СЫР СYЛЕЙІ СӘРСЕНБАЙ ЖЫРАУ ЕСІМІ БЕРІЛСЕ…

66

0

Қасиетті Сырдың елі ежелден-ақ асыл мұраға, тума таланттарға бай өлке. Жүз жырауды жүзіктеген Қармақшы топырағы сұлу сазды жырауды, отауызды ақынды, баһадүр мен батырды дүниеге әкелген құтты қоныс. Аты аңызға айналған Қорқыт бабадан бастау алатын дәстүрлі киелі жыр өнерінің қайталанбас тұлғалары Балқы базар, Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, Мұзарап, Жиенбай, Рүстембек, Тасберген, Көшеней сынды дүлдүл жыраулар осы топырақта дүниеге келген. Соның бірі де бірегейі – Сәрсенбай жырау.
1987 жылы белгілі ғалым, өнер зерттеушісі А.Құнанбаева, зерттеуші-фольклорист М.Байділдаев, белгілі жырау А.Алматовтардың бастауымен Қармақшы ауданында Жиенбай жырау, Тасберген жырау, Сәрсенбай жырау жыр мектептері ашылды. Осы мектептерден дәріс алған шәкірттер бүгінгі таңда облыс, республика жұртшылығына кеңінен танымал болып келеді.
Мақам сазы өз тұсындағы жырауларға мүлде ұқсамайтын, асықпай жәймен айтып отырып-ақ тыңдаушысын еріксіз еліктіріп, баурап алатын Сәрсенбай жырау әдемі әнші, әрі керемет күйші де болған екен. Ол жастайынан дінге сеніп өскен. Содан да болар, оның өлеңдерінің барлығында дерлік Алла тағала ауызға алынып, ілтипатпен аталады. Ел арасында «Сәрсенбай сазы» деп аталатын мақам саздар қазіргі кезде халық арасында кеңінен айтылып жүр. Сонымен бірге, Мұңсыз хан, Жүсіп-Ахмет секілді көлемді жыр-дастандары мен термелері өскелең ұрпаққа құнды дүние болмақ.
Өнерді жасаушы жеке адам болғанымен, оның игілігін көретін иесі, тұтынушысы халық! Ал, тұтынушысына жетпеген өнер тұл.
Біз, Ақжар ауылының халқы қазіргі Қармақшы ауданы, Ақжар елді мекеніндегі ауылдық клубқа Сыр сүлейі, артына өшпес мұра, сұлу саз, аса құнды жыр-дастан қалдырған Сәрсенбай жыраудың есімі берілсе деген тілектеміз!
***
Ұсыныс білдірген мақаланың астына Ақжар ауылының әкімінен бастап, Батыр аналар, Социалистік Еңбек Ері С.Жұмабекова, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері К.Аненова, ауыл ардагерлері, барлығы 30 адам қол қойған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз