ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ

74

0

Майдангер азаматтар қашанда жастарымызды отансүйгіштікке баулитын бірден-бір өмір мектебі десек, ортамыздағы Ауған соғысы ардагерлері Ұлы отан соғысында от кешкен ата-бабаларымыздың лайықты ізбасары ретінде жастарымызға тағлымы мен тәлімі мол тұлғалар.
Ендеше, бүгінгі күн əскери борышын Ауғанстанда атқарған азаматтарымызға құрмет көрсетіп, құрбан болған боздақтарды еске алатын тағдырлы әрі тарихи күн екендігі сөзсіз. Сондықтан, қала мен аудан орталықтарында Ауғанстанда өздерiнiң интернационалдық борышын өтеу кезiнде ерлiкпен қаза тапқан қандастарымызға қойылған ескерткiштерге гүл шоғын қойып, олардың рухына тағзым етемiз.
Күні кеше соғыс даласындағы қантөгісті 17-18 жасында, яғни бозбала шағында көрген жастар бүгін ардагер атанып ортамызда жүр. Елге олардың бірі денсаулығынан айрылып оралса, ал бірінің денесі табытпен қайтты. Осы ретте, олардың рухына тағзым ету, ал басы аман, бауыры бүтін, көзі тірілеріне құрмет көрсету ұрпақ парызы.
Осы орайда, бүгін Арал ауданында өткен еске алу шарасы одан әрі Абай атындағы орталық кітапхана ғимаратында жалғасты. Арнайы Ауған соғысы ардагерлерімен бас қосқан кездесуде алғашқы сөз тізгінін аралдық қаламгер, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филалының төрағасы Жұмабай Жақып алып, сұрапыл соғыстың елімізге əкелген қайғы-қасіреті туралы баяндап өтті.
Жастардың зұлмат соғыс жайында көлденең ақпарлардан білмей, ардагерлердің өз аузынан естуі өзекті. Осы орайда, кездесуге аудан жастары да белсене қатысып, от пен оқтың арасынан аман-есен елге оралған ержүрек азаматтардың қилы тағдырлары жайында мәліметтерге қанығып, өздерінің пікірлерін де ортаға сала отырып емен-жарқын əңгіме өрбіді. Ал, аудан өнерпаздары болса ардагерлерімізге әннен шашу шашып, терме, күйлерді нақышына келтіре орындап берді. Кездесу соңында, Ауған соғысы ардагерлеріне аудан əкімінің «Алғыс хаты» табыс етіліп, сый-сияпаттар жасалды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз