ТЕМІР АТ ТІЗГІНДЕГЕН АРУ

72

0

ТЕМІР АТ ТІЗГІНДЕГЕН АРУҚазірде темір тұлпарды тізгіндеп жүрген қыз-келіншектер көп-ақ. Бірақ, такси жүргізуші болып жүрген нәзікжандыларды сирек кездестіреміз. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын такси қызметін көрсететін әйелді көргенімде таңқалғаным бар. Міне, сол уақыттан бері олардың қатары артып келеді. 
Бүгінде қай салада болмасын қыз-келіншектердің қол жеткізген табыстары толағай. Заманына қарай олар да ерлерден кем түспейтін қызмет түрлерін атқарып келеді. Темірден түйін түйген дәнекерлеуші қыздар да, жылқы баққан арулар да, құқық қорғау саласында жүрген әйелдер де бар. Ал, қоғамда соңғы кезде «таксист әйел» деген ұғым пайда болды. Біздің елде бұл қызмет түрінің енгеніне он жылдың шамасы болғанымен, оның тарихы Мексикада ширек ғасыр бұрын басталған деседі. Қызыл түсті көлікке отырған әйелдер бұл елде көпшілікті тасымалдаумен айналысса, одан кейінгі жылдары өзге де мемлекеттерде такси қызметін көрсететін нәзікжандылар пайда болды. Англия, Үндістанда бұл қызмет түрі барынша дамыған. Тіпті балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған аналар, тек қана әйелдер қызмет жасайтын таксилерге тапсырыс беретін көрінеді. 
Қызылорда қаласында  темір тұлпарымен жұртшылыққа қызмет көрсетіп жүрген қыз-келіншектерді жиі кездестіруге болады. Солардың бірі жеті жасынан бастап көлік жүргізуді үйренген Айдана Әділқызы.  Мұнай саласы бойынша жоғары білім алған бойжеткен, бұл қызметке қызығушылықтан гөрі қажеттіліктен келгенін айтады. Ол «Делюкс» деп аталатын арнайы такси қызметін көрсететін мекемеде жұмыс жасайтын ең жас жүргізуші қыз. Мұнан өзге бұл мекемеде алты әйел барын айта кетейік. Арулардың төл мерекесі қарсаңында осы мекемедегі диспетчердің қыздың көмегі арқылы әдейілеп, жүргізушісі әйел таксиге тапсырыс бердік. Ойымыз баратын жерімізге дейін әңгіме тиегін ағыту еді.
–Айдана, келе жатқан мерекеңіз құтты болсын! Такси жүргізушісі болған қиын емес пе? Әсіресе, қыз бала үшін оның қауіптілігі жоғары ғой. 
–Рахмет, Жоқ, меніңше, ешқандай ауырлығы жоқ. Әрине, қауіпті тұстары да бар. Алайда, өзім көлікті жеті-сегіз жасымнан бастап үйренгендіктен, қазір темір тұлпарды ерлерден кем жүргізбеймін. 
–Кім үйретті?
–Әкем үйретті. Өкінішке орай ол кісінің өмірден озғанына биыл сегіз жыл болып қалды. Әкем мұнайшы болатын. Бүгін осы көлік жүргізе білуімнің арқасында өзімнен кейінгі бауырларымды асырап келемін. Анам базарда тұрады. Жұмыс жоқ. Мен де әкемнің жолын қуып, мұнайшы болуды армандадым. Тіпті осы сала бойынша алған жоғары білімім де бар. Бірақ, мамандығым бойынша жұмысқа орналасу мүмкін болмай тұр. Әзірге осы кәсіп арқылы нан тауып жүрген жайым бар. 
–Ең бірінші қандай машина жүргіздіңіз? Қазіргі көлікті кім алып берді?
–Мен «Волганы» жүргізгем. Кезінде сол көлікпен де такси болдым. Мына темір тұлпарды несиеге алдым. 
–Жол-ережесін бұзған кездеріңіз болды ма? 
–Бастапқыда болды. Қазір жақсы жүргіземін.
–Таңғы сегізден, кешкі сегізде дейін көліктің рөлінде отыру оңай емес. Оның үстіне түрлі мінез-құлықты жолаушылармен кезігесіз. Олармен қалай тіл табысасыз? Есте қаларлықтай қызықты оқиғалар болды ма? 
–Иә, бізге түрлі мінезді жолаушы мінеді. Кейде масаң күйде  мінетін адамдар болады, амал жоқ солардың «тілімен» сөйлесуге тура келеді. Көпшілікпен араласу арқылы психолог болады екенсің. Үндемей отырғаннан, әңгіме айтып барсаң жолаушы да баратын жеріне қалай тез жеткенін білмей қалады. Ал, тұрақты мінетін жолаушылар өзіміздің жақын туысымыздай болып кеткен. Қызықты оқиғалар болып тұрады. Мәселен, өткенде бір жолаушы дүкеннен заттар алған. Мен де оның заттарын салысып болып, жүре бергенім сол еді. Артыма қарасам, жаңағы жолаушым көлікте жоқ. Сөйтсем, асыққаным соншалық затты салып, адамды ұмытып кетіппін. 
–Біздің білуімізше, мұндай компанияда жұмыс жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі, тәртіп қатал. Диспетчердің айтқанына бағынып, жолаушыны діттеген жеріне уақытылы жеткізіп, әрі оның қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды талап етеді. 
–Дұрыс айтасыз, ең бірінші қойылатын талап та сол. Өйткені адам өмірі, оның қауіпсіздігі бірінші орында тұрады. Біз күндізгі және түнгі ауысыммен кезектесіп жұмыс жасаймыз. Кейде түнгі ауысымға шығамын. Мереке күндері тапсырыс тым көп түседі. Күніне 10-15 шақырту болады. Сондай кездері үздіксіз қызмет атқарамыз. Ал, жай күндері біз өз ыңғайымызға қарай жұмыс істейміз. Жеке шаруалар шығып қалса, сұранамыз. 
– «Қыз мұраты– кету» деген сөз бар ғой. Тұрмыс құру жайлы ойланбайсыз ба?
–Бұйыртса, көрерміз. Құдай қаласа, болар. Анамның да тілегі сол.
–Мерекеде жұмыста боласыз ба? 
–Иә, әрине, осындай мереке күндерін пайдаланып қалу керек. Тапсырыс көп түседі.
Міне, біз де діттеген жерімізге келіп қалдық. Небәрі он бес минут ішінде Айдана жайлы біраз мағлұмат алдық. Жол үстінде менің қойған сұрақтарыма жауап бере отырып, телефон желісінде отырған диспетчер қыздың да берген келесі тапсырысын қабылдап үлгерді. Қаланың барлық көшесін, ондағы мекемелерді, үйлерді жылдам тауып бару үшін географиялық картаның көмегіне жүгінеді екен. Кезекті шақыртуға асығып кеткен бойжеткеннің тындырымды тірлігіне іштей риза болдық. 
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз