Құтқарушы

246

0

ҚұтқарушыАдам баласының бір-біріне жәрдем беруі
Алланың тілеуі. Ол – кісіліктің белгісі. Ал әр күн сайын жақсылық жасау –
құтқарушының маңдайына жазылған қызметі. Өз өміріне қауіп төнсе де, басын
бәйгеге тігіп, барын салатын қарапайым жандардың ержүректілігіне риза боласыз.
Олардың сағат сайын атқаратын істерінің маңыздылығы мен мәнділігі өз алдына.

Құтқаруға дайын жанкешті жан ерен
еңбегімен көп көзіне түспей-ақ үлкен ерліктер жасап жүреді. Осындай бесас­пап
мамандардың бірі облыстық төтенше жағдайлар департаменті Оңтүстік өңірлік
аэромобильдік жедел құтқару жасағының бөлім басшысы Данышбай Есемұратов.

Желтоқсан айының соңғы күндерінде облыс
әкімі Қырымбек Көшербаев авариялық – құтқару операцияларында ерекше көзге
түскен құтқарушы ретінде Қазақстан
Республикасы Ішкі істер Министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті «Оңтүстік
өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің құтқару бөлім
жетекшісі Есемұратов Данышбай Маханұлына «Жыл құтқарушысы» номинациясы мен
статуэтканы табыс етті.

– «Біздің күнделікті жұмыс барысында
тәуекел ететін әрбір күн бар, зардап шегушілерді құтқару кезінде, жабылып
қалған есіктерді арнайы құрал-жабдықтарды қолданып ашу арқылы, далада, күшті
желде және суыққа қарамай, зардап шегушілерді құтқару жұмыстарын жүргізу. Бірақ
қауіпсіздік ережесін сақтай отырып, жұмыс істейміз. Тәуекелділік – біздің
жұмысымыздың ажырамас бөлігі. Адамның өмірін құтқарып қалған жағдайда – одан
артық қуаныш жоқ»,-дейді ол.

Данышбай Маханұлы жетекшілік жасайтын
жасақ жауапты аймақтарда авариялық және іздестіру құтқару жұмыстарына ұдайы
қатысады. Былтырғы жылдың 10 ақпанында Шиелі ауданына қарасты «Телкөл» көлінде
балық аулауға шығып, хабар-ошарсыз жоғалып кеткен азаматтарды іздестіру-құтқару
жұмыстары барысында және қараша айының 8-9 күндері Қызылорда-Жезқазған тас
жолында батып қалған 95 адамы бар 18 техниканы құтқарып шығаруда белсенділік
танытты.

«Бұл біздің күнделікті қызметіміз әрі
міндетіміз. Қайсыбіреулер айтатындай, құтқарушы болу оңай шаруа емес. Сондықтан
осы мамандықты қалағандар алдымен сан түрлі тексеруден өтеді. Құтқарушы
спорттық қалыпта ғана емес, психологиялық жағынан да өте мықты болуы тиіс.
Әйтпесе, жол-көлік апатын көре тұрып, жан ұшырып жатқан немесе өлген адамды
көліктің бортын кесу арқылы сыртқа шығару оңай емес. Мұндай оқиға ең алдымен,
адамның жүйкесіне қатты әсер етеді. Сондықтан да құтқарушы боламын деген адам
бізде бірнеше ай бойы арнайы сынақтан өтеді.

Құтқарушылардың жұмысы өз өмі­рі­не
қауіпті болып келеді. Дегенмен, олар­дың алға қойған басты міндеті — халықтың
тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық
жағдайға жол бермеу.

«Жігітке жеті де өнер аз» десек,
құтқарушылардың да (мейлі ол әйел не ер болсын) сан қыры болуы тиіс. Жұмыс
барысында стропольщик, газбен-электрмен дәнекерлеуші, электрик, фельдшердің
жұмысын атқаруға тура кеп жатады. Әрі өмірін қатерге тігіп, айрықша қиын
жағдайда қызмет ететін құтқарушылардың спорттық дайындығы, денсаулығы болуы
міндетті. «Аттың жалы, түйенің қомында» етігімен саз кешетін мұндай жұмысты
алдын ала дайындығы жоқ кез келген адамның атқара алмасы анық.

Әрбір құтқарушы «парамедик», яғни
олардың арнайы орта медициналық білімі бар. Бұл оларға апатты жағдайда жапа
шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуіне мүмкіндік береді.

Құтқарушының бойында жауапты­лық,
жұмысына берілгендікпен қа­тар жүректілік, салқынқандылық, жан­ашырлық,
сабырлылық болуы керек. Сондай-ақ қиын сәтте ұстамдылық танытып, шұғыл әрі
дұрыс шешім қабылдау арқылы ол өзінің де, өзгенің де өмірін сақтап қалады.

Д.Есемұратов жасақ құрамындағы
қызметкерлердің бәрі өз жұмысын адал, абыроймен атқарып жүргенін айтады.
Тәжірибесі мол құтқарушылар кейінгі келгендерге білмегенін көрсетіп, әрдайым
қамқорлық танытады. Жігерлі келген жедел жасақ қызметкерлері күн сайын
қаталдықпен бетпе-бет келсе де, мейірім мен жанашыр көңілдерінен танған емес.
Бұған қоса жедел жасақ деген атына сай жылдамдық та қажет. Қаланың ішінен
шақырту түссе, он минутта сол жерден табылады. Өрт сөндіру немесе жедел
медициналық жәрдем тобынан да ертерек жетіп, зардап шеккендердің бейнетін
жеңілдетуге тырысады.

– Боранды күні бағытын жоғалт­қандарды,
суға батқандарды іздестіру сияқты қиын сәттерде жігіттердің қасынан табылуға
тырысам. Қол күші артық етпейді. Әйтпесе, олардың тапсырманы мүлтіксіз
орындайтынына сенімім мол, – дейді жетекші жұмыс барысы туралы.

Құтқарушының тағы бір қасиеті сол,
жұмыстан тыс жерде де адамға араша түсуге даяр. Мұның бәрі құтқарушының
күнделікті қызметінің бір көрінісі ғана. Денсаулықтарына қауіп төндіре отырып
жұмыс атқарған олардың басты міндеті – апатқа жол бермей, халықтың тыныш
өмірін, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Құтқарушылардың халық арасында беделі
жоғары. Олардың қауырт, ауыр жұмыстары құтқарылған адамдардың алғысымен
бағаланады.

Бүгінде нағыз құтқарушы деген атаққа
сай Данышбай Маханұлы Есемұратов 2014
жылдың ең үздік «Жыл құтқарушысы» ретінде аталды.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз