ТАҒДЫР ТӘЛКЕГІ

54

0

Өмірдің тар соқпақтары Сабираны ерте есейтті. Тумысынан тұрмыстың тауқыметін көрді. Көзін тырнап ашқалы әкесінің ішкені арақ, ал шешесі азаннан кешке дейін 4 баланы аш қалдырмаудың қамымен пойыз аралап, жолаушыларға зат сатумен жүреді. 
Сабира үйдің үлкені. Мектепте 11 сыныпты бітіргісі келмеді. Бар арманы Қызылорда қаласына келіп, оқу оқып, жұпыны тіршіліктен құтылуды ойлады. Осылайша арман қуып, 9 сыныптан кейін Қызылорда қаласындағы колледжге түсті. Оқу ақысын өзі таппақшы болып, сабақтан тыс кездері жұмыс істеді. Әупірімдеп бір жылды да өткізді. Қалада ақысы шарықтап тұрған колледжде оқудың қиындығын түсінді. Бұл кезде Сабира бір үйдің жалғыз баласы, қызметі жоғары Арманмен көңіл жарастырып жүрген-ді. 
Орда бұзар отызға жақындап қалған Арман ауылдың қарапайым қызы Сабираны бір көргеннен ұнатып, бас қосқысы келді. Ол ойын мәпелеп өсірген ата-анасы қолдай қоймады. Олар жағдайы төмен, 19 жасар Сабираны өздеріне тең көрмеді. Арада бір жыл өткенде Арман Сабираға үйленді. Ата-анасы барынша қарсыласса да, олар бас қосады. Басында бәрі тамаша болды. Алайда тағдыр бұл бақытты Сабираға көп көрді. Жол апатынан Арман қыршынынан қиылып, Сабира мен енді ғана өмірге келген қызы Аяулым екеуін қатал өмірге тастап кете барды. Әу баста Сабираны ұнатпаған Арманның ата-анасы, баласының қырық күндігі болар болмастан, баламыздың басын жұтқан деп Сабира мен кішкентай Аяулымды үйлерінен қуып шықты. 
Тағдырдың тәлкегіне айналған Сабира қызы Аяулымды ауылдағы анасына апарып тастады. Ол енді артында өсіп келе жатқан бауырларының өзі сияқты қиындық көрмеуі үшін жұмыс іздеуге кірісті. Дипломмен жұмыс таба алмаған соң, жеке мекемеге еден жуушы болып жұмыс істеді. Ол жердің мардымсыз айлығын жеткізе алмай, түнгі клубқа жұмысқа орналасты. Осы жерге келгеннен соң, Сабираның өмірі түбегейлі өзгерді. Ең бірінші өзінің әкесіндей кісінің көңілдесіне айналды. Жағдайын біршама жақсартып алды. Ішімдікке үйір болды. Тек оңаша қалғанда жан жары Арманды есіне алып, көз жасын төгіп алады. Арманның артынан кеткісі келсе де, қызын қимайды. Түнгі клубта жүріп біраз ақшаның басын құрады. Анда-санда «көңілдес көкесі» долларлап ақша ұстатып қояды. Сабира қаржы жинап, үй алмақ ниетте болады. Алайда көздеген үйіне 500 мың жетпей қалады.
Арманның өмірден өткен күні көңілі құлазыған Сабираны ажалы айдады ма, жұмыстан кейін бірге істейтін Айбар, Біржан, Сабира ішпекші болып Біржанның үйіне жиналады. Айбардың біраздан бері Сабираға ойы кетіп жүрген-ді… Олар 5 шөлмекті әп-сәтте босатып тастайды. Масайып қалған Біржан ұйықтап қалады. Сол кезде Айбардың ойына арамдық келіп, Сабираны зорламақшы болады. Айбар талдырмаш қызға әлімжеттік жасап, ақыры өз дегеніне жетеді.
Ал, бұл зорлауды Сабира да өз есебіне жаратпақшы болып, Айбарға «зорлады деп үстіңнен арыз жазам, арыз жазбасын десең, 500 мың теңге әкеліп бересің» дейді. Сабираның көкейіндегі ой үй алуға жетпей тұрған 500 мың теңгені оңай жолмен табу болатын. 
Бұл сөз жасы жиырмадан енді асқан Айбардың шамына тиіп кетеді. Ол үстел үстінде тұрған пышақты кетіп бара жатқан Сабираның оң жақ бүйрегінен сұғып алды. Онымен қоймай, ішкіліктің буымен пышақты үсті үстіне тығып, тамағынан орып жіберді. Сол жерде Сабира тіл тартпай кетті.
Осылайша тағдыры тәлкекке салған Сабираның өмірі де қыршынынан қиылды. Сөйтіп, Арманының қасына жол тартты. Ал, артында 2 жасар Аяулым көзі жәудіреп қала берді. 
Р.S: Басты сот талқылауында жәбірленушінің анасы сотталушыға кешірім бермей, соттан оған ең ауыр жаза беруін сұрады.
Сот сотталушы Айбарды Қазақстан Республикасы ҚК-нің 120-бабының 1-бөлігімен, 96-бабының 2-бөлігінің «д», «к» тармақтарымен кінәлі деп танып,  түпкілікті 18 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтеуге үкім етті.
Айжан ЫСҚАҚОВА,
облыстық соттың баспасөз қызметі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз