ТЕМІРЖОЛДА ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІП БОЛУЫ ҚАЖЕТ

47

0

Теміржол көлігінде қозғалыс
қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптары мен темір жол көлігі және жолаушылар
тасымалы саласында көрсетілетін қызмет сапасы қатаң бақылауда болады. Қызылорда
облысының әкімі Қырымбек Көшербаев осындай талап қойып, шойын жол бойындағы өзекті
мәселелер талқыланған жиналыс өткізді.

«ҚР Инвестициялар
және даму министрлігі Көлік комитетінің Қызылорда облысы бойынша көліктік
бақылау инспекциясы» РММ-нің қадағалау аймағында 1336 шақырымды құрайтын шойын
жол бар. Биылғы 5 айда 108 рет локомотив машинистері тежегішті шұғыл басқан.
Оның 38 жағдайы темір жол бойына адамның, 70-і малдың кедергісінен болған.

Темір жолдың
техникалық талаптары да сақталмай отыр. Өткен жылы 3 вагон, ал биыл 2 тепловоз
және 4 вагон рельстен шығып кетті.

Облыс аумағында жұмыс
істейтін ірі кәсіпорындардың меншіктеріндегі кірме жолдардың күтіп-ұсталуы,
жөндеу жұмыстары өз деңгейінде емес. Жол бойындағы тазалық мәселесі де тасада
қалып келеді.

Аймақ басшысы
теміржол көлігі жолаушылар мен жүк тасымалы үшін өңірдегі қатынас пен
тасымалдың негізгі түрі және облыстың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы үшін
маңызды екенін атап өтті. Сондықтан темір жол көлігі саласындағы апаттық
жағдайлардың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.

Мәжілісте тиісті
сала басшылары мен аудан әкімдері осы саладағы проблемалық мәселелерді көтерді.
Теміржол өткелдерінің қажеттігі мен шойын жол бойындағы жабайы сауда,
жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасының төмендігі де айтылды.

Облыс әкімі мәжіліс
қорытындысы бойынша теміржол өткелдерінің жаңа жобасын әзірлеуді тапсырып,
көтерілген мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, аз уақытта шешілуін өзінің
бақылауына алатынын айтты.

– Теміржол саласына
қатысты сын-ескертпелерді «Қазақстан темір жол» АҚ-на ұсынамыз. Сөйтіп бірге
жұмыс істейтін боламыз. Барлығы халық игілігі және мемлекеттің мүддесі үшін
жасалуы қажет. Темір жолға темірдей тәртіп орнатылуы қажет, – деді облыс әкімі.

ЫдырысТәжіұлы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз