ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ ЖАҚСАРТУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

111

0

ОБЛЫС ӘКІМІ Қ.Е.КӨШЕРБАЕВТЫҢ 2014
ЖЫЛҒЫ 2 ШІЛДЕДЕГІ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ СЕССИЯСЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ

Тәуелсіздігімізді
алған сәттен бастап, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрқашанда экология
және табиғат қорғау мәселесіне назар
аударып келеді.

Әсіресе, Елбасының Арал
өңіріне, оның тұрғындарына деген қамқорлығы ерекше.

Адам ақыл-ойының
нәтижесі алып ракеталар, атом станциялары, зауыттар, тағы басқа ғылыми прогресс
жетістіктері өмірімізді байыта, жеңілдете түсумен қатар қауіп-қатер де
туғызуда.

Сондықтан, мемлекет пен
қоғам тарапынан үнемі табиғатты қорғауға бағытталған шаралар қабылдануда.

Өңірімізде, соңғы
4 жылда (2010-2013 жылдары) қоршаған ортаны қорғау іс-шараларына
облыстық бюджеттен 4,1 млрд. теңге қаржы қаралса, табиғат қорғаудың
маңыздылығын ескеріп, биылғы жылы облыстық бюджеттен 2,4 млрд. теңге қаржы
бөлініп отыр.

Бүгінгі сессияда
көтеріліп отырған табиғат пайдалану мен оны жақсарту шаралары ауқымды әрі
күрделі мәселе.

Сондықтан,
мынадай негізгі мәселелерге тоқталып өтсем деймін.

Бірінші. Су ресурстарын пайдалану:

«Қазақстан –
2050» атты Елбасының стратегиялық Жолдауында су ресурстарының тапшылығы
жаһандық қауіп ретінде қаралады.

Елбасының өз
уақытында қабылдаған шешімінің арқасында, Кіші Арал теңізі сақтап қалынды.

Бүгінде, Көкарал
су тоспасы салынғаннан кейін, 9 жыл ішінде Сырдария өзені арқылы Солтүстік Арал
теңізіне түскен 56 млрд. текше метр судың 20 млрд. текше метр су көлемі Үлкен теңізге қайтарымсыз кетті.

Яғни, жылына 2 –
3 млрд.текше метр су ысырап болуда?!

Осындай жағдайды
болдырмау үшін бірінші кезекте,
біз көлдер жүйесін жаңғыртуды қолға алуымыз керек.

(Анықтама
ретінде: көлдер жүйесі: Ақсай-Қуаңдария (23 көл), Қараөзек (29 көл), Телікөл
(14 көл), Ақшатау–Қамыстыбас (12 көл), Жаңадария (43 көл), Қандыарал (18 көл),
Нәнсай (27 көл).

Мақсатымыз – жыл
сайынғы 2 – 3 млрд. текше метр судың мүмкіндігін пайдалана отырып,
табиғатымызбен экологиялық жағдайды жақсарту.

Бұл бағытта түбегейлі шаралар қабылдау үшін біз
Қазақстанның Су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасына 95 млрд.
теңге болатын 85 жобаларға ұсыныстарымызды қорғап, енгіздік!… Енді кезек-кезегімен іске асады деп
күтілуде.

Атап өту керек,
Елбасының тікелей қолдауымен Қазақстанның Су ресурстарын басқарудың мемлекеттік
бағдарламасына «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік
бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасының екінші фазасы енгізілді. Жобаның құны – 22,2
млрд. теңге.

Қазіргі таңда,
жобаны Дүниежүзілік банк арқылы қаржыландыру үшін жақын арада Үкімет «жол картасын» қабылдап, тиісті жұмыстар жүргізуде.

Екінші. Жерді пайдалану:

Суармалы
жерлердің мелиора­тив­тік жағдайы

(Анықтама
ретінде. Ауыл шаруашылығы жері 2 млн. 395 мың гектар, оның ішінде 179 мың
гектарға ғылыми негізделген ауыл шаруашылығы дақылдары кезектілігі
бекітілген. Осы жерде 366 ауыспалы
егістік, оның ішінде 277 күріш (159,2 мың га), 56 мал азығындық (16,2 мың га),
10 көкөніс (2,1 мың га) және 23 өзге де ауыспалы егіс (1,7 мың га) жүйелері
қолданылады).

Өңіріміз
Еліміздегі негізгі күріш егу аймағы.

Суармалы
және коллекторлық-қашырт­қылық жүйелердің техникалық жағдайы және пайдалы
коэффициенті ирригациялық құрылыстар мен каналдардың тозуына байланысты өте
төмен (0,60 пайыз ғана)…

Бір сөзбен
айтатын болсақ, суаруға жұмсалатын судың 40 пайызы жоғалады!..

Коллекторлық-қашыртқылар
жүйелерінің қанағатсыз жағдайының нәтижесінде суармалы жерлердің құнарлылығы төмендеуде.

Біз, бұл мәселеге
байланысты арнайы шара қабылдауымыз қажет.

Жерасты су
деңгейі көтерілген жер көлемі және оның тұздылығы көрсеткішінің көбеюі жыл сайын артуда.

(Анықтама
ретінде: Жерасты су деңгейі 2,0-3,0 метрде орналасқан жер көлемі 2009 жылы 130
мың гектар, 2013 жылы 170 мың гектар, яғни 40 мың гектарға артқан. Ал, жерасты
суының тұздылық көрсеткіші 5,0 грам/литрден жоғары жер көлемі 2009 жылы 73,8
мың гектар, 2013 жылы 91,8 мың гектар, яғни 18,0 мың гектарға артқан).

Ауыспалы танаптың
іші­нен жерлердің тұздануынан пай­да­лануға жарамай істен шық­қан жер соңғы он
жылда 
700 гектарға артып отыр (2004 жылы 670 га, 2014 жылы 1382 га).

Облыстағы
суармалы жердің тұздануы және сорлануын
тежеу үшін бізде топырақты шаю тиісті деңгейде қарастырылмайды.

Сондықтан да
қашыртқылар арқылы судың қозғалысын жылдамдатып, тұздану процессін төмендету
керек.

– Вертикалдық
кәріздік скважина­лардың жұмысын қайтадан жолға қою қажет;

– Суды үнемді
және тиімді пайда­­ланудың әлемдік тиімді техно­логияларын тәжірибеден өткізіп,
тамшылатып суару әдісін көкөніс, бақша, тағы басқа дақылдарға арнайы егіс
алқаптарын дайындап қолдануды енгізу керек.

***

Соңғы 5 жылда
облыс бойын­ша берілген карьерлердің 
(82 карьер, саз, құм, қиыршық тас және т.б.) басым көпшілігі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай»
халықаралық автомобиль дәлізінің құрылысына пайдалану үшін табысталған.

Қазіргі таңда,
аталған жобаның құрылысы аяқталу үстінде.

Ендігі жерде, осы
жоба бойынша табысталған карьерлерді қалпына келтіріп, мемлекетке қайтарып алу
жұмыстары жүргізілу керек.

Үшінші. Орман шаруашылығы:

Соңғы 7 жылда Қазақстан, Дүниежүзілік банк және Ғаламдық
экологиялық қоры арқылы қаржыландырылған Республикада ормандарды сақтау және
ормандануды көбейту жобасы іске
асырылып, осы жылы аяқталады.

Жоба аясында,
Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 77 мың гектар жерлерге сексеуіл екпелері
егіліп, оң нәтижесін көрсетуде.

Жақында (маусым
айында)
Қазақстанға келген Оңтүстік Корея Республикасы Президентінің (Пак
Кын Хе) жұмыс сапары барысында, екі ел президенттерінің қатысуымен бірқатар
құжаттарға қол қойылды.

Соның ішінде,
Қазақстан Республи­касының Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі мен
Корея Республикасының Орман шаруашылығы қызметі арасында орман шаруашылығы және
Қазақстан Республикасының ормандарын қалпына келтіру саласындағы ынтымақтастық
бойынша өзара түсіністік туралы меморандум қабылданды.

Осыған сәйкес
Арал теңі­зі­нің құрғап қалған ұлта­нын­да фитоорманмелиорациялық
жұмыстар өз жалғасын табуы қажет.

***

Тәуелсіздік алған жылдары облыс аумағында жабайы фауна мен
флораның құрып кету қаупі төнген түрлері зерттелмеген екен.

Сондықтан, өткен жылы облыстық бюджет есебінен Білім және
ғылым министрлігінің Ботаника және фитоинтродукция институтымен Қызылорда
облысы өсімдіктерінің мемлекеттік кадастры әзірленсе, жыл соңына дейін облыста
сиреп, жойылып бара жатқан өсімдіктердің Қызыл кітабы дайындалады.

Сонымен қатар,
осы жылдың мамыр айында менің(облыс әкімінің) атыма түскен Абай атындағы Қазақ Ұлттық
Педагогикалық университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік
университеті ғалымдарының ұсыныстарына сәйкес келесі жылы облыстың жануарлар
дүниесінің кадастры әзірленетін болады.

