ТАСТАНДЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ

90

0

Бір ғана ой. Санаға тыным бермейді. Екі
көзін бір нүктеден айырмай, жол тосады. Кімді күтеді? Қашан келеді? Бәлкім,
келер, бәлкім, келмес. Бірақ үміт үзілмек емес. «Менің де өзгелер секілді бір күні ата-анам келіп, қолымнан жетектеп,
айналып, толғанып өз үйіме, ортама алып кетер” деген ниетпен ғана алға
ұмтылады. Осы бір әлсіз ғана үміт оны жігерлендіреді, қайрайды, бойына қуат
береді. Кейде санасын арбаған сансыз сұрақтар миын шырмап, іштей өз-өзімен
айқасып жатады. Толассыз сұрақтың түйіні қашан шешілер екен, сірә. Бұл әрбір
тастанды баланың көкейіндегі болып
жатқан құбылыстар…

Бүгінде елімізде туған баласынан безген көкек аналар
қатары артып барады. Балалық шақтың дәуренін емес, кермек дәмін тартып,
анасының ыстық құшағы мен аялы алақанының жылуын сезіне алмай өсіп келе жатқан
қаншама бала бар. Олар балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Перзентінің жанарын
жәудіретіп кете барған, өзі тасбауыр ана атанғандардың жайы өзекке өкініш
ұялатады. Қазақ ежелден жетімін жылатпаған, жесірін тентіретпеген халық.
Алайда, өркениеті дамыған біздің елде жетімдер мен қарттар үйінің саны жылдан
жылға артып келеді. Бұл қоғамның қасіреті, ащы да болса шындығы.

 

Бауыр еті баласын тастап кеткендерді қоғамда көкек ана
дейді. Көкек ана. Бұл ұғым нені білдіреді. Көкек ешқашан ұя салмайтын құс.
Жұмыртқасын өзге құстардың ұясына тастап кетеді. Міне, көкек құс пен көкек
ананың ұқсастығы осында жатыр.

 

Өкініштісі, мына жарық дүниеге келмей жатып, тағдыр
тәлкегіне тастап кеткен анасының қатыгездігін сезініп өскен бала бұл қоғамға,
айналасына деген ызаға булығып өседі. Ерте есейтеді. Әрбір бала үшін «тастанды”
деген сөздің өзі үлкен қасірет. Өзгелердің қол ұшын шошайтып көрсету жанға
өшпес жара салатыны да анық. Қорғансыз баланың зорлық пен қорлық көріп, қоғамнан алыстап қалуы барлық елдерге тән
құбылыс. Бұл үшін күресіп те келеміз. Алайда белгілі бір нәтижеге қол жеткізу
мүмкін болмай тұр.

 

Дегенмен, сәбилер үйінің тәрбиеленушілерінің тағдыры
әрқилы. Бірінің ата анасы жастықтың әсерінен шалыс қадам басып, ақыр аяғы бауыр
еті баласын тастап кетеді. Енді бірі шаранасының өмірге мүгедек болып келгенін
көріп, оны бағып-қағуға шамасы келмейтінін айтып, бас тартады. Енді бірінің
отбасы толыққанды болмағандықтан осындай қадамға барады. Тізе берсе, сан түрлі
сылтау табылары хақ. Алайда, тағдырдың бар тауқыметін жаңа ғана өмір есігін
ашқан шаранасына артып кете баратыны санаға сыймайды.

 

Мәселен, жақында бір танысымның дос қызы махаббаттың
машақатына еріп, жүкті болып қалады. Мұны естіген жігіті ұшты-күйлі ғайып
болады. Теріс әрекетінен сабақ алмаған бойжеткен шаранасын өмірге әкеліп,
перзентханаға тастап кетеді.

 

Ана алақанының жылуын сезінбеген тастанды сәбидің
қатары тағы біреуге артты. Өкінішті, әрине…

 

Терезеге телміріп, анам мені қашан алып кетер екен
деген үмітпен күндерін өткізетін балалар келешектен не күтер екен. Олардың
болашағы үшін кім жауапты? Мемлекет әрбір ата-анасынан айырылған балаға кәмелет
жасқа жеткенше қамқорлығына алып, оқытып, тоқытып, баспаналы болуға жағдай жасайды. Ал, одан кейінгі кезең қалай
боларын ешкім де болжап біле алмайды.

 

Алайда, өзгенің баласын өз бауырына басып, баласындай
бағып-қағып, бар мейірімін аямай, оларды үлкен өмірге қанаттандырып
отырған патронат ата-аналар да жоқ емес,
бар. Бірақ аз.

 

Тілі енді ғана шығып келе жатқан сәбидің «мама…” деп
былдырлай алмайтыны өкінішті-ақ. Айтар-ау, бірақ туған анасына емес. Өзгеге…
Әрбір баланың өз анасы мен әкесі болып, толыққанды отбасында тәрбиеленіп жатса,
одан артық не бар. Жылуды да, жақсылықты да отбасынан іздеген балақайлар үшін
ананың мейірімінен артық нәрсе жоқ.Маңдайынан мейірлене иіскеп, басынан сипап «айналайын” деген сөзі бала
үшін ештеңеге айырбасталмайтын бақыт екені даусыз.

 

Ендеше қазақы дәстүрімізге жат дүниеден бойымызды
аулақ ұстап, өмірде шалыс басатын қадамдарға жол бермеуге тырысайық. Сонда ғана
бала күлкісі өз шаңырағынан естілері анық. «Бала өмірдің базары” деп тегін
айтылмаса керек. Ұрпақсыз мына дүние бос екенін ұмытпайық, ағайын!

 

Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз