай аспанға бу болып ұшатын судың шығынын есептеп, сағадан алатын
судың көлемін анықтау тәжірибемен ғылымды сабақтастыратын күрделі іс.

– Егерде
су мен жерге бүкілхалықтық бетбұрыс жасалса, су мен жердің тілін бірдей біліп,
тиімділігін арттыратын мамандар даярлауға, суландыруды ғылыми негізде
жетілдіруге Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлектетік университеті мен Ы.Жақаев
атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының толық
мүмкіндіктері бар. Сондықтан төменгі Сыр бойы осы ерекшеліктерімен орын алған қателіктерінен
тәжірибе жинап, халықпен ақылдасып, суландыруды ғылым мен білімнің
жетістіктерімен жетілдіруіміз қажет. Бір сөзбен айтқанда, экология зардабын
шегіп отырған бізге, не керек екенін ең алдымен біз өзіміз білуіміз қажет, –
деп ой бөлісті ағамыз.

Осы
мақсатта «Сыршежіре” мұрағат мұражайын тандыры кепкен Аралдың, қураған
табиғаттың, тозған суармалы жердің тағдырын шешетін құдіретті күш – су екенін
насихаттайтын, өсер жастарға өне­гелі тәрбие беретін орталыққа айналдырса деген
ойын білдіреді.

Халқымыз
даналығымен «Өмір­­дің денесі – жер, қаны – су, жаны – еңбек” дейді.
Шындығында, өмірдің қан тамыры – су жолдарын ақаусыз жұмыс істетіп, бүкіл
жаратылыс әлеміне жан бітіретіндей етіп, су мен жерге еңбек еткенде ғана ел мен
жер байлығы молаяды. Сондықтан су мен жердің тиімділігін арттыруда бүкіл
халықтық бетбұрыс жасап, ел мен жер байлығын молайтып, келешек ұрпақтарға бай
табиғатты, құнарлы жерді мирас ету әрқайсымыздың өз ұрпағымыздың алдындағы
парызымыз.

Ағамыз
бізге өзінің ой-толғамдарын осылайша жеткізді.

 

Ә.ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз