ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ҚОЛДАНУДА

96

0

Өздеріңізге
мәлім, Сыр аймағы тұрғындарының асыраушысы – суармалы егіншілік. Содан да жыл
сайын ауыл шаруашылығы дақылдарын суғаруға 4,1 млрд. шаршы метр суармалы су
лимиті бөлінеді екен. Демек, егіншілік саласында пайдаланатын суды үнемдеу –
бүгінгі күннің басты талабы. Күріш дақылы өзге дақылдардан гөрі суды аса көп
пайдаланады. Нақтылай айтар болсақ, 3-4 есе артық қажет етеді екен. Сондықтан,
су үнемдеу технологиясын өндіріске енгізу аймақта қолға алынуда. Яғни, егістік
пен бақшалықты тамшылатып суғару және егістік жерлерді жаңа технология бойынша
тегістеу негізінде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру жұмыстарын
жүргізу керек-ақ. Осыған байланысты аймақта тамшылатып суару әдісін пайдалану
2012 жылдан бастап қолға алынған. Бір ғана дерек, Жаңақорған ауданындағы «Тату
Агро” шаруа қожалығы 2 мың тонна қызанақты тамшылатып суару әдісімен өндірген.
Ал, биылғы жылы шаруашылық осы әдіспен 80 гектар қызанақ пен 5 гектар жерде қияр
өсіруде. Сонымен қатар, ауданда өткен жылы 36 гектар жеміс дақылдары
мен 342 гектар
жүзім дақылдары тамшылатып суғару әдісімен өсірілсе, биылғы жылы тағы да 95 гектар жеміс дақылдары
мен 15 гектар
жүзім күтімге алынуда. Сондай-ақ, биылғы жылы Жалағаш ауданы егіншілері де
тамшылатып суғару әдісімен 10
гектар жерге картоп өсіруді қолға алған еді.

Жалағаш
ауданына қарасты «Таң ЛТД” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осындай әдіспен
жұмыс жасауға биылғы жылы бетбұрыс жасап, инвесторлармен әріптестік орнатуда.
Осыған орай сырттан жоғары сортты картоп тұқымдары мен тамшылатып суаруға
қажетті құрал-жабдықтар әкелінді. Биылғы жылы жаңа әдіспен 10 гектар жерге картоп
егілді. Айтқандай, өсімдікке қажетті минералды тыңайтқыш та су жүретін түтіктер
арқылы берілуде. Бұл дегеніңіз, өз кезегінде әрбір гектардан алынатын өнім
көлемін 2-3 есеге арттыруға мүмкіндік бермек.

Жақында аталған шаруашылық пен
Мақпалкөл ауы­лындағы «Ер-Әлі” шаруа қожалығының егістік танаптарында картоп
өсірудің жаңа технологиясы мен егістік жерлерді тегістеу жұмыстарына байланысты
облыстық семинар болып, оған облыстық ауыл шаруашылығы саласы басшылары мен
егінші-механизаторлар қатысты. Олар алдымен Таң ауылындағы тамшылатып суғару
әдісімен егілген картоп танаптары жұмыстарымен егжей-тегжейлі танысты.

Жалағаш ауданы әкімі Т.Дүйсебаевтың
мәлімдеуінше, аудан аумағында 30406 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары
орналастырылса, осының 19954
гектар жеріне күріш дақылы егіліп, бүгінде
гербицидтермен өңдеу, үстеп қоректендіру, суғару жұмыстары, яғни, күтіп-баптау
жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы аудан шаруашылықтарына 29 түрлі ауыл
шаруашылығы техникалары алынып, астық өндірушілерге мемлекет тарапынан 266 млн.
теңге субсидия берілді.

– Биылғы жылы, – дейді «Агро-Мир”
жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры А.Елубаев, – келісім арқылы «Таң
ЛТД” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қамтуындағы 10 гектар жерге картоптың
«Беллароза” элита тұқымы егіліп, тамшылатып суғару әдісімен күтімге алынуда.
Мұндағы су айдайтын технологияның қуаттылығы 50 гектар жерге
есептелген. Бір құптарлығы, мұнда бір адам
ғана жұмыс істейді. Пластмасса трубалар арқылы егіс алқабына су әрбір ұяшыққа
түтіктер арқылы тамшылатып беріледі. Суды барынша үнемдеп, арамшөп шықпайды.

«Таң ЛТД” жауапкершілігі шектеулі
серіктестігі басшысы И.Шағыртаев:

– Мен Алматы, Жамбыл облыстарына
барып, егістікті тамшылатып суару әдісін өз көзіммен көріп қайттым. Содан да
тұрғындардың сұранысына байланысты картоп, көкөніс егістіктерін қолға алып,
оларды тамшылатып суғару арқылы күтіп-баптауға бетбұрыс жасаудамын, – дейді.

Бүгінгі таңда «Ер-Әлі” шаруа қожалығы
(басшысы Ә.Бекжанов) өткен жылдан бастап жерді қайта тегістеу жұмыстарын қолға
алған. Бұл жұмысты италиялық лазерлік «МАРА” жер тегістегіш техникасы атқаруда
екен. Қайта тегістелген жерге егілген күріш дақылы басқа тегістелмеген алқаптармен
салыстырғанда, анағұрлым мол өнім береді. Бүгінгі су тапшылығы кезінде осы
шаруашылық жерді тегістеп егу арқылы аяқ суды 50 пайызға дейін үнемдеуге қол
жеткізеді. Демек, қымбат шетелдік техникаларды сатып алудың қажеттілігі шамалы.
Қожалық осы әдістің тиімділігі мен игілігін екі жылдан бері көріп келеді.

Егістік жер көлемін арттыру, оларды
инженерлік талапқа сай ұстау қажеттілігі күн тәртібінде тұр. Сондай-ақ, алқапты
қайта тегістеу мен тамшылатып суғару әдісін өмірге енгізу де күн тәртібінен
түспеуі тиіс.

Еркін
АҚҚАЛИҰЛЫ.

Жалағаш ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз