ТАРТЫМДЫ ЖОБАЛАРҒА ТҰРАҚТЫ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

56

0

Кеше аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Онда аймағымыздағы қолға алынған басым бағыттағы инвестициялық жобалар бойынша атқарылған жұмыстар баян етіліп, алдағы уақытта жүзеге асырылатын міндеттер жайы кеңінен талқыланды.

Өткен жылдың күз айында құрылған облыс әкімі жанындағы кәсіпкерлер кеңесі жергілікті бизнесмендер тарапынан ұсынылған баянды бастамаларды дер кезінде қолдап, олардың кедергісіз жұмыс жасауына оң ықпал жасап келеді. Кеңес мүшелері бұрын айына бір мәрте жүздесетін болса, биылдан бастап екі рет бас қосып, жобалардың жүзеге асырылуын талқылауды дәстүрге айналдырды.

Басқосуды ашқан өңір
жетекшісі Қ.Көшербаев кеңес мүшелеріне алдымен аталған кеңес төрағасының екінші
орынбасарын таныстырды. Енді облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов аталған
кеңестің агроөндіріс кешені және туризм саласы бойынша жүзеге асырылатын
жобаларға жетекшілік жасайтын болады.

Мұнан соң 28 мамыр күні
өткен кеңестің кезекті отырысын­да талқыланған өңірдегі инвести­ция­лық жобалар
бойынша ат­қа­рыл­ған жұмыстар жөнінде облыс­тық
кәсіпкерлік және туризм бас­қармасының басшысы Тельман Сүлейменов хабарлама
жасап, бұған дейінгі кеңесте қабылданған шешімдердің орындалу барысы жөнінде
қысқаша мәлімет берді. Атап айтқанда, өткен отырыста 11 инвестициялық жоба
талқыға салынған-ды. Соның ішінде «Шиелі тас» ЖШС «Силикат кірпішін шығаратын
зауыт құрылысы» жобасы бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруді сұраған
болатын. Бұл өтінішке облыс әкімдігі жанындағы «республикалық және өңірлік
Индустрияландыру карталарына енгізу үшін жобаларды қарау жөніндегі эксперттік
комиссия» отырысында жоба сараптамадан өтіп, аймақтық үйлестіру кеңесіне
ұсынылды. Ал, «Best-сервис ЛТД» ЖШС «Етті тереңдетіп қайта өңдеу кешені» жобасы
бойынша қала әкімдігімен бірігіп жұмыс жасауда. Ал, «Аквалайн» ЖШС «Газдалған
және газдалмаған сусын өндірісі зауыты» жобасына екі жыл бойы қолы жетпей
жүрген жер телімін алған. Мұнан басқа мұнай саласы мен құрылыс материалдарын
шығару және туризмді дамыту бағытындағы маңызды деген жобаларды жүзеге асыру
үшін де жұмыстар жасалып, олар оң
шешімін тапқан. Он бір жобаның екеуінде ғана кедергі бар. Оның бірі –
«ҚұмкөлМұнайТранс ЛТД» ЖШС «Бұрғылау құбырларын инновациялық әдіспен қайта
жөндеу цехын құру» жобасын жүзеге асыру үшін локомотив депосын сатып алуға
көмек сұраған. Бастамашы А.Мылтықбаевтың айтуынша, акционерлер бұл мәселе
бойынша әлі шешім шығармапты. Сол себепті аукцион тоқтатылып тұр. Осы тұста
облыс әкімі апта соңында Астанаға жұмыс сапарымен баратынын, «ҚТЖ» АҚ басшысы
Асқар Мәминмен кездесіп, бұл мәселені шешуге тездетіп күш салатынын жеткізді.
Екінші жобаға келсек, «Қамыстыбас демалыс аймағында коттедж қалашығының бірінші
бағытының құрылысы жобасын» жүзеге асыруды қолға алған «Глобал Энерджи Компани»
ЖШС бизнес жоспарын жасап бітпеген.

Кеңес
төрағасы мұны дереу бітіруді тапсырды. Өйткені, сәрсенбі күні облысымызға
Еуропалық қайта құру және Даму Банкісінің басшысы мен Өңірлік даму министрі
Б.Жәмішев сапарлап келмек. Сол кезде оны министр назарына ұсыну қажет. Ал,
Еуропалық қайта құру және Даму Банкісінің президентімен 6 жоба бойынша келіссөз
жүргізіледі деп күтілуде.

Екінші
мәселе бойынша, яғни облыста жүзеге асырылатын басым бағыттағы инвестициялық
жобалар туралы жоба бастамашыларының өздері хабарлама жасап, кеңесте 5 жоба
бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сарапқа салынды. Соның бірі «Сыр маржаны» ЖШС
Қазалы ауданында 500 басқа арналған мал бордақылау алаңын салу жобасын қолға
алған. Бұл жобаның құны 355 млн. теңге. Оның 85 пайызын кәсіп иесі
«КазАгроҚаржы» АҚ 9 жыл мерзімге 6 пайыздық өсіммен несиеге алған. Жоба толықтай
іске асқанда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Кәсіпкер электр желісі мен ауыз
су құбырын тартуға 40 млн. теңге көлемінде көмек сұрады. Инфрақұрылым үшін
қажет қаражат 1 ай ішінде берілмек. Сонымен қатар осы ауданда «Ақарыс» ЖШС 3
мың тоннаға арналған «Жеміс-жидек, көкөніс қоймасын қайта жаңғыру» жобасын
қолға алыпты. Бұл жобаны 2 апта ішінде қайта зерттеуді «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басшысына жүктелді.

Сонымен
қатар кеңесте «Энергия» ЖШС басшысы А.Камербаев кірпіш және тротуар плиталарын
өндіретін кірпіш зауытына жер телімін бөлуді сұрады. Қаланың өнеркәсіптік
аймағында «Бекітетін темір арқауын (задвижка) өндіруді ұйымдастыру» жобасын
шетелдік компаниялармен бірігіп қолға алған «Азиаш» ЖШС басшысы Бекзат
Адразақов болса жобаны жүзеге асыруға 2,5 гектар жер телімі қажеттігін
жеткізді. Мұны облыс басшысы қала әкімі Н.Нәлібаевқа 2 апта ішінде шешуді
тапсырды.

Соңғы
жоба өңірде кенже қалып отырған ішкі туризмді дамытуға қатысты болды.
«Қоғалыкөл ауылында туристік демалыс кешені жұмысын ұйымдастыру» жобасын жүзеге
асырып отырған «Жас ғасыр» ЖШС директоры Спандияр Алдоңғаров тынығу орнындағы
жағажайға заманауи талаптарға сәйкес келетін аттракциондар сатып алу үшін 6
млн. теңге көлемінде гранттық қаржыландыру қажет екендігін жеткізді. Кеңес төрағасы мен мүшелері мұны «Бизнестің
жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде қарастыратынын атап өтті.

Кеңес
жұмысын қорытқан аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес
қосатын тартымды жобаларға ешқандай кедергі жасалмайтынын әрі осы отырыста
айтылған барлық ұсыныстарды шешу үшін мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетіле
беретінін жеткізді.

 

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз