Теңізбен бірге тыныстау

1896

1

Үшінші күн

«Еламан» кетті дегенше…

Қаратереңге барғанымызда ауыл әкімі Серікбай Жұбаниязов пен бала күнгі дос Ерболат күтіп алды. Қос­жар­дан тәмамдалған сапарды кеш батқан соң доғарғанбыз. Азанда «Ақ­лақ» су тоспасы мен «Көкарал» бө­гетін көзбен көрмекпіз.

Ерболат ауыл әкімінің қызметтік көлігін тізгіндегелі біраз болған. Одан бөлек, әкесі Бақтыгерейден көрген ба­лықшылық өнері де бар. Бала күннен сіңген әдет оны сенбі, жексенбіде үйде жатқызбайды. Енді міне, біз келеді деп қара қазанға балық қуыртып, екі кештің ортасында қонақ қылып күтіп жатыр.

– Теңіздің тыраны майлы. Соны­сы­на қарамай қылтығы көп. Майда тікенін абайларсың, – дедім әріптесім Нұрболатқа.

– Бүгін жеп жүрген жоқпыз ғой. Осылай деді де, семіз шабақтың ба­сын омырған күйі алдына қарай тартты.

– «Еламан» сүйекті байқа…

– Ол не еді?!

Расымен ол не еді? Қандай сүйек? Ойыма балықшы ауылдан естіген әң­гіме келе берген…

Әңгіменің әлқиссасы балықтан бас­талды емес пе? Балықта «еламан» деген сүйек бар. Сағалдырық тұсында болады. Ортасы жалпақ, екі жағы үшкір, ұзындығы екі-үш елідей, жал­пы балық көлеміне қарай өлшене береді. Сіз тікені бар деп тыжырынып жемейтін балықтың басқа сүйегі тамаққа кетсе, не әрі, не бері, әйтеуір, шығарып аламыз. Ал, мына еламан сүйек кетті дегенше… Еліңе сәлем айта бер! Беті аулақ, бірақ бұл бәле өңешіңізге байқамай кетсе, жұтынған сайын тамаққа қадала беретін көрі­неді. Түбі ажалға әкелетін осы сүйекке бола халық арасында балықтан тағам істесе, қонаққа шақырмайтыны сон­дықтан…

Қаратерең ауылы

Бұл өткен дәуірдің әңгімесі. Тың­даңыз. Теңізге жақын орналасқан ба­­лық­шы ауылға қыз айттырып, алыс­тан құдалар келіпті дейді. Кел­ген қонақ­тарға таңсық ас – балық дайындалған көрінеді. Дәмді балық­қа құдалар сүйсіне қол созып, ет же­гендей еңсере бастайды ғой бая­ғы. Сол кезде әлгі қызға келген кү­йеудің тамағына балықтың сүйегі байқаусызда кетіп қалыпты. Ол байғұс қақалып-шашалып қинала бастаған. Мұны көрген ел әбігерге түсіп, улап-шулап, істемеген амалдары қалмайды. Сол кезде ұзатылғалы отырған ба­лықшының қызы, қалыңдық келіп, күйеудің алдындағы жеген балы­ғының сүйегін аударыстырса керек. Сөйтсе, әлгі еламан сүйек жоқ. Бағы ашылмаған қыз сол жерде сылқ етіп отыра кетіпті. Қадалған жерінен шық­пайтын сүйектің жайын білетін балықшы ауылдың қызы болашақ күйеуден күдер үзіп, «Еламан сүйек кетіпті, еліне сәлем айта бер» деп көз жасын төге берген көрінеді. Міне, бір ауыз сөздің тарихы осы.

Айтпақшы, үлкендерден мынадай бір естіген дерегім бар. Ілгері уақыт­та бір ағамыздың тамағына осы сү­йек кетсе керек. Аласұрып жатқан кісіге көпті көрген бір ақсақал ауыл ішінен бауырын жаңа көтерген иттің күшігін алдырыпты. Сөйтіп, тез арада әкелген күшіктің тұмсығын әлгі қақалған  кісінің аузына әлсін-әлсін тығып алатын көрінеді. Сәлден соң сол ағам қан аралас сүйекті жерге түкіре салыпты. Солай жаны қалған. Сонда қалай дейсіз бе?! Бабаң «же­ті қазынаның» біріне қосатын ит шір­кіннің демі мен сілекейінде сүйекті ерітіп жіберетін қасиеті барға ұқ­сайды. Ғажап, ә?! Бала күнімде ес­тігенім ғой.

Ел аман болсыншы!

Көкарал сағым болып көріне ме?!

Мұндай ауыл, әңгіменің ашығы

Теңізбенен егіз дер ем, әсілі.

Бабасынан баласына ертеден

Мұра болған балықшылық кәсібі.

Ауылды өстіп ойлай қалсам кейде осы,

Көз алдымда балықшының бейнесі –

Балықшы елдің желбірейді туындай

Көк теңіздің иісі сіңген жейдесі.

Ақын Ержеңіс Әбдінің «Балықшы ауыл» өлеңінен үзінді

Сапардың үшінші, яғни түйінделер күні Қаратерең маңында аялдадық. «Ақлақ» су тос­пасын көзбен көріп, 30 шақы­рымнан әрі «Көкарал» бөгетіне бардық. Ашық теңіз үстіне шығып, сонадайдан кө­рінген, уақытында теңіздің тасып, жа­рына шапши соғар көлденең жатқан аралды да тамашаладық. Оның «Көк­арал» деп аталуы да сол себепті, ұзынша жатқан көк қырат еді.

…Көкарал сағым болып көріне ме?

Елдегілер көруге оны еріне ме?

Көлдайдың ұлтанынан балық шығып,

Сары сазан баяғыдай семіре ме?

Жергілікті халықтың аузында қалған осы шумақты соғыста жүріп жаз­ған балықшы жігіттің сағыныш хаты деп естиміз.

Қаратерең маңайынан басталған теңіз ұлтаны Баянның құмы, Тоқпан, Ұзынқайыр, Қасқақұлан, Ұялыға қарай жалғаса береді. Одан соң Қызылдың құмы басталады.

Кіші Арал

Біз айтып кеткен жерлерде ел отырған. Аңыз ауылдар болған деседі. Толқыны тулаған теңізден асау ба­лықты ескекті қайықпен аулаған байырғы балықшы ағайынның құтты мекені бұл. Аралдық абыз ақсақал, журналист Шәкірат Дәрмағанбетов туған өлке еді. Елге сыйлы, көнекөз қарияның өзі айтқан «қара жайын оқиғасы» да осы маңайда болған. Ол жайлы бөлек жазылар. Біз осындай елге қайыр қылған ерлердің кіндік қаны тамған дарияның төменгі саға­сында жүрміз.

– Мына теңізге құяр сағада «Үш аша» дейтін жер атауы бар. Да­рия­ның тармақтала аққан саласы ғой. Күркіреуік, Көлдай, Шөгірлі деп бө­лініп жатады. Балықтың жатағы бол­ған. Осы құяр сағада балықтың ең тәуірлері мекендегенін айтады көне­көздер.

Бұның бәрінде халық отырған. Үл­кен ел болған ғой. Сырттан көшіп келу­шілер, түрлі ұлт өкілдері қоныс­танғанға ұқсайды. Теңіздің арғы басы Ақеспеден пароходпен шыққан ха­лық Ұялыға ке­ліп, қатынасты үзбей оты­рыпты, – деді ауыл әкімі жол үстінде Серікбай Жұбаниязов.

Біздің білетініміздей, «Көкарал» бөгеті Балтық теңізі арқылы ғылыми өлшеммен алғанда 42 метр деңгейде Кіші Аралдың суын ұстап тұр. 2005 жылы пайдалануға берілген бөгетті инженерлер әдейі толқын тікелей соқпайтындай етіп, жағасын жайпақ етіп жасаған. Ал су белгіленген дең­гейден асса, «Көкарал» тоспасы арқылы босатылып, Ұлы теңізге құйылады. Егер «САРАТС-2» жобасы басталса, бұндағы бөгеттің биіктігі қайта көтерілмек. Сол кезде су деңгейі бұдан да жоғарылап, Кіші теңіз Арал қаласының қасына баратын көрінеді. Осыдан соң балықшы жұрт­­тың жағдайы жақсарады деген се­німнің нығая түсері анық. Ал бірінші жоба бойынша салынған бөгеттің биіктігі шамамен 3 метрден жоғары, ал ұзындығы 13 шақырымнан асады.

Көкарал бөгетіндегі аққулар

Бөгет басында облыстық орман шаруашылығы мен жануарлар дүние­сі аумақтық инспекциясының Арал бөлімі басшысы Есенбай Есіркеповті кезіктірдік. Табиғат сақшысының өзіне тиесілі көл мен теңіздің байлығын қорғауда күні-түні серіктерімен бірге көліктен түспейтінін байқайсыз.

– Аралда 25 түрлі балық кездеседі. Осының ішінде Кіші Арал теңізінен 12 түрін аулауға рұқсат берілген. Рейд барысында табиғат мүлкін талан-таражға салуға жол бермейміз. Біздің бөлімдегі мемлекеттік инспек­торлардың саны штаттық тізім бо­йынша 11 адам. Қазір тоғыз инспектор жұмыс атқаруда.

Биыл теңізден балық аулау ли­миті төмендегені рас. Біздің Кіші теңіздің өлшемі – 328 мың гектар. Бір гектардан 21 келі балық аулауға рұқсат. Онда да бір жыл ішінде. Сонда 6 мың тоннадан астам балық аулануы керек. Бұның өзі ең жоғарғы көрсеткіш болып отыр. Өйткені, су тұрақтамай тұр. Жылда деңгейі түсіп келеді, – дейді Есенбай Есіркепов.

Кеңес одағы кезінде Қаратерең, Бө­ген елді мекендерінде балықты қа­­былдайтын және өңдейтін база­лар бол­­ған. Одақ тараған соң жұмы­сын тоқ­татып, кейін ыдыраған ша­р­уа­­­шылықтың орнына жеке үйлер са­­лы­ныпты. «Көк­арал» бөгеті түсіп,  Кіші Арал теңізінің суы тұрақтал­ған соң, ба­лығы көбейген Кіші Арал он сегіз учас­кеге бөлініп, жеке кә­сіпкерлерге облыс әкімінің шеші­мімен бекітіліп беріліпті. Қазір бұ­­лар­дың ұзақ мерзімге алған өз ие­лері бар деген сөз. Балықшы қауым осы кәсіпкерлерге жұмысқа тұрып, теңізде бұрынғыша балық аулайды.

–  Теңіздегі әр учаскеде қырық ба­лықшы, 20 қайық болу тиіс. Сондай-ақ екі жылым, екі кеме салуға рұқсат етіледі. Қытай ауына тыйым салынған, тек капрон жіптен тоқылғаны керек. Көл мен теңізден мамырдан бастап 10 маусымға дейін, қырық күн балық аулауға болмайды. Қалған уақытта қолында рұқсаты бар адам көл мен теңіз учаскенің иелеріне балықшы болып тіркеліп, жұмыс істейді. Жер­гілікті тұрғындар осылай судан ба­лығын аулап, кәсіпкерге өткізіп, тиісті ақшасын алып жүр, – деді тағы бір сөзінде Е.Есіркепов.

Теңіздегі табиғат қорғау сақшылары

Мамандардың пікірінше, балық қорының табиғи көбеюіне судың ке­ліп-кетуі көп әсер етеді. Шағын көлдердегі су тұрақты болмаса, балық өспейді. Бір ғана мысал, мамыр айы – уылдырық шашатын кез. Бұны жергілікті халық «ойын балықтың уақыты» деп те жатады. Балық өз уылдырығын жиекке келіп, таяз су­да шашады. Жиектегі судың жылы бо­латыны белгілі. Ал су құйылмай, көл бір күнде 10 сантиметр жағасы құрғап тұрса, онда шашқан уылдырық құрғақ жиекте қалып, одан шабақ өнбейді.

Тарихи деректер Сыр өңірі 60-жыл­дары балық шаруашылығы бо­­йынша рес­публикада алдыңғы қа­тар­да болғанын айтады. Жылына 55-60 мың тоннаға дейін балық ауланған. Кейін теңіз тартылды. Балық аулау божырай бастады. Тіпті, балық аулап, оны өңдейтін кәсіпорындар мен ­ша­р­­уашылықтар жабылды. Балық­шы­лар басқа өңірлерге көшіп кетті.

Теңіз суының тұздылығы 30 мгр/л дейін өсіп, балық аулау мүлдем тоқ­тайтын деңгейге жеткенін мұнда еш­кім де ұмытқан жоқ. Бір ғана мысал, 2000 жылы Солтүстік Арал теңізінен бар-жоғы 400 тонна балық ауланды. Онда да бір ғана түрі, камбала балығы еді.

Елбасының тікелей бастамасымен жүзеге асып, ғасыр жобасы атанған «САРАТС-1» жобасынан кейін мұнда тіршілік жанданғаны рас. Балық қоры молайып, кейбір азайған түр­лері қайта көбейген. Теңізде бұрын жо­ғалған 14 түрлі балық қайта көрінді. Соның арқасында байып кетпесе де, біршама жұрт тұрмысын түзеп қалды.

Қазір ауданда Кіші Аралдан бө­лек 20 көл бар. Соның 17-сі табиғат пайдаланушылар иелігінде. Бір жылда Кіші Арал теңізінен 6872, «Қамыстыбас» жә­не «Ақшатау» көлдер жүйесінен 185, «Примор» көлдер жүйесінен 37, бар­лығы аудан бойынша 7094 тонна балық аулау лимиті бекітілген.

Балықшының бақытын бұзбайық десек…

Теңіз ашылып, балық аулау мау­сымы басталса «сезон ғой» деп сөй­лейді мұндағылар. Теңіз маңайын жағалай қоныстанған Қызылжар, Аманөткел, Бөген, Қарашалаң, Қара­терең, Жаңақұрылыс, одан берірек жатқан Қазалыға қарасты Бекарыстан би ауылының жігіттері қара қайығын көлікке тиіп, сонда аттанар. Атасынан қалған қара қайықтың ескегін қо­лынан тастаса, өздерін кінәлі сезі­нетіндей.

Мұнда қоныстанған жігіттер нәпа­қасын көк теңізден осылай айырады. Шүкір ғой. Сол шүкірдің панасында жүріп, Құдай мен тәуекелден басқа серігі жоқ, мұздыаяқ күйде қара қай­ратымен жүрген балықшы қауым жайлы жолсапар осылай жазылды. Менің білетінім, олар қайық тұмсығы суға түскеннен бастап, торлы ауды теңізге «біссімілләсіз» төкпейтін, «не­сібем адалынан» дейтін халық. Кейде аудың көзі бос қалмайды. Кейде бұйырғанын алып қайтар. Әйтеуір Арал-Ана жердегі пендесінің қолын құр қайтармауға тырысады.

Ұлы теңіз бен Кіші Аралдың арасы

Бірақ, кейінгі жылда су тапшылығы анық сезіліп тұр. Оны көзімізбен көр­дік. Қамбаш көлі жағалаудан 300 метр алыстаған. «Ақшатау» көлдер жү­йесіне су там-тұмдап қана келуде. Ал Кіші Арал өзінің бұрынғы жағасы­нан 500 метр төмен түскен. Басты себеп – бәріне түсінікті. Көлдерге өз мөлшерінде су түспеді. Сырдарияның сиқы жүдеу. Бұрын арқырап жатпаса да, арынынан айырыла қоймаған өзен былтыр ерекше тартылды. Тіп­ті, өзеннің қақ ортасынан құм­шауыт аралдар пайда болып, кейбір жайпауыт тұстан адам да, мал да кешіп өте берді. Таңғалдық. Ең қиы­ны, диқандар судан тарықты. Сыр­дарияны сарқып алғандай қылып, егіске суды әупірімдеп жеткізгендей болдық-ау.

Жолда жүріп ұққанымыз, теңіз ма­ңайындағы халықтың бар арманы – су. Теңіз жағалай жатқан жұрттың тілегі сол ғана. Әйтпесе, Қамбаш тұрмақ, Кіші Арал идеясының шаруасы шатқаяқтап кетуі мүмкін. Рас, дария арнасынан су үзілмесе, тіршілік те болады. Балықшы ағайынға нәпақа да жетер еді. Шыны керек, олар атадан қалған кәсіпті қимайды. Қара қайықтың күнге қақсығанын көргісі келмейді. Сырдария құрғамаса, Кіші Аралдың қарқыны қайтпаса деген тілектен өзгені көре алмадық мұнда.

Теңізбен бірге тыныс алған жұрттың тілегін аманат қып арқалап, кейін қайт­қанбыз. Аманат қағазға осылай түсті.

Тартылған теңіз жағасы

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<