Өз кезегінде, бұл мағлұматтар ғалымдар мен жоғары, арнаулы
оқу орындарының студенттеріне танымдық оқу құралы ретінде де пайдалануға мүмкіндік
беретіні сөзсіз.

Төртінші. Балық шаруашылығы:

Қазіргі таңда, облыстағы балық өңдеу зауыттардың жылдық
қуаттылығы 11 мың тонна болса, оған шикізаттың жетіспеуін кәсіпкерлеріміз
сезінуде.

2014 жылға бекітілген квота 6 725 тонна.

Сондықтан,
бірінші кезекте, тауарлы балық шаруашылықтарын ұйымдастыруымыз қажет.

(Анықтама
ретінде: 2013 жылдан бастап, облыста ұйымдастырылған 5 тауарлы балық шаруашылықтар жұмыс жасауда
(оның 2-уі Қызылорда қаласында, 1-уден Қазалы, Жалағаш, Шиеліде).

Сөйтіп, біз
ауылдық өңірлерде қосымша жұмыс орындарының құрылуына жәрдем көрсетеміз.

Сонымен қатар,
біз Арал өңірінің балықшылық кәсібін одан әрі жетілдіруіміз үшін мемлекеттік
қолдау шараларын Үкіметпен әзірленіп жатқан Балық шаруашылығын дамытудың 2020
жылға дейінгі бағдарлама жобасына енгізуіміз керек.

Бесінші. Тұрмыстық қатты қалдықтар туралы:

Тұрмыстық
қалдықтарды өңдеу мен кәдеге жарату – Қазақстанның ғана емес, басқа да елдердің
өзекті мәселелерінің бірі.

Бүгінгі таңда,
Астана қаласында жұмыс істеп тұрған полигоннан басқа, бірде-бір тұрмыстық қаттықалдықтардың үйіндісі санитарлық қағидалардың талаптары мен көмудің экологиялық
стандарттарына сәйкес келмейді.

Сондықтан, осы мәселелерді кезең-кезеңімен шешу үшін Үкімет осы
жылы 2050 жылға дейінгі Тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жаңғыртудың бағдарламасын
бекітті.

Қазіргі таңда, Қоршаған орта және су ресурстары
министрлігімен Қызылорда қаласында өндірістік және тұрмыстық қатты қалдықтарды
өңдеу зауытының инвестиция негіздемесі әзірленуде.

Осы жобаны
Еуропалық қайта құру және даму банкі қаржыландырмақ.

Бұл туралы маусым
айында банк президенті Сума Чакрабарти Қызылорда қаласына жұмыс сапарымен
келгенде сөйлесіп, Астанада өткен шетелдік инвесторлар кеңесінің XXVII
отырысында мәлімдеді.

Сондықтан, біз
өндірістік және тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өндеу мен қайталама
пайдалануды кеңінен қолдануға көшуіміз қажет.

Ол үшін біз
тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласында жоғары стандарттарға қол
жеткізген Еуропа Одағы елдерінің оң тәжірибесін енгізуге тиіспіз.

Сонымен қатар,
заманауи экологиялық және санитарлық талаптарға сай келетін полигондарды салуды
ең бірінші халық көп орналасқан облыс, аудан орталықтарынан бастау қажет деп
санаймын.

***

Әрине, табиғат
пайдалануды жақ­сарту шаралары бір күнде, бір жылда шешілетін мәселе емес.

Бірақ, біз қолда
бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, табиғи ресурстардың тозуын барынша азайту
шараларын қабылдауымыз қажет.

Арал өңірінің
экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында, жоғарыда атап өткенімдей үстіміздегі
жылы 22 мамырда Астанада Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Тони Блэрмен
кездесіп, нәтижесімен облыстың экологиялық мәселелерін шешуге байланысты
бірлесіп, жұмыс жасауға келістік.

Осы мәселелер
бойынша Тони Блэрдың тобы бүгін облысымызға жұмыс сапармен келді. Сонымен қатар
Ұлттық Ғылым Академиясымен және Израиль елінің мамандарымен арнайы іс-шаралар
іске асуда.

Сол себепті,
бүгінгі сессияның шешімін орындау мақсатында облыстық табиғи ресурстар және
табиғат пайдалануды реттеу басқармасына 2 ай мерзімде облыста «Табиғат
қорғаудың» жол картасын әзірлеп, бекітуге ұсынуды тапсырамын.

Өз кезегінде, облыс әкімдігі
Елбасымызбен айқындалған міндеттерге сәйкес табиғи ресурстарды пайдалану мен
оларды басқару тиімділігін арттыру, халықтың әл-ауқаты мен қоршаған ортаның сапасын
көтеру жұмыстарын әрі қарай жалғастыратын болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